ОРЫНСЫЗ ӘЗІЛ КҮЛКІ ЕТЕДІ

Той – көңілді мереке. Той өткізудің жөнін білу маңызды. Көңілде жүрген мына бір жайды ортаға салғым келіп отыр.

«Тамаша» әзіл-сауық отауының бір қақпайында той туралы:

«Өзбектерде – би жарыс,

Орыстарда – құй да іш,

Қазақтарда – жиналыс» деп келтіреді. Өте орынды айтылған. Тойға ырғалып-жырғалып, тіпті қатысқандығын міндетсініп келетін ағайын тілек айтқанда барынша ұзақ сөйлеп, адамдарды әбден мезі етеді. Орынсыз дабыра-шу, балалардың тым еркетотайланып олай-бұлай шапқылап, жылап, шаршатып жіберетін қылықтары, оның үстіне аузына келгенін жөн-жосықсыз «әндетіп» тұратын асабалардың жүйесіз сөздері қазақи болмысты, сөз қасиетін әбден арзандатып жіберді.

 

Орынсыз әзілдер тойға жиналған қауымның көңілін көтеріп емес, керісінше, сол бұлбұлша сайрап тұрған асабаның өзін күлкі қылатынын сезе ме екен? Жауыр болған сөздерді қойыртпақтай бергенше, той өткізудың жаңа бір түрін, өзінше бір «жаңалығын» неге енгізбейді?

«Мен бәленшеден бұрын сөйлеуім керек еді, қай жерім кем, маған сөзді кейін бердіңіз» деп бұлқан-талқан болып, берген сыйды аспанға атып, мінез көрсетіп жатқанша, жас жұбайларға ақ тілегіңізді оңаша ғана әдеппен білдірсеңіз жетіп жатқан жоқ па?

Тойды өткізгенде тәрбиелік мәні бар, рухани өсіретін, салт-дәстүрімізді дәріптейтін қойылымдар, ойындар, әсем әндер мен күй, би сияқты өнер түрлерін көбірек кірістірген жөн. «Алқалы топтың» айтарын ықшамдап, бес-алты үлкен адам тілек айтса, ол да өзінше бір сәнді. Сағыздай созып, естелік айтып тұрып алу емес, ең бастысы, көңіл тазалығы, тілек ақтығы екендігін есте ұстаған абзал.

Мейрамгүл ӘДІЛ, студент.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз