САБАНТОЙ – БІЗДІҢ ДЕ ТОЙЫМЫЗ

Өткен сенбіде Атырау қаласындағы Тұрғын үй қалашығының саябағында татар халқының ұлттық Сабантой мейрамы аталып өтті. «Татулық» татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы ұйымдастырған бұл мереке биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. 

Күннің ыстығына қарамастан Сабантойға жиналған көпшілік «Татулық» орталығы ансамблінің орындауындағы татар, башқұрт халқының әндері мен билері ғана емес, қазақ, орыс, корей және басқа ұлттардың да өнерін тамашалады. Жастармен бірге ортаға шыққан қариялар да қанды қыздырған әуезді әуеннің ырқында дөңгелене биледі.

Мерекелік шараны ашқан Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Еркін ҚАДЫРҒАЛИЕВ бұл мерекенің мән-маңызы туралы атап өтті. «Бүгінгі мейрамның түпкі мән-мағынасы достық қарым-қатынасқа негізделген. Біздің делегация жыл сайын Қазан қаласына барып жүр. Ал, олардың өкілдері бізге екінші рет келіп отыр. Бұл мереке алға қарай да жалғасын табады. «2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы» екені баршамызға белгілі. Осыған орай, облыс көлемінде көптеген шаралар өтіп жатыр. Бүгінгі шара – осының жалғасы» деді ол.

«Татулық» татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы жетекшілерінің бірі Халит Джамалетдинов пен осы орталықтың құрметті мүшесі, ардагер журналист Регина Валишева да жиналғандарды мерекемен құттықтап, өз лебіздерін білдірді. Р. Валишева Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, өңірімізден шыққан бірқатар татар-башқұрт майдангерлерінің есімдерін атап өтті.

Қазан қаласынан келген қонақтар – Татарстанның Халық әртісіФердинанд Фатхи және сырнайшы, композитор, әр түрлі фестивальдар мен конкурстардың лауреаты Рафинат Салахов тойдың соңында ұлттық әндер шырқап, мереке белгіленген уақыттан да асып кетті. Фердинанд Фатхидің орындауындағы әндерге билеп, қосыла шырқаған үлкендер жағы әншімен қимай қоштасты. Сөйтіп, Сабантой халықтық мерекеге ұласты.

«Біздің қазақ халқымен достығымыз әндеріміз бен билеріміз және жырларымыз арқылы көрініс табады. Татар, башқұрт, қазақ болып тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бір дастарханнан бірге дәм татып, бірге тұрмыс кешудеміз. Атырауға Татарстаннан арнайы қонақ болып келдік. Осы мерекеге арнап тілегімізді айтып, Татарстан Президентінің құттықтау хатын табыс еттік. Бүгінгі Сабантойға уақыт бөліп келген барша атыраулықтарға ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да осындай мейрамдарда бас қосып, жиі кездесіп тұрсақ, достығымыз нығая түседі. Біздің тамыры тереңге кеткен ежелгі туыстық қарым-қатынасымыз үзілмесе екен деген тілегім бар,-деді Татарстанның Халық әртісі Фердинанд ФАТХИ бізбен әңгімесінде.

Таяуда Қазан қаласында өткен татар әйелдерінің дүние- жүзілік ІІІ форумына қатысып қайтқан «Татулық» татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Гүлсина БАЙКЕНОВА: «2000 жылдан бастап Атырау қаласында аталмыш мерекені өткізуді қолға алдық. Сабантой – көктемгі егіс жұмыстарынан соң тойланатын татар-башқұрт халқының ұлттық мерекесі. Сабантойда татарша күрестен сайыс өткізіледі. Жеңімпаздарға Сабантой символы – арнайы әзірленген сүлгілер табыс етіледі. Міне, біз осы дәстүрді бүгінгі Сабантой мейрамында да ұйымдастырдық», – деп бұл мерекенің ұлттық ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Иә, шарада ұлттық спорт та ұмыт қалмады. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рашид Мусин Сабантойдың құрметіне арнап татар күресін ұйымдастырды. Бұл жолғы сайыс үш салмақ дәрежесінде өтті. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша 17 жастағы бозбала, С. Қазыбаев атындағы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Рүстем Тұрманов жеңіске жетсе, 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «Мұнайшы» стадионындағы бассейнде құтқарушы болып жұмыс істейтін Артем Карипанов жеңімпаз атанды. Бұл жүлдегер де 17 жаста. Ал, 70 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша бірінші орынды жасөспірімдер арасындағы грек-рим күресінен аға жаттықтырушы Нұрлан Боранбаев иеленді. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, кір тасын көтеруден де сайыскерлер күш сынасты. Татарша күреспен қатар, осы спорт түрі бойынша да сынға түскен Нұрлан Боранбаев екінші мәрте жүлделі орынды еншіледі. 

Сабантой мейрамы жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Татарстан Республикасында мемлекеттік деңгейде тойланып жүр. Бұл мерекеде ұлттық спорт түрлері: күрес, ат бәйгесі, жаяу жарыс ұйымдастырылады. Ұлттық тағамдар әзірленіп, ұмытылып бара жатқан көне дәстүрлер жаң-  ғыртылып, сахналық қойылымдар көрсетіледі. 

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз