ТАРПАҢ МІНЕЗДІ ТАЛАНТ

Ұлы арналы өзендер теңіз-мұхиттарға құйса, адам өмірінің өзені адам өміріндегі екінші мәңгілік мұхитына құяды. Бұдан 75 жыл бұрын дүниеге іңгәлап перзент келгенде қуаныштан топырағы бұрқ ете түскен Нарын бұдан он жыл бұрын сол нәрестеден өскен алыптан айырылғанда, аспанына қара бұлт бүркеніп, қайғының құшағында қалған еді. ОларқалыақынНұралыӘжіғалиұлыболатын. Әйтседе, ақындатектуғанкүнболады, жарықдүниеменқоштасқанкүнболмайды. СондайелінжүрегіжарыласағыныпжүретінақынНұралыныңтуғанынабүгін 75 жылтолыпотыр.

Нұралы Әжіғалиұлы 1939 жылы 23 қыркүйекте бұрынғы Гурьев облысының Новобогат ауданына қарайтын Бабан ауылында тұратын қарапайым колхозшының отбасында дүниеге келген.

1946-1956 жылдары орта мектепті бітіргеннен кейін, 1956 жылы Гурьев мемлекеттік педагогика институтына түсіп, оның филология факультетінде оқыған. Жоғары оқу орнын қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша тәмамдаған Нұралы біраз жыл облыс мектептерінде жұмыс істейді.

1962-1966 жылдары комсомол қызметінде хатшы, газет редакцияларында журналист болған. Одан кейінгі жылдары да түрлі лауазымда жауапты қызметтер атқарады.

1982-1997 жылдары Нұралы Әжіғалиұлы «Білім» қоғамының әртүрлі ұйымдарында, облыстық мұражайда басшылық қызметтерде болды. 1997-99 жылдары «Атыраукиновидеопрокат» облыстық кәсіпорнының директоры болып жұмыс жасайды. Нұралы зейнеткерлік жасында жүрсе де, шығармашылық еңбектен қол үзбеді. Өмірінің соңғы кезіне дейін «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» редакциясының бас редакторы, облыстық «Атырау» газетінің редакциясында журналистік мамандықта жемісті жұмыс істеді.

Нұралы – ақындығымен елге танылған талант. Нұралымен Гурьев педагогика институтында бір курста, бір топта бірге оқыдық.

Атырау қаласындағы Москва көшесінің бірінші үйінде әбден 5-ші курсты бітіріп, қолымызға диплом алғанша осы ғимаратта дәріс тыңдадық. Бұл корпус Қазан төңкерісінен бұрын көпес-тердің балаларын оқытатын гимназия болыпты. Ғимарат екі қабатты, бірнеше дәрісханасы бар. Мұнда филология факультеті ғана орналасқан еді. «Широкий профиль» деп аталатын бөлім қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті деген мамандық береді. Мұғалімдеріміз – екі ұлт өкілдері, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығын беретін – өз жерлестеріміз, қазақ мұғалімдері, орыс тілі мен әдебиетінен дәріс оқитындар Ресейден келген орыс ұлтының өкілдері болды. Құрамымызда негізінен ауылдан келген ұл-қыздар, бірен-саран қалада тұратындар бар.

Оқуға түскен елу баладан бітіргенде 37 адам қалдық. Бұлар Ұлы Отан соғысынан бұрын дүниеге келіп, соғыс зардабын тартқан бір кездегі балалар еді.

Теңіз толқыны мен дөңесі дауылдар соққанда айқын көрінеді. Жылдардың буырқанған толқындарының дөңесіндей болған талантты жастар қазақ әдебиетінде 50-60 жылдарда көрінуі де заңды құбылыс сияқты.

«Жас қалам» атты әдебиет үйірмесі осындай жастардың басын біріктірді. Үйірме жетекшісі әдебиетші-ғалым Ермек Өтебаев ағамыз еді. Бұрынғылардан Әбубәкір Хайдаров, Махамбет Оңдағанов сияқты болса, біздерден Фариза Оңғарсынова, Нұралы Әжіғалиев, Данияр Жәрдемов, Қырықбай Бекбаев, Ермек Қабдолов, кейінгі курстардан Көпжасар Оспағамбетов, Қаздандай Қосжанов, Сайком Еділханов, Күзембай Әміров, Төлеген Жаңабаев, Аманқос Ершуов, Шабаз Иманалиев, Шора Тәжімғалиев және басқалар қатысты.

Әдебиет үйірмесінде жазған шығармаларымызды бір-біріміз-ге таныстырып, оқып, ақыл-кеңестер алып, пікірлесетінбіз. Жетекшіміз кемшіліктерімізді көрсетіп, өңдеулер жасау керектігін айтатын.

Солардың ішінде екі талант өсіп келе жатқанын, әрине, біз білмедік. Олардың біреуі – Фариза, біреуі Нұралы еді. Екеуі де өлең талдауға келгенде, Нұралы да, Фариза да өлең жазбағандарын ескертетін. Нұралы «өлең жоқ» деп кесіп бір айтатын да, Фариза: «Тіпті ештеңе жаза алмай жүрмін, неге екенін білмеймін» дейтін. Менің ойымша, бұл жерде Фаризаның қызға тән ұяңдығы жеңеді-ау деймін. Кейін алғашқы «Сандуғаш» атты жинағының көпшілік өлеңдері студент кезінде жазғандары болып шықты, оны жазылған жылдарының көрсетілуінен білдік. Ал, Нұралының «өлең жоқ» деуі шындық. Себебі, ол кездегі Нұралы өлеңдері бірер шумақ болып жататын да, оны ол қойындәптерлік деп, халыққа көрсетуге жарамайтын өлең деп білді. Және бір байқағаным – шығай-тоғайда болмаса, Нұралы сол шумақтарын да жарияламайтын. Кейде суырып салып, айтып жүре беретін. Ол да – қысқа, экспромттық өлеңдер. Солардың өзін қағазға түсірмейтін.

Нұрекеңмен мен дос болдым. Екеуміз жақсы сырласатын едік. Әртүрлі ғұмырлық мәселелер жөнінде әңгіме шертетінбіз. Бір қасиеті – көп адаммен шүйіркелесе бермейтін. Бір күні мені оңаша шақырып алып, бір хат көрсетті. «Қыздың хаты» деді. «Асықпай өзің оқырсың, бірақ кері қайтарасың» деді. Сабақ кезінде бергендіктен, мен оны үйге алып барып оқыдым. Хаттағы мөлдіреген керемет әдемі жазулар көз тартты. Ал, мазмұны – төгілген сезім. Өзі ұзақ. Хат жылап отырып жазылған. Ол кезде сұйық күлгін сиямен жазамыз. Көздің жасы хаттың бетіне тамған, сондықтан кейбір әріптер бұлдыр, бірақ қандай әріп екенін сөз мағынасымен анықтауға болады. Мен бұл хаттың мазмұнына таң қалдым. Хаттың адресі белгісіз. Нұралы кім екенін айтпады. Жұмбақ қыздың басқа да хаттарын бірнеше дүркін оқытты. Кейінгі хаттарда өкпе-наз барын байқадым. Нұралыдан жауап жазған-жазбағандығын сұрағанымда, ол жауап бермегенін айтты. Бұл да мен үшін жұмбақ болды. Ал, Нұралы ол қызға деген жауабын қойын дәптеріне өлеңмен жазды. Бірақ, оны да берген жоқ. Өлеңдері өте қысқа, бір-екі шумақтан аспайтын. Бұл ешкім білмейтін сыр еді. Қыздың кім екенін кейін білдік. Нұралының алғашқы махаббаты осы болатын. Ғұмыр берсе, осынау ғашықтар туралы дастан жазармын деп ойлаймын.

Нұралының мінезі ерекше жаратылған жан болатын. Өте пысық, тарпаң мінезді, бірақ ашық, айтарын күлбілтесіз айтып тастайтын. Ақкөңіл, ешкімге жамандық ойламайтын. Кемшілігіңе күйініп, жетістігіңе сүйініп отыратын. Курстастарының бәріне адал көңілмен қарым-қатынас жасайтын. Ренжіген адамына қатты ашуланатын. Бірақ, қайтымы жылдам болатын.

Нұрекең бойында керемет бір тасқын күш барын байқадым. Не деген сезім, не деген бұла күш. Ол бойындағы сол тасқынды қайда қоярын білмейтін. Алдыңда тау тұрса, тауды аударып тастайтындай жойқын күші бар сияқты. Мұндай қасиет бірге оқығандардың ішінде тек Нұралыда болды. Тарпаң мінез, бұла күш көзсіз ерлерде болады. Нұралы шын мәнісінде «көзсіз ер» еді. Ештеңеден тайсалып, ештеңеден қорықпайтын.

Ол сабақ үстінде дискуссия, талас тудырып отыратын. Нұралының мұғалімге кенеттен қойылатын сұрағы мұғалімді де, бізді де елең еткізетін. Содан соң-ақ әркім әртүрлі пікірлерін айтып, мәре-сәре болатын. Бұл Нұралының ой ұшқырлығы, фантазиясы деп бағаладық.

Институт бітіргенше, Нұралының газет бетінде басылған шығармасын көргенім жоқ. Шығармаларымыз облыстық газеттің «Әдебиет бетінде» жарияланатын еді. Өте сирек жазды және өлеңдерін жариялауға жарамайтын дүниелер деп есептеді-ау деймін.

Институт бітіріп, жан-жаққа шашылдық. Нұралы әуелі Мақат ауданы мектептерінде, ұмытпасам, Байшонаста істеген сияқты. Содан кейінгі жұмысы – Жылыой мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті, осы ауданның комсомолының хатшылығы. Мұнда жүргенде Нұралы актерлік өнерімен де көрінді. Жылыой аудандық халық театрында көптеген драмалардың басты рольдерінде ойнап, Алматыда аудан драма үйірмесінің «халық театры» деген атаққа ие болуына күш салды. Бұл кездерде актерлігімен дүрілдеді. Мектепте сабақ бергенде, орыс әдебиетінің небір дүлдүлдерінің жырларын жатқа оқып, оқушыларын таң қалдырса, театрда көрермендердің аузын аштырды.

Ал, өлең қайда дегенде, 60-70 жылдары анда-санда баспасөз беттерінде жылт етіп көрініп қалатын. Өте сирек. Ол – тумысынан ақын болатын және тек шабыттанғанда ғана жазатын. Бірде, 70-ші жылдары-ау деймін, қабырға календарында Нұралының «Көздер» деген өлеңі жарияланыпты. Тамаша өлең екен. Жыртып алып, дәптер арасына салып қойып едім. Соны жоғалтып алдым. Ал сол өлеңді жинақтарынан кездестіре алмадым.

80-ші жылдардан бастап, ақындар айтысына қатысып, республикаға ақындық аты жайылды. Оның білекті сыбанып, дендеп өлең жазғаны – сексенінші жылдардың орта кезі. Оның қолымыздағы жырлары өмірінің соңғы 20-25 жылдар бойына жазған жырлары ғана.

Ал, еліміз егемендік алғаннан кейін өлеңдердің неше шұрайын тудырды. Осы жылдар ішіндегі жырларының саны – 220 шақты. Жазған жыр жолдарымен есептесек, жеті мың жол екен.

Десе де, Нұралы Әжіғалиев жалт етіп баспасөзде, жарқылдап ақындар айтысында, тебіреніп арқалы топ алдында өлең оқып көрінгені болмаса, алпыс жасқа таянғанда ғана оқырмандардың өздерінің қолдауымен аудандық баспадан шағын жинағы жарық көрді. Содан кейін республикалық «Арыс» баспасынан 1999 жылы «Тағдырым осы таңдаған» жинағының шығуы ақынды бүкіл елге танытуға мүмкіндік жасаса, 2000 жылы жарық көрген «Беу, дүние» өлеңдер кітабы, «Жазушы» баспасынан 2002 жылы шыққан «Таңдамалы» жинағы оның қандай ақын екенін анықтай түскендей. Осы жинақтарымен Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданды. Махамбет атындағы сыйлықты да алды.

Өмірінің соңғы жиырма шақты жылында болмаса Нұралы бұрын қаламын өте сирек ұстады деуіміздің мәні тереңде жатыр. Өмірдегі жалғандық, жаттандылық, өтірік көлгірсушілік, жағымпаздық, аярлық, бірқалыпты самарқау тіршілік, аяғыңды аттатпай өкшелеген құрсау ақынды мезі етті. Жарқын болашақ – коммунизмнің де төбесі көрінбеді. Түңілдірді. Қайсар ақын мұндай өмірдің ырқына көнгісі келмеді. Үкіметті, партияны, комсомолды мақтап өлең жаза алмады. Бірақ, өзін қанша тежесе де, ұшуға жаралған қыран бәрібір көкті аңсады. Поэзия аспанында шарықтап, көкірегінде қордаланған, жабағыдай ұйысып, қалыңдай берген ой оның жүрегін вулкандық жарылыстарға душар етті. Ішкі ақындық үн өз ырғағын өрлетіп, іштей түлеп, өсе түскен-ді. Себебі, ол шынайы ақын болатын.

Айтамыз біздер ақын деп,

Адамды шоқ боп маздаған

Ақынға керек ақыл көп,

Асаулық керек аздаған,-деп Қадыр Мырзалиев көрсеткен қасиеттер Нұралының бойында артығымен бар болатын. Нұралы тек шоқ болып маздап қана қоймайды, лапылдап жанады. Нұралының ақылы да жетерлік. Нұралыда асаулық аздап емес, молынан болатын. Нұралы – өз мінезін өлеңге көшірген ақын. Үлкен әдеби мектептің сабағын қан тамырларына дарытқан. Ол – халық поэзиясының мектебі, Махамбет поэзиясының мектебі, ол – Қасым мектебі, ол – Хамит мектебі. Өзге ешкімге ұқсамайтын, өзімен табиғаттас мектеп ерекшелігін бойына сіңірген Нұралының өз ақындық мектебі де шәкірттеріне есігін айқара ашып тастады.

Нұралы өлеңдерінде ой мен сезім қыранның қос қанатындай бірі артық, бірі кем сермелмей, қыран-жырды оқырманның шың іспеттес жүрек биігіне жеткізді. Оның өлеңдерінен біреулер әлдеқашан айтып кеткен ой да, тіркес те таба алмайсыз. Бәрі өзінікі, әр шумақ «мен Нұралы жырымын» деп атой салып тұрады. Әрдайым тапқыр сөз, тың ойға кенелесіз. Нұралы өлеңдерінің дені әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Адам тағдыры, туған жер, ата-ана, бала, еңбек, тарих тамыры, достық, махаббат лирикасы да қомақты. Нұралы өлеңінің шынайылығы, пәктігі, сонылығы, ыстығы, екпіні жүрегіңізді дүрс-дүрс соқтырып, сезіміңізді сілкілейді.

Нұралының басқа ақындардан «айбергеновтік» ерекшелігі – өз өлеңдерін жатқа білуі. Ол Сергей Есениннің түгелге жуық өлеңін жатқа айтатыны сияқты, өз өлеңдерін жатқа соғады. Бұл – үлкен феномендік.

Нұралының көп ақындардан тағы бір артықшылығы – өлеңді шебер оқи білуі. Ақын жүрегінде тыңдаушысын табындыратын үн, құлақ кілтін ашып, адам психологиясының жай-күйін ұғып отыратын, қалай әсерлендіру керектігін білетін тамаша қасиет болды.

Нұралы поэзиясында әр сөздің астарында асыл белгілер кездеседі.

Бүгінгі күндері біз Нұралының туғанына 75 жыл толғандығын ат-ап өтіп отырмыз. Арамызда Нұралы жоқ дегенге сенгің келмейді, себебі, оның жырлары біздің жанымызды тербей бермек.

Қадыр ЖҮСІП,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз