Ой-сана өрісі

Шахматтан сан мәрте чемпион, еңбек және спорт ардагері Бөкенбай Ағашаның 75 жылдық мерейжасына орай республикалық шахмат турнирі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған шараны Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Атыраумен бірге, Орал, Павлодар қалаларынан 50-ге тарта шахматшы қатысқан турнир ФИДЕ кодексінің негізінде өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында Атырау қалалық спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Ахмедьяров, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мергенғали Бейісқалиев, жергілікті шахмат федерациясының белсенді мүшесі Амангелді Сақтағанов сөз сөйлеп, шахмат спортын дамытудағы Бөкенбай Ағашаның дара қолтаңбасын, оның адамгершілік қасиеттерінің жастар тәрбиесіне үлгі бол-ғандығын атап өтті.

Жарыстың бас төрешісі Сабырбай Гайсиннің айтуынша, екі күнге созылған қызықты да тартысты кездесулер негізінен ерлер, әйелдер және ардагерлер арасында өткен. Нәтижесінде, ер адамдар арасындағы бәсекеде бірінші орынды халықаралық спорт шебері Жәнібек Аманов иеленді. ІІ және ІІІ орындарға спорт шеберлігіне кандидаттар – құрман-ғазылық Есенболат Мендалиев пен атыраулық Серік Кенжеев лайық деп танылды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздары, медаль және мерейтой иесі Бөкенбай Ағашаның отбасы тағайындаған ескерткіш сыйлықтармен марапатталды. Ал, осы жарысқа қатысқан турнирдің егде ойыншысы, 86 жастағы мақаттық шахматшы Мизам Жолимановқа облыстық ардагерлер кеңесі арнайы жүлдені табыс етті.

Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз