ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТӘРТІБІ БАР

Еліміздің экологиялық кодексінің талаптары бойынша табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсат алуы міндеттелген. Алайда, бүгінде бірқатар меншік иелері бұл заңдылықты сақтамайды. Осы орайда эмиссияға рұқсат алудың тәртібін ұсынуды жөн көрдік.

 

Жылжымалы көздерден туындайтын ластағыш заттардың шығарындыларын қоспағанда, қоршаған ортаға эмиссияларды экологиялық рұқсатсыз жүзеге асыруға тыйым салынады.

Өз меншiгiнде өндiрiстiк объектiлерi бар табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшiн әрбiр объектінің орналасқан жері бойынша өтiнiм беруі тиіс. Егер қоршаған ортаға эмиссиялар ортақ табиғат пайдалану процесiнде жүретiн болса, бұл эмиссияларға рұқсат алу талап етiлмейдi.

Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты I санат объектілеріне – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан, II, ІІІ,  IV санат объектілеріне – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарынан алады. Ол үшiн қажеттi құжаттарды рұқсат беретін органға ұсынады.

I, II және III санаттардағы объектiлерi бар табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу өтiнiмін, эмиссиялар нормативтерінің жобаларына мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын, I, II санаттардағы объектiлер қоғамдық тыңдаулар хаттамасын қоса отырып, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар жоспарын тапсырады.

Ал, жаңадан енгізілетін IV санаттағы объектiлерi бар табиғат пайдаланушылар өтінімін, қоршаған ортаға эмиссиялардың есептік немесе аспаптық жолмен белгіленген және негізделген нормативтерін қоса өткізеді.

Өтiнiмдер беру I санаттағы объектілер үшін – қолданыстағы рұқсат мерзiмi аяқталғанға дейiн немесе жаңа объект пайдалануға берiлгенге дейiн екі айдан кешіктірілмеуі керек. Бұл талап IІ санаттағы объектілер үшін бір ай, ІIІ және ІV санаттағы объектілер үшін он жұмыс күнінен кешіктірілмеуі тиіс.

Жеке және заңды тұлға  өтінімді қағаз жеткізгіште және уәкілетті лауазымды адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электронды құжат түрінде www.e.gov.kz  порталы арқылы бере алады.

Қоршаған ортаға эмиссиялар I, II және III санаттардағы объектілер үшін он жылдан аспайтын мерзiмге берiледi. IV санаттағы объектілер үшін табиғат пайдаланудың қолданылатын технологиялары мен шарттары өзгерген жағдайларды қоспағанда, мерзімсіз негізде қарастырыл-ған.

Егер, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатсыз жұмыс жүргізілген жағдайда, кінәлі лауазым иесі немесе жеке тұлға әкімшілік жазаға тартылып, келтірілген залал есептеледі.

 Сондықтан, табиғат пайдаланушылар заң талаптарын мүлтіксіз орындап, қоршаған ортаны қорғауға атсалысады деп сенеміз.

Айнұр ХАЛИАХМЕТОВА,

Атырау облысы бойынша экология департаментінің

экологиялық реттеу бөлімінің бас маманы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз