САҒЫНТЫП КЕТКЕН ҚОС ТАҒДЫР

Алтын бесік атамекеніміздің әр ауылы дос-жаранға сенімді серік болған, кісілігімен  аймағына көрік болған күмбір кеуде серілерінен әсте кенде болған ба? Берекелі ел көңілінің базары, Нарын жағалаған жалпақ елдің еңсесі, асқақ азаматтарының ажары бола жүріп, дүние көштің керуенімен о фәниге ерте аттанған  Марат Қалменұлының бейнесі бүгін тағы көз алдымызға оралды. Сол сері көңілді сұңқар жігіттің  аққу бейне сыңары, кешегі Қыз Жібек пен  Құртқалардан қалған сұлулықтың бір тамшысындай болған Бақытжамалдың мәлике жүзін көрмегелі де он жылдың жазы мен күзі ауыпты...

 

Маңдайынан сипар әкеден жастай қалған Марат Қалменұлы ана мейірімінің шапағымен ержетті. Нарын бойындағы Сартөбенің құмды даласы мен теңіз сағасындағы Тотарал түбегінде түлеп өркендеді. Жастық жігері өз ауылы Жанбайында жалындады.

Ол даланың өр мінезіне ерте бейімделді. Ұзақ жылдар бойы ауыл мен ауданның сауда саласының бірінші басшысы бола жүріп, мемлекет меншігін кіршіксіз таза ұстады, ақ ниетті арына дақ жұқтырмады.

Ездермен достаспады, өсекшілдермен бас қоспады. Ағайынға қайырлы, дос-жаранға қадірлі ғұмырды таңдады.

«Бірде көршілес Теңіз ауданында (қазіргі Құрманғазы) Құрманғазы бабаның 175 жылдық мерейтойы өтетін болып, сол шараға Әбіш Кекілбаев, мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев бастаған республикадан үлкен делегация келетін  болды. Осы   хабарды естіген Марат Қалменұлы аудан басшысы ретінде маған келіп: «Зұлбұхар Мақсотұлы, республикадан келетін қонақтар бізге арнайы  ат басын тіремесе де, қайтарда  елдің үстімен өтеді ғой, Сіз қонақтарға ел атынан осыдан екі жыл бұрын Исатай Тайманұлы батырдың атын алған ауданға сәл кідіріс жасауын өтінсеңіз қайтеді, ол елдігіміздің белгісі ғой. Біз Манаштың тұсынан киіз үй тігіп, әзірлік жасайық, қалай қарайсыз» – деп уәж айтты. Мен: «Дұрыс ұсыныс екен, айтып қарайық» деп ыңғай бердім. Қонақтар менің ұсынысымды қабылдап, қайтар жолда кідіріс жасады, ел құрметіне ізгі ниеттерін білдірді. Мәкеңнің сол бір жолғы жүрекжарды қылығы оның өз еліне деген сүйіспеншілігі,  өз елімен мақтанатын азаматтық мәрттігі еді» деп өткен күннің тізбегінен тамаша естеліктер терген сыйлас досы Зұлбұхар Сүйінішовтің сөзі де біраз жәйтқа қанықтырғандай.

Сырт қараған бейтаныс адам үшін ол алғашында кербез кейіптегі жан сияқтанып көрінгенімен, сөйлесе келе, нағыз мәрттіктің, келбетті кеңдіктің адамына айналып кететін. «Жақсының жүрген жері күнде думан» дегендей, сегіз қырлы, бір сырлы қарапайым Қалменов қыр мен ойды қыдырып жүріп, ойын-сауығы, ажарлы әні шалқыған, серуенді сүйетін сері көңілді еді. Жанайдың сылқым сырнайының сазына, Ғаббас пен Өнербек шерткен күй күмбірлері үйлесім тауып, Нәбила, Күләш, Маржандар салған лирикалық наз әуендері, «Саржайлауымды» сарқырата салған Мәкеңнің қоңыр даусымен одан әрі шарықтап жөнелетін…

«Ол кісінің үнемі жанында жүретін «сегіз қырлы, бір сырлы»  азаматтар кейіннен менің сырбаз ағаларым, алыстап кетсе жоқтап жүрер жанымның жақсы көрген адамдарына айналды. Мәкеңнің төрі мен көңіл шуағын сағынып, Алматыдан өнер мен әдебиет қайраткерлері Қаршыға  мен Әзидолла, Қабдырахим мен Ақұштап, жорналшы Нұри Мұфтах, заң саласының заңғары Қалимолла Халықов жұбайы Ұмсынмен келіп жүрген күндеріне де талай куә болғанбыз. Маңғыстаудан Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов, Батыстан Жаңақала ауданының әкімі Төлеген Мерәлиев сынды марқасқалар да  Мәкеңнің айнымас серіктері болатын» деген інісі Өнербек Жанбаланың естеліктері Мәкеңді тағы бір қырынан танытқандай.

Мараттың жұбайы Бақытжамалдың өмірі – қазақ әйелінің тамаша жиынтық образы екеніне ешкім күмән келтірмес, сірә! «Балалы үй – базар» деген, әулеттегі тоғыз ұрпақтың ең үлкені болғанымен Бақытжамал шаңырақтың еркесі, жауқазын гүліндей болып, бақыт құшағында бойжетті.  Бала күнінен қыз балаға тән ұяңдық пен кішіпейілділік қасиеттеріне разы болған үлкендер оған «Башқан» деген еркелеу есімді еншілеген-ді. Ажарына ақ халаты жарасқан Бақытжамал Боқанқызы ұзақ жыл ауыл дәрігері бола жүріп, ел алғысына бөленді.

«Сырт қараған кісіні сұлулығымен табындырған, отбасы ажарына айналған Бақытжамал «Әйел – мәдениеттіліктің айнасы» дегенге сай ғұмыр кешті. Мәдениеттіліктің бір қырын кіршіксіз киініп, үйлесімді жүру деп ұғынған ол үнемі ұзын киініп, ақ түсті ұнататын. Сұлулығын қолаң шашы еселеп, келбеті мен кісілігі келіскен Бақытжамалды алғаш көрген кейбір адамдардың «Нұреке, қасыңыздағы әйел әртіс пе, қайдан келген адам?» – деп, бірнеше рет сұрағаны бар. Бұл үшін, қатар жүрген құрбылар болып бәріміз бір күлісіп алып, мерейіміз өсіп қуанатынбыз» деп құрбысы Нұржиян Абдолова да сол бір келмес шақтарды сағынышпен еске алады.

Сағынтып кеткен қос тағдырдың көз тіккен темірқазықтары – жалғыз ұлдары Тұрарбек болатын. Тәй-тәй басқанынан бастап, барам деген жеріне барған, алам деген қалауын алған ұлдары ерке өскенімен, бозбалалығынан бастап ақыл мен парасаттан ой түйген ұрпақ болып ержетті.

Ата-анасы босағасына бақ, төріне ықылас төрлетіп аманатқа қалдырған қара шаңырақ бүгінде шалқарлы шырайымен көз тартады. Атасы мен енесінің «айналайынымен» көріктенген  Эльмирадай келін де, жарқын жүзбен болашақ армандарына талпынған немерелері де шаңырақ шаттығын арттыруда.

Иә, түйткілі көп тірліктің тынымсыз уақыты осылай алға зырлап барады, зулап барады.  Бізден ерте алыстап, айналасын сағынтып кеткен қос тағдырды қатты сағындық. Төлеген ақынның сөзімен сараласақ, оларға деген сағыныштың кемері де ұлғайып барады…

Сәйпеден СИДАҒАЛИЕВ,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз