Қоғам

ӨШПЕЙТІНДЕЙ АРТЫНА ІЗ ҚАЛДЫРҒАН…

Бұрын сырттай білсем де, сол күні баяндамасын тыңдап, өте құнды ой-пікірлеріне тәнті болып едім. Енді, міне, қарсы алдында отырмын. Әбекең баппен әңгімесін бастады. Екі жылдай уақыт Мақат аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істегенін есіне түсірді. Доссор зауытында еңбек еткен әкем Тәжіқараны жақсы білетінін айтты.

– Тәкең партия ұйымының хатшысы, цех бастығы болған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, талай жиналыстарда бірге болғанбыз. Адамгершілігі мол, іскер және сауатты еді. Сені, Равиль, әкең сол кезде Мәскеуде мұнай институтында оқуда дейтін. Қазіргі жұмысың қалай? – деп іш тарта сұрады. Мен өз жағдайымды, мамандығым бойынша еңбек етіп жатқанымды баяндадым. Асықпай тыңдаған Әбекең:

– Равиль, сен осыдан екі жыл бұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Атшыбаев Мақат аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына шақырғанда келіспепсің. Ал осы жылдың басында облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы М.Мұхамбетов облкомсомолдың салалық хатшылығына ұсыныс бергенде, одан да бас тартыпсың. Әрине, сенің айтқан дәлеліңді түсінуге болады, мамандығың бойынша алған жоғары біліміңді өндірістегі тәжірибемен тиянақтау орынды-ақ. Дегенмен, болашақта тағы да ұсыныс болып жатса, келіскенің жөн болар. Себебі, болашағың алда ғой, айналайын, – деп ақылын айтты.

Әбекеңнің бұл сөзі тегін болмады. 1968 жылдың қараша айында Гурьев облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі М.Тәжин шақырып, Маңғыстауда жаңадан құрылып жатқан Жаңаөзен ауданына комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайлануға келісімімді сұрады. Сол кезде Әбілқайыр Кенжебаевтың ақылы есіме түсті. Осылайша, мен 1968 жылдың 25 желтоқсанында өткен конференцияда аудан комсомолының басшысы болып сайланып, қоғамдық жұмысымды бастадым.

ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Гурьев облысында мұнай мен газ, уран кеніштері молынан ашыла бастады. Осыған байланысты Үкімет тарапынан аймаққа жіті көңіл бөлініп, қаражат көбірек бөлінетін болды. Облыстың экономикасы өркендеп, әлеуметтік және мәдени ахуалы айтарлықтай артты. Әсіресе, сол кезде Маңғыстау өңірін ірі отын-энергетика кешеніне айналдыру мақсатымен одақ деңгейінде арнайы қаулылар қабылданып, аймақ Бүкілодақтық екпінді комсомолдық құрылыс болып жарияланды. Өндіріс пен шаруашылықты дамытып, мұнай-газ және атом байлығын игеретін мекемелер құрылды. Одақтың әр жерінен қаптап келіп жатқан жас мамандарға, жергілікті тұрғындарға үйлер беріліп, басқа да қажетті әлеуметтік жағдайлар жасалды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1963 жылдың желтоқсан айында шыққан жарлығымен Ақтауға қала мәртебесі берілді және Ералы, Жетібай, Өзен атты елді мекендерде жергілікті кеңестер құрылып, олар Ақтау қалалық депутаттар кеңесіне қарайтын болды.

Гурьев облысы және оның құрамында Маңғыстау өңірі дамып, аудан, қала, облыс деңгейінде мемлекеттік ұйымдар пайда болды. Оларға басшылық жасап, дұрыс бағыт беру оңай жұмыс емес. Осы қыруар жұмысты жүргізіп, сол кездегі партия мен кеңес үкіметінің саясатын жүзеге асыру мақсатында көпұлтты халықтың арасында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениетті дамыту, ғылыми-зерттеу, татулық, интернационалдық, үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру, мамандарды іріктеп тәрбиелеп, жауапты және басшылық жұмыстарға бағыттау Әбілқайыр Кенжебаевтың көп жыл бойғы міндеті болды.

1941 жылы орта мектептің 8-ші класынан кейін еңбек жолын облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып бастаған Әбілқайыр Кенжебайұлы 1943 жылдың қаңтар айында майданға аттанады. Одессадан Орал қаласына көшірілген К.Е.Ворошилов атындағы жаяу әскер училищесінің курсанты болып, үш жарым ай дайындықтан өтеді. Содан кейін Мәскеу маңындағы Ступино қаласында жасақталып жатқан дербес 17-ші гвардиялық әуе десанты бригадасына жіберіледі. Жау тылындағы соғыс әрекеттеріне даярлықтың барлық қиындықтарын бастан кешеді. Дайындалған әуе десантшылары майдан қажеттілігіне байланысты 9-шы гвардиялық армияның 106-шы дивизиясындағы 355-ші атқыштар полкінің құрамында соғысқа кіреді.

Венгрия, Чехословакия, Австрия жерлерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, Румыниядан өтіп, Венгрияның Мор, Секешфехервар, Чехословакияның Брно, Братислава қалалары үшін болған ұрыстардың бел ортасында жүріп, екі рет жараланады. 1945 жылдың 16 наурызында Мор қаласында болған шайқаста тағы оқ тиеді. Командирі аға лейтенант Савиных: «Кенжебаев менің көз алдымда қаза тапты» деп көмекшісі арқылы Гурьев қалалық комиссариатына хабар жіберткізген. Қалалық комиссариат Әбекеңнің анасын шақырып алып, қолына «қара қағазын» ұстата салған. Осылайша, біраз уақыт бойы Әбілқайыр ағамыз қаза тапқандардың қара тізімінде жүріпті. Ол елге 1948 жылы желтоқсан айында оралған.

Соғыста алған жарақатын, оның үстіне аяулы анасына «оққа ұшты» деген қаралы хабар жеткізген «қара қағазды» желеу етпеді. Елге оралысымен 1949-1958 жылдары облыстық газет редакциясында бөлім меңгерушісі болып істеді. 1953-1956 жылдары Казақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы партия мектебінде саяси білім алды. Әбекең 1965-1977 жылдары облыстық партия комитетінің идеология, одан соң партиялық ұйымдастыру бөлімдерінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1977 жылдан бастап тоғыз жылдай облыстық партия комитетінің идеология саласында басшылық ететін хатшы болып, жемісті еңбегінің арқасында үлкен беделге ие болды. Жоғары лауазымын алға тартқан жоқ. Үнемі қарапайымдылығынан жаңылмады. Дәл осы қасиеті оны халықтың алғысына бөлендірді. Ол – Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі мен ел дамуына қосқан ерен еңбегі үшін «I дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», Еңбек Қызыл Ту, «Парасат» ордендерімен және 16 медальмен марапатталған жан.

Мен 20 жылға жуық уақыт комсомол, партия жұмысында және облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, облыстық кеңестің депутаты ретінде Әбілқайыр Кенжебаевпен жұмыстас және үйлеріміз де көршілес болғандықтан, тығыз байланыста болдым. Осы уақыттарда өзімнің көзім жеткен Әбекеңнің ерекше қасиеті – көп сөзділік пен асығыстықты жаны сүймейтіндігі, біреумен алыс, біреумен жақын болу, біреуді жақсы көру, біреуді жек көру дегенді білмейтін байсалдылығы, қызметте әділ, қарауындағы қызметкерлермен қарым-қатынастарының бір деңгейде болғандығы. Оның кішіпейілділігі зейнеткерлікке шыққанда да сол бір қалпында өзгерместен сақталды.

Әбекең өзі басшылық жасаған салаға қатысты мәселелерді түбегейлі зерттеуші еді. Қажет жағдайда өзінің ой-пікірін объективті түрде дәлелдеп шығатын сауатты, әрі сабырлылық қасиеттерін де талай рет көрдік. Өндіріске ғылым мен озат тәжірибенің жетістіктерін енгізуде де іскерлігін таныта білді. Мұнайлы өңірдің жерасты байлығымен қатар, Исатай мен Махамбет сынды батырлардың, Құрманғазы мен Динадай ұлы күйшілердің, көрнекті ақындар мен жазушылардың, атақты ғалымдардың мекені екенін 1981 жылы бүкіл елге паш етіп, құрамында жүздеген өнерпаз бар «Жайық қызы» ансамбліне жетекшілік етіп, өзі Ұлы Отан соғысы жылдары азат етуге қатысқан Еуропаның Венгрия еліне сапарлатқан да осы Әбекең болатын.

Әбілқайыр Кенжебайұлы өнегелі, ұлағатты отағасы да бола білді. Өмірлік жары, тек қана отбасының ұйытқысы емес, сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы лауазымды қоғамдық қызметтер атқарған Хадиша Сұлтангерейқызы екеуі үлгілі ұл-қыздар тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың бәрі де өмірден өз орындарын тауып, ата-ана үмітін ақтап жүр. 

Ағиба ҚАТЕШОВА, Қазақстан Журналистер  Одағының мүшесі.

2. Парасат пен пайым

Адам өмірінің қадір-қасиеті азамат үшін бастан кешкен жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымдылығымен және құндылығымен бағаланады екен. Осындай саналы ғұмыр кешкен, өмірден  өтсе де артына өшпестей із қалдырып, есімін ел-халқы құрмет тұтқан  өңіріміздегі асыл азаматтардың бірі – Әбілқайыр Кенжебаев.  

1925 жылы дүниеге келген Әбілқайыр ағаның балалық кезеңі заманның тығырыққа тірелген қиын-қыстау шағымен қабаттас өтті. Бұғанасы бекімей жетімдік зардабын шеккен ол жоқшылыққа төзді, тоқшылықты аңсады. Екі жасында әкеден айырылды. Анасы Ағибашпен бірге ағайын-туысты сағалап, тағдырдың талай тауқыметін бастан өткізді. Мектепте оқып білім алды. Бұлыңғыр болашағы қиял жетегіне еріп, армандауға да аса мүмкіндік болмады. Сөйтіп жүргенде ел ішін дүрліктіріп, үрей әкелген соғыс басталды. Бозбала Әбілқайыр бұдан әрі оқуын жалғастырудың мүмкін еместігін білді. Өйткені, анасына қолғабыс болар тек қана өзі екендігін жақсы түсінді. Бірақ, не істеу керектігін біле алмай дал болған баланы ұстазы Ғұмар Сұлтанғалиев облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетіне ертіп келеді. Бұл Әбілқайыр Кенжебаевтың үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы болатын.

Әр адамның өзіндік өмір арнасы болатыны секілді Әбілқайыр ағамыз да   дүние-тірліктің қызығы мен шыжығын қатар көріп, замана ағымымен  жылжи берді. 1943 жылы соғысқа аттанады. Әуе десантшылары қатарында 9-гвардиялық армияның 106-дивизиясы 355-атқыштар полкінің құрамында соғысқа кіріседі. Венгрия, Чехословакия, Австрия жерлерін азат етуге қатысып, қан майданның қақ ортасында болып, екі рет жарақат алады. Осындай ірі шайқастардың бірінде  Әбілқайырды қаза тапты деп анасына «қара қағаз» жібереді. Сөйтіп, ағамыз қаза тапқандардың тізіміне тіркеледі.

Ана жүрегі қашанда сезімтал. Қолына тиген қаралы қағаздың суықтығын қолымен сезінсе де ана көңілі перзентінің тірі екендігіне шүбә келтірмей, күдерін үзбейді. Қабырғасы қайысып, есінен танса да, ана, шіркін, ұлы еңбек еткен редакцияға жетеді. Баласының әріптестеріне шерін ақтарып, майдан өтіндегі хабарларға құлақ түреді. Бар қуатын бойына жинап, соғыс өртінің ортасында жүрген баласының амандығына сенеді, өзгелерді де сендіреді.

Мойнына бұршақ салып ұлының тілеуін тілеген, оның тірі екендігін жанымен сезінген Ағибаш ана ұлан-ғайыр қуанышқа бөленді. Ана тілегі қабыл болып, ұлынан тірі екендігін айтқан үшбу хат келеді. Осылайша, ана мен бала қауышып, бейбіт өмірде ұзақ та бақытты ғұмыр кешті. Әбекеңнің кеудесінде жарқыраған бірінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» медалі оның ерлікке толы толағай жылдардың естелігіндей еді.

Соғыс салған зауал талай шаңырақты ортасына түсірді. Соғыстың ызғарлы лебін сезбеген ешкім қалмады. Бірақ, өмір қашанда өз жалғасын табады. Біртіндеп халық бейбіт өмірге бейімделе бастады. Кешегі балғын журналист Әбілқайыр, енді бұғанасы қатқан, өмірдің ащы кермегін татқан кәнігі маман ретінде туған редакциясына оралады. Талабы мен таланты ұштасқан жас жігіт бұл жерде екі жылдай жұмыс жасағаннан кейін партия жұмысына шақырылады.

Қым-қуыт жұмыстың ортасында жүрсе де жас жігіт арман жетегінде «білімімді жетілдірсем» деп жиі ойлайтын. Арман адастырмады. 1953-1956 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы  партия мектебін бітіріп, 1960 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін тәмамдайды.

Тәжірибе – жылдар жетегінде жиналатын нәрсе. Оған біліктілік, адалдық пен тынымсыз еңбек ұштасып жатса құба-құп. Әбілқайыр Кенжебаевтың идеологиялық жұмыстарға басшылық еткен жылдары мәдениет пен өнерге кең өріс ашты. Тынымсыз еңбек жемісін беріп, көпшіліктен алғыс алды. Мақат аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық партия комитетінің аппаратында, ұйымдық партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитетінің хатшысы сияқты аса жауапты қызметтерді атқарды.

«Әбілқайыр Кенжебаев аға-ның заты журналист болатын. Біздің жолымыз облыстық партия комитетінде тоғысты. Әбекең идеологиялық мәселелерге басшылық жасайтын хатшы, басшымыз болды. Әбекең өте еңбекқор, қағазға өте мұқият, партиялық жазу стилін шебер меңгерген адам еді. Ол кісінің алдына барған материалдың иіні қанып шығатын.

Ол кісі шешіліп сөйлейтін аса шешен емес еді. Қысқа-нұсқа, көлгірсімей мәселенің турасын айтатын. Басшы ретінде  қарауындағыларға дауыс көтеру дегенді білмейтін. Берген тапсырмасы көңілінен шықпаса, қызметкермен салқындау сәлемдесіп, тамағын қырнап, қырын қарап отырып сөйлесетін. Түзетулері тайға таңба басқандай нақты да орынды еді» деп еске алады облыстық партия комитетінің бұрынғы нұсқаушысы, ардагер журналист Айтқали Нұрғалиев.

Өзі кетсе де, артына өшпестей із қалдыру дегеніміз көз көргендердің пікірлері, сағынышпен еске алар естеліктері болса керек. Бүгінгі жастары егде тартқан аға ұрпақ – жастық жігерлерін, күш-қуаттары мен білімдерін халқының болашағына арнаған жандар. Солардың бірі – Әбекеңмен ұзақ жылдар  қанаттас еңбек етіп, сыйластықта болған мемлекет және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаев.

Есен аға Әбілқайыр Кенже-баев туралы толғақты ойын ортаға сала келіп, былай деді: «Әбекең – өзінің таза еңбегінің арқасында биікке көтерілген адам. Оның Атырау өңіріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісі көп сөйлегенді, асығыс шешім шығарғанды жаны сүймейтін. Өте байсалды болатын. Бойына сіңген адамгершілік қасиет оны үнемі жоғарыдан көрсетті. Әр түрлі лауазымды қызметтерде жүргенде қандай болса, зейнеткерлікке шыққанда да сол қалпында болды. Жалпы, ол кісі – бәзбіреулер секілді қырық құбылып, мінезсіздік танытпаған адам. Қашан көрсең де бойындағы кісілік қасиеттермен ерекшеленіп тұратын. Ол өзіне байланысты мәселелерді шешуде терең зерттеп, аса ден қойып, қажет жерінде шұғыл шешім қабылдап, сауаттылық пен сабырлылықты қатар ұстана білетін. Осындай қарым-қабілеттерінің арқасында сонау кеңес  дәуірі кезінде өңіріміздегі шалғай елді мекендердегі шағын мектептерді жабу туралы ұсыныс келіп түсті. Бұл мәселеге Әбекең үзілді-кесілді қарсы болды. Сөйтіп, «Қошалақ», «Асан» тағы осы сияқты мектептерді сақтап қалуға себепші болды. Айта берсек, ол кісінің атқарған ауқымды істері өте көп болатын».

«Өткен өмір ұмытылмайтындығымен құнды» деген рас екен. Әбілқайыр ағамыздың бар болмысы, атқарған ауқымды істері мен бойындағы асыл қасиеттері өзі болмаса да, оны көзі көргендердің жадында. Кіммен сұхбаттассаң да ол кісі туралы сүйсіне әңгімелейді, құрмет-қошеметтерін білдіреді. Жақсының артында қалған жағымды сөз, жылы лебіз дегеніміз осы болса керек.

Байырғы, партия, комсомол қызметкері, кеден қызметінің полковнигі, Атырау облысының Құрметті азаматы Мұрат Сақтайұлы Өтешов Әбекең туралы естелігін ұсынды. «Әбілқайыр Кенжебайұлы Атырау облысының өркендеуіне зор үлесін қосты. Ағамыздың әрбір істеген ісі – өнегеге, тәлім-тәрбиеге тұнып тұрған ғажайып ғұмыр, нағыз шыңдалу мектебі.

Бұл кісі туралы алғаш рет 1970 жылдың желтоқсанында естіген болатынмын. Ол кезде қалалық комсомол комитетінде жұмыс істейтінмін. Кезекті қалалық партия комитетінің пленумы өтіп, оның жұмысына Әбілқайыр Кенжебаев қатысты. Бұған дейін қалалық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Тұяққали Бисеналиев Әбекеңнің өте қатал, тік мінезді екенін ескертіп, тапсырылған міндеттердің дұрыс орындалуын ескерткен болатын.

Тағы бір есімде қалғаны, 1973 жылы қалалық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушылық жұмысқа ауысқан кезім. Бөлім бастығы – Жұмаян Ахмедов. Есеп беру науқанының басталған кезі. Барлығы жиналысқа қатысу үшін жан-жаққа кеткен. Мен де жиналып жатыр едім, телефон шылдыр етті. Телефон соққан кісі әй-пайға қарамай «қайда жүрсіңдер, не істеп жатырсыңдар?» деп жауап беруге мұрша берместен сұрақтың астына алды дейсің. Бір кезде «анау Жұмаянға айт, хабарлассын» деп тұтқаны тастай салды. Мен кіммен сөйлескенімді, кімнің ұрысқанын біле алмай дал болып отырып қалдым. Сөйтсем, бұл Әбекең екен.

Қалалық комсомол коми-тетінің бірінші хатшылығына ұсынылып, алғаш рет Әбекеңнің қабылдауында болдым. Байсалды, ақылгөй ағамыз әңгіме төрінде өзінің басынан өткізген өмірін, кездескен қиындықтар мен қызықты оқиғалар жөнінде сыр шертті. Жастармен жұмыстың аса өзекті екендігіне көңіл аударды. Сол кісінің ақыл-кеңесімен, Мұқамбетқазы Тәжин мен Саламат Мұқашовтардың келісімімен мені осы қызметке тағайындады.

1977 жылы Әбекең облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып тағайындалды. Ол кісінің аса біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында облыста бұл салада қарқынды істер, тың ойлар жүзеге асып, идеология майданы жастар легімен толықты. Бірде «Әбілқайыр Кенжебаев шақырып жатыр» деген хабар келді. Белгілеген уақытында барып тұрдым. Сол кездегі үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Мәдина Ғабдісәлімқызы мені ішке шақырды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін Әбекең маған қарап тұрып, «жасың нешеде?» деп сұрады. Мен жиырма тоғызға толатынымды айттым. Сол-ақ екен Әбекең маған дүрсе қоя берді. «Неге сендер алға ұмтылмайсыңдар? Неге өспейсіңдер?» деп бір сыпыртып алды да, орнына жайғасты. «Айналайын, сендер жас емессіңдер, елге білек сыбана қызмет жасайтын кездерің. Ертең обкомның бюросы болады, сонда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне бекітілесің, жүре бер» деді. Бұл үлкен сенім мені жігерлендіріп, алға жетеледі. Өйткені, мен  сенім жүгінің салмағын Әбекеңнің сөзінен кейін терең ұққандай болдым.

Әбілқайыр Кенжебайұлы өте сауатты еді. Әр құжатқа асқан ыждағаттылықпен қарайтын. Үлкенді-кіші шаралардың баяндамалары, орталыққа шығатын құжаттар сол кісінің «сүзгісінен» өтпей әрі қарай жіберілмейтін. Әбекеңнің әр ісі біз үшін үлкен мектеп, құнды тәжірибе болды. Ол кісі зейнетке шыққаннан кейін де қызметтен қол үзген жоқ. Ылғи да тынымсыз еңбектің жоғары үлгісін көрсетіп, парасаттылықтың ой толғауында жүрді.

 Әбілқайыр Кенжебаев – Атырау облысының Құрметті азаматы. Бұл жоғары атақ оған  екінші санды куәлігімен табысталған болатын.

Жаны жайсаң, өн бойы адалдыққа толы, азаматтығы асудай биік ағамыз бұл күнде ортамызда жоқ. Алайда, өмір сабақтастығы Әбекеңді білетіндер үшін жалғаса бермек».

Иә, өмір солай. Келу бар да, кету бар. Алшаңдай басып, ортада жүрсе 90-ға келген құрметті жасын тойлап, ақжарма тілектермен сусындап, арқа-жарқа болып отырар еді  ағамыз. Бірақ, барлығы адамның дегеніндей бола бере ме? Бұл – адамзатқа тән нәрсе. Соны білеміз де, мойынсұнамыз. Бұдан басқа шара да жоқ.

«Отбасының шуақты көзі, мейірім иесі – әйел. Қадиша аса мейірбан, адамгершілігі жоғары, ақыл иесі еді. Ол өмірдің қиындығы мен қызығын Әбекеңмен бірге көрді. Әбекең өткен ұзақ еңбек жолында Қадиша апай да көппен араласты. Қолы ашық, биязы да сабырлы мінез танытып тұратын-ды» деп еске алады өңірге белгілі қаламгер Құмарғали Ғабдешұлы.

Әбілқайыр ағамыздың жан жолдасы Қадиша Сұлтангереева – ұзақ жыл облыстық газетте қызмет жасаған, хат бөлімінде меңгеруші болған белгілі журналист. Ортасында абыройлы, кішіпейіл де инабатты Қадиша апайды халық қадір тұтқан. Ағамыз екеуінің ғибратты өмірі кейінгілерге үлгі боларлықтай өте саналы өтті. Бауырларынан тараған балалары – олардың өмірлерінің жалғасы, бүгінгі күні еліміздің іргелі болуына үлестерін қосып келе жатқан жапырағы жайылған отбасылары, жоғары білімді мамандар.

Әбілқайыр Кенжебайұлы Құмарғали ағамен болған екеуара әңгімеде «еңбек еттім, ел сыйлады, жар таптым, өрісім кеңейді, көсегем көгерді. Пәк жаралып, ылғи ақ жолда жүру оп-оңай емес. Өмірді өкінбестен өткізудің жолы – еліңді сүйіп, халқыңды құрметтей білу» деген екен. Өнегеге толы өмір осылайша жалғасып жатыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button