ӨНЕРДЕГІ – ӨНЕГЕМ, ӨЛЕҢДЕГІ ПІРІМ ЕҢ!

Ой мергені

«Халқының қорғаушысы да, қамқоршысы да, жанашыры да – жазушы. Суреткер жазушының жер бетінде үш міндеті бар. Ол – адамзаттың адалдығы үшін күрес, ел билейтін пенденің ойының адаспауы үшін, қара жердің тазалығы үшін күрес», - депті Ғабит Мүсірепов.

Фариза Оңғарсынова – осы үшеуіне адал болып өтті деп ойлаймын. Солай бола тұра, ол ақындықтың сыры мен қырына терең үңілген, жүрек қазынасын халқына толық ақтарған, онысы үшін лайықты бағасын алған ақын. Оны сүйіп оқымайтын оқырман кем, әлі де оқи беретініне сенеміз.

Фариза – өмірге босқа келіп-кеткен жоқ. Өз еңбектерінің арқасында тұлғаға айналған феномен. Өз форматын өзі жасаған еңбекқор, уақыттың әр минутын белгілі мақсатқа жұмсай білген, уақытты өзіне жұмыс істете білген ықтиятты да қуатты жан.

Апай қалай жазды? Жұрт жүрегін қалай баурап алды? Оның сыры неде? Жауап іздейсің. Қолыңа қалам алған бойда осы сұрақтардың сандаған жауаптары бір-бірімен тайталасып, таласып келіп, көкірегіңе сыймай жатады. Ол – өзін аялаған жоқ, аямаған жан. Кейде өзіне қойған талапты өзгеден де талап ететін. Біреулерге ұнамай қалып жататыны да сондықтан.

Фариза – түбірлі, қуатты сөз. Оқшау сөз. Оған ешқандай жалғау, шылау, жұрнақтарды жапсыра алмайсың. Оның даралығы да осында. Ол – тұлға! Ол – мазмұн. Ол – қайталанбайтын құбылыс!

«Уақыт – Пирамидадан қорқады, мен уақыттан қорқамын» деп жазған Наполеонның поэзиядағы прототипі де осы Фариза! Қазақ поэзиясының есігін сығалап, төріне оза алмай жүрген ақын қыздарға тас қамалды бұзып, дарбазасын ашып берген де Фариза. Осының өзі – оның ержүрек жауынгер, дауылпаз ақын екендігінің дәлелі.

Мұның бәрі оңайға түспегені мәлім. О бастағы алдына қойған мақсатына жету үшін өмірдегі бар қызықтан баз кешті. Біздер кейде жазу-сызу – уақыт жейді, бір кітапты жазу үшін пәлен уақытымыз, пәлен жылымыз кетті деп жатамыз. Ал апайдың ерекшелігі сол – ол бүкіл өмірін осы жолда сарп етті. Осы жолға арнады!

Ол өлеңде де, өмірде де математикалық дәлдікті таңдады.

Құдіретті өлең – қуатты ойдан туады. Ойдың өзін мергендікпен көздеп, қажетіне жұмсай алатын, ой мергені – Фариза еді!

 

Есімде қалған елестер

Мен апайды танығалы жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Ол кезде апайда атақ та, даңқ та жоқ болатын. Ал мен болсам, небәрі тоғызыншы кластың оқушысы едім.

Апам бір естеліктерінде мен туралы: «…Бір күні үстінде гүлді көйлегі бар, талдырмаш, бидай өңді қыз бала есік ашты. Өзі күлімсіреп, баяғыдан таныс адамдай, маған ұмтылып келеді. Жасаң қыз баланың кім екенін білгенім жоқ.

– Апа, мен Ханбибімін ғой! Неге танымайсыз?! – дейді, мені жазғырғандай аңқау да аңғал кейіппен.

Бұл – Қазақстанның батыс облыстарында «Лениншіл жастың» қызметінде жүргенімде ала қырдағы Гурьевке хат жазатын баяғы кішкене қыз Ханбибі…»

Иә, содан бері айлар аунап, жылдар жылжып жатыпты. Аспан әлеміндегі бір жарық жұлдыз тас төбемде үнемі жарқырап жанып тұрды. Әр қараған сайын түрлі-түсті сәулесін төгіп, биіктеп бара жататын. Мен үшін ол жұлдыз мәңгі сөнбейтіндей көрінетін. Сөнбейді де…

1993 жылы «Жан айқайы» деген кітабыма алғы  сөз жазған Фариза апам: «Біреу біреуге өлең жазып бермейді немесе өлең жазу әліппесінен сабақ өткізбейді. Рухани жақындық, жан сезім, дүниетаным үндестігі ғана адамдар арасына іріп-шірімейтін алтын көпір сала алады. Қолдан жасалған қалтылдақ көпірлер уақыттың күні жеп, жаңбыр сіркірегеніне төтеп бере алмай, қақырап жатады…

Ханбибі шеңберлермен шектелмейтін ұйқас-ырғақтарымен, тосын ойларымен ерекшеленетін. Менің одан үлкен үміт күтіп, көрісе қалғанда көпшік қоймай, керісінше, қамшылап алатыным сол себептен еді…»

Иә, апайдың осы сөздері маған өмірлік кредо, күнделікті бағдарламама айналды. Алғашында еркелегім келіп, қолпаштау дәмететін едім. Кейіннен, ұрлана қарасам, сұрлана қарайтынына да көндіктім. Оның себебін жоғарыда өзі айтты ғой.

Апай көп елді аралады. Алыс-жақын шетелдердің де тұз-дәмін татты. Кең-байтақ Қазақ елінің облыстары – апай үшін көрші ауылдай көрінетін. Барлық жерде – құрмет, барлық жерде – қошемет. Оңтүстікке де жиі соғатын.

–Талай облыстарда боламын, бірақ осы өлке көзіме оттай басылады. Өйткені, мұнда оқырмандарым көп. Ұлы ілтипатты, қызы  ибалы. Кездесулерде ғана емес, көшеден жай өтіп бара жатсаң да, бәрі кідіріп, сәлемдесіп жатады. «Сізді танимыз, сіздің кітаптарыңызды оқимыз» деп қуанысып жатады.

Оңтүстік халқы керемет еңбексүйгіш, көбі диқаншылықпен айналысады. Бірақ, бәрі-бәрінің кітап оқитынына көзім жетті. Зиялының көбі осында ма деп қалам. Ақын үшін танымал болу да бақыт қой, – деп қосып қоятын.

Апай әр келгенінде Оңтүстіктің қыздарын жіпке тізгендей санамалап: «Жұмазия қалай, Сайлаукүл ше, Рысалат деген өзбек қыз бар еді, халі қалай?» – деп біз ұмытқандардың да атын атап, түсін түстеп отыратын.

Бірде мынадай болды. Апайды кезекті бір сапарында орталықтағы бес жұлдызды «Кема» қонақ үйіне орналастырады. Айналасында баяғы қыздар шебі.

Ұлардай апамның алдында, алып денесімен ұршықша үйірілетін Нәзира Тәжімбетова үйге телефон соқты. Түс әлеті болуы керек.

–Келмесең болмас, дауыл басылмай жатыр. Тез жет! – деп телефон тұтқасын қоя салды.

Үлкен қызым Дана үйде еді, жылдам машинасын оталдырып, аталған жерге жеттік. Жолда гүл сатып алған. Келсек, қыздар шоқиып-шоқиып отыр. Өң-түс жоқ.

–Неге екенін білмейміз, апайдың «қара дауылы» басталды да кетті. Бізге «Шығыңдар!» деді. Біз кете қоймап ек, ванныйға кірді де кетті. Әлі шықпай жатыр, – дейді үрейленіп.

Бұл сөзді естіген Дана сырт киімін қалдырды да, гүлін ұстап ванныйға қойды да кетті.

Қыздар одан сайын шошыды. Мен арқайыңмын. Өйткені, апай еш уақытта балаға жекіген емес. Дегенмен, құлағымыз сол жақта.

–Ай, Дана, неге кіресің, мен жуынып жатырмын ғой.

–Апа, Сізге гүл әкелдім.

–Гүліңді шыққан соң-ақ бермейсің бе? – деді дауысы жұмсарып.

Дана:

–Апа, Сізге талай адам гүл берді. Бірақ жалаңаш кезіңізде ешкім бермеген шығар…

Аз үнсіздіктен кейін, апайдың көңілді күлкісі естілді. Дана екеуі ванныйдан күліп шығып келеді. Отырғандар Құранның мұқабасын сипағандай, «тәуба» деп қалпына түскендей болған…

Жұрттың кейде «тығырыққа» тірелгенінде мені іздейтінінің де сыры бар. Осыдан 10-15 жыл бұрын-ау деймін, Шымкенттегі драма театрда апаймен кездесу кеші болып жатты.

Шыжыған шілде айы. Апайды тосып алатындар да, орналастырып, жағдайын жасайтындар да, тіптен, кешті жүргізетіндер де белгіленіп қойылыпты.

Мен жай көрермен ретінде залдың орта шенінде отырдым.

Күннің ыстығына қарамай, шыттай киініп алған, қап-қара костюм-шалбар, ақ көйлек, шоқпардай қызыл галстукты қылқындыра байлаған замандас ақынымыз, облыстық мұрағаттың бастығы Қабылбек ақ тер, көк тер болып жүргізу жүгенін қолына алды. Әрине, атақ-даңқы жер жарған ақиық ақынның кешін жүргізу –  түсінген адамға әжептеуір дәреже.

Кеште сценарий бойынша ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының «Адайын» ойнап біткенде апай кешті жүргізушіге қарап: «Немене, «Адайдан» басқа күй жоқ па?»  деп төтесінен қойып қалды.

Апамның бүгін сол жамбасымен тұрғандығын іштей бағамдап отырмын. Кездесу орта шеніне келгенде  орнынан тұрып, сахнаның сыртына қарай беттегенін көріп, «Апырай, қайта шықпай қалмаса игі еді» деп ойланып үлгергенімше  апай қайта оралды. Жай оралған жоқ, Қабылбекке қарап: – Сен өзі кешті жүргізе алмайды екенсің, – дегені.

Мақтаудан дәмелі әріптесім сасқалақтап қалғанын байқатпауға тырысып бақты.

Кеш, әйтеуір, аяқталды-ау. Орнымыздан жапа-тармағай көтеріліп, есікке беттей бергенімізде, апайдың сахнадан «Ханбибі» деген үніне мойын бұрдым. Апыр-ай, жеті жүз адамның ішінен қалай ғана байқап қалды деген оймен апайға жақындадым.

– Кетпе! Қазір мыналар шай беретін көрінеді, ішінде бол!

Әмірлі дауысқа құлдық ұрудан басқа амал жоқ.

Ресторан жақын маңда болғандықтан, біз жаяулатып баруды жөн көрдік. Жанымда келе жатқан Қабылбекте үн жоқ. Құр сүлдері сияқты.

– Қабыл, жасыма! – дедім, – апайдың мінезіне үйренетін кез келді.

– Ханбибі, кешірші, біз кейде сенің сыртыңнан мінезің туралы «анау-мынау деп жатамыз», сен болсаң Қыз-Жібек екенсің ғой. Саған жылап көрісетін болдық қой…

– Сабыр. Бейне бір Қыз-Жібекті көріп келгендей сөйлейсің. Ақынның тарихта мінезі қалмайды, өлеңі қалады. Кейіннен бәрі Қыз-Жібекке айналады. Ал апайдың дара талант екеніне сенің дауың жоқ қой? 

– Жоқ, – деді, – Қабылбек күрсініп,– апай тұлпар талант, хас талант!

Жүрегі жібиін деді.

Дастарқан басына орналастық. Көбісі апайдың магнитіне шоқадай тартылатын қыз-келіншектер. Қала әкімі отырарға жер таппағандай тыпыршуда. Өлі тыныштықты бұзған облыс әкімдігінің аппараты басшысының орынбасары Құлбек Ергөбек:

– Апай!  Кеш өте жақсы өтті, – деп орнынан түрегеле бергені сол екен, апай: – Отыр! Екі! – деді саңқ етіп. Ол үнсіз отыра кетті. Жүрегі нәзік қыз біткен жанарлары жәудіреп маған қарайды… Бірнәрсе айтайын десем, менің де аузымды ұрып, қан қыла ма деп сақ отырмын. Өлі тыныштық қорғасындай басып бара жатқан соң амалсыз орнымнан тұрып:

– Апа! – дедім. – Осы Қабылбекті қашанғы ұра бересіз? Ол да ақын ғой. Бәріміз де ақынбыз. Ақынбыз деп жүрміз. Деңгейіміз әртүрлі болғанымен, сүйегімізде ақындық бар. Сіз – кемесіз, біз – қайықпыз. Сіз жақындағаннан-ақ, қалт-құлт етіп, жағаға бет ала бастаймыз. Ол рас қой, – деп апама тіке қарадым.

Апам да қарап қалмай:

– Қашан ұрдым? – дегені.

–Есіңізде ме, Аян Нысаналин елу жасқа келгенде осы оңтүстікте болғандарыңыз? Пединститутта. Халықпен кездесу өткен. Мінберде бірге отырдық. Мен ол кезде мәдениетте едім (әдейі басқарма бастығы екендігімді айтпадым) де,  Қабылбек – қақырығы құйма алтын, түкірігі түйме алтын болып тұрған – Обкомның білдей бөлім меңгерушісі болатын. Сіз сөзіңізде «Бұл елдің әкім-қаралары мына жиынға неге қатыспайды?» деп өкпе-наз білдірдіңіз. Сонда залдан «Төретаев отыр ғой» деген дауыс шықты. «Менің деңгейім Төретаев па?» деп қалғансыз. Қабылбек былай шыға маған: «Апай келеді, ақын келеді, менің ұлы ұстазым келе жатыр деп кеш бойы әйеліме мақтанып ем. Кеудемді сағыныш сезімі жаулап еді, өзің білесің, Сұлушаш осы оқу орнында мұғалім болғандықтан, алдыңғы қатарда масаттанып отырған. Жаңағы сөзден кейін кірерге тесік таппай қалдым. Халықты қойшы, қатынымнан ұят болды», –  дегені бар еді.

Апам осы мезет мырс етіп күліп жіберді. Әсіресе «халықты қойшы, қатынымнан ұят болды» дегені айналаны да әдемі күлкіге бөледі. Апай қанаттанып:  «Менікі жай сөз ғой, жақсы көрген адамымды тұқыртып сөйлеу әдетім, әйтпесе, Қабылбекті комсомолда жүрген кезінен білемін, өзі жап-жақсы ақын!» – дегенде көпшілік те үстінен тонна жүк түскендей бір серпіліп қалған болатын.

Әрі қарай отырыс жылышырайланып, әдемі әзіл-қалжыңға ұласып кете берген.

 

«АҚҚУДАЙ САМҒА!..»

Өмір атты толқынға бір батып, бір шығып жүріп, елу бес жасқа да келіп қалыппын. Елге рахмет, мерейтойды өз дәрежесінде өткізуге тайлы-тұяғы қалмай кіріскен. Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстаннан келген қонақтардан өзге, бүкіл облыстардан да құттықтаушылар жиналған. Әзілхан аға айтпақшы, залда ине шаншар орын қалмаған. Тік тұрғандары да бар.

Алғашқы сөзді алған облыс әкімі Болат Жылқышиев құттықтап, сый-сияпатын тапсырды. Одан кейін сөйлеген Қадыр Мырзалиев ағамыз поэзия әлемін сонау Шығыстың жеті жұлдызының өмір  деректерінен мысалдар келтіре сөйлеп, ақынның да,  көрермендердің де көңілінен шығатын аталы сөз айтты. 

Үшінші болып Фариза апам сөйледі. Сөйлегенде бүйдеді:

–Ханбибі мен жайында «Шындыққа қарай жүздім мен» деген эссе жазыпты. Онда менің кілең нашар жағымды термелеп жазыпты…

Зал сілтідей тынды. Кейбір жанашырлар бірнеше минуттан кейін бомба жарылардай қипақтай бастады. Микрофоннан алыстау отырған мен жаққа бір қарап қойды. Жанымдағы кешті жүргізіп отырған Мархабат Байғұтқа саусағын шошайтып: – Сен де барсың оның ішінде! – деді.

Апайдың шешендігі көп қырлы, көп сырлы, әр сөзінің арасында үзіліс (пауза) жасап қояды. Қауымның демі ішінде. Сол кезде апам қолын көкке көтеріп:

–Бәрі шындық еді. Шындықты жазбаған ақын – ақын емес. Ханбибі – нағыз ақын! – дегенінде залдағы қол соғу дүмпуі әлі күнге құлағымнан кетпейді.

Айналайын  халқымнан, мен үшін сүйіне де, күйіне де білген. Ұзаққа созылған қол соғудан ба, менің көзім қарауытып, құлағым бітелді де қалды. Апам әлі сөйлеп тұр. Мен естімеймін. Бұлдыр-бұлдыр, күңгір-күңгір  айналам.

Мархабат құйған стақандағы судан ұрттадым білем, тағы дүрлігу, үсті-үстіне қол соғу. Тіптен кейбіреулер орындарынан тұрып, екілене ысқырып жатыр.

– Мархабат, не деді?

– Менен оздың, – деді.

– Қой, қой, олай айтуы мүмкін емес!

– Кейін бейнекамерадан көресің.  Сені шақырып жатыр, бар! – деді.

Апайдың жанына әрең жеттім.

– Аққу мамығынан жасалынған мына жағаны мойныңа саламын, өмірде де, өлеңде де аққудай самға! Мен биыл алпыс беске келемін. Он томдық кітабым жарық көрді, соның сүйінші данасын да саған тапсырамын!

Қайран апам-ай! Отқа да салатын, суға да салатын!

 

Мойындау

Фариза  жағыну мен шағынуға жоқ. Ол тек екі түс – ақ пен қара. Түрлі-түсті бояумен құбылу мен құлпыру – жанына жат.

Жетпіс жылдығы аталып өтті. Осы мерейтойдан кейін апамның жан дүниесінде бір өзгерістер бола бастады. Мінезі жұмсарып, жан-жағындағыларға кешірімшілдікпен, бауырмалдықпен қарайтын болды. Айналасын түгелдеуге бекінгендей. Қасым Қайсенов ағамыз да өмірінің соңғы жылында: «жазушылардың үлкені мен болып қалдым, айналамда кімдер бар, бір шолу жасап қояйын», – дейтін. Фариза апам да осылай ойлайтын сияқты. Қатарлас, қаламдастары – Қадыр, Тұманбай, Сәкен, Өтежандар бірінен соң бірі сапарлап жатқанда, ойланбауға мүмкін емес сияқты.

Бұрын зәуімде бір телефон соққанда құрғақ сөйлесетін апам  енді өзі іздей бастады:  «Қолдарың тие бермейді, амандық білгім келіп соғып тұрмын».

Балаларды, тіптен немерелердің де атын атап, түсін түстеп сұрайтын.

Апайдың мінезіндегі өзгеріс кейде көңілді күпті қылғандай. Ойлана келе ол жұмбақтың шешімін тапқандаймын. Қолымда – 1978 жылғы «Жұлдыз» журналының үшінші саны. Онда менің өлеңдеріме білдірген ықылас-тілегінде мынадай жолдар бар екен:

«…Шаршап-шалдыққанда, жылдар мүжіп, жаның жұқарған сәттерде, артыңдағы бел-белестерге көз салып, көңіліңді тоқ етер біреулердің барын сезіну қандай бақыт!..» – деп аяқтапты. Демек, осыдан отыз бес жыл бұрын бүгінгі күнін елестеткен екен-ау.

Сол жетпіс жылдығынан кейін, обыр ауруына тап болыпты. Ол пәледен қашып құтылу, құлан-таза айығу – тарихта әлі күнге кездеспеген екен. Науқастың бұл түрі – айналасы бес-алты айда, әрі кетсе, бір жылға ғана жетеді дейді. Ал апамның бойындағы қажыр-қайраты, әуелі Алла, содан кейін Иманғали сияқты адал сүт емген азаматтардың қаржылық демеуі – бес жылға дейін өмірін созды. Германияда екі рет күрделі операция жасалынды. Алғашқы сапарында көкірек обыры болғандықтан оны сылып тастауға мәжбүрлік туды. Жеті рет химиясын да алды. Отадан кейін апайдың көңіл-күйі көтеріліп, жап-жақсы жүрді. «Обырдың ошағын күйдіріп тастады, енді апамыз оңалып, беті бері қарайды», – деп ертелеу қуанып қойыппыз. Арада үш жыл өткенде әлгі аурудың белгілері өкпеден көріне бастапты. Германияға қайта барды. Өмір үшін күрес жалғасты. Ұзақ мерзім емделуге тура келді.

Шетелге соңғы барып келгеннен кейінгі мына нәрсе ойыма оралып отыр. Кенеттен апай үйге телефон соқты. Көңіл-күйі жақсы. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

–Ханбибіжан, Германиядан аман-есен оралдым. Тек, өкпемнің жартысын алып тастағаны болмаса,- деді.

–Апа, қазір еменнен семен өкпеге ота жасалынып жатыр ғой. Өкпе өседі дейді. Ә, демей-ақ қалпыңызға келесіз.

–Алты килограмм тастадым…

«Онсыз да жүдеу еді, енді несі қалды?»    деген суық ой сумаң ете қалды. Өзіме-өзім ұстамдылық танытып:

–Апа, «ет – қонақ» деген бар. Бірде келіп, бірде кететін нәрсе ғой, әлі-ақ оңалып, қайта толысасыз.

Жұбатуым дәлелді шықты ма, мені ес көріп шағынғысы келді ме, әлде жылы сөз айтсын дегені ме:

–Бір аяғым қисайып қалды ғой…

Одан әрі жұбатуды жөн көрмей, әрі бұрынғы қайратына мінсін деген оймен:

–Апа, елге сіздің аяғыңыз емес, өзіңіз, сөзіңіз керек. Адамға жасы келген соң, қақшаңдап емес, ақсаңдап жүрген де жарасады.

–Әй, қайдам… – деді  апам әлденеге сеніңкіремей.

–Апа, аяқтан шалған  ауруды елемей, әлі күнге келе жатқаныңыз – ел-жұртыңның, халқыңның тілеуінің арқасы. Бәрі амандығыңызды тілейді. Көп тілегін Алла да қабыл алады дейді білетіндер.

–Солай ма? – деді нанғыштығына басып.

–Сөзім дәлелді болуы үшін бір аңыз әңгіме айтып берейін, оған уақытыңыз бар ма?

–Әрине, әрине, уақытым болған соң звондап тұрмын ғой.

–Ендеше, тыңдаңыз. «Ертеде бір бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты, бір перзентке зар болыпты. Жасының еңкейіп бара жатқанын бағамдаған бай бір намаздың үстінде Аллаға мінәжат қылыпты: Ей, Алла, бір бала беріп, көзіме бір көрсетіп алып кетсең ризамын. Сонда Алла иіп: бір бала берейін, бірақ бір жылдан кейін алып қоямын. Риза болған бай «Әмин» деп бетін сипапты. Айтқанындай, бәйбішесінің аяғы ауырлап, дүниеге шекесі торсықтай бір ұл әкеліпті.

Баланың балдай қылығына тоя алмаған бай ұлдың өмірге келгеніне жыл жақындап қалғанын сезіп, көңіл-күйі түсіп, мазасыздана бастайды.

Содан бала бір жасқа жақындағанда ұлан-асыр той жасап, тойға келгендердің барлығына бір-бір малдан ұстатады. Риза болған халайық: «Ұлың өмірлі болсын», «Жасы ұзақ болсын» деген тілеулерін айтып тарасады.

Жыл өтеді. Бай баласы аман-есен шапқылап жүр. Көңілін күдік кернеген бай  Алладан хабар күтумен әлек. Күте-күте шыдамы таусылған бай бір күні намаз үстінде Алламен тілдесіпті дейді.

–Ей, құдіреті күшті Құдайым, сұрағанымды бергеніңізге мың тәубе, уәдеңізді ұмыттып кеткен жоқсыз ба? – депті сақалынан жас саулап.

Сонда Алладан хабар келіп, былай депті:

–Сен уәдені өзің есіме салып, адалдығыңды таныттың. Елге бар малыңды таратып беріп, жомарттығыңды таныттың. Қалың қауым ел сенің балаңның ұзақ жасауын менен сұрады. Мен де халық тілегімен санасамын. Бердім балаңа ел сұраған ұзақ жасын, –  деген екен дейді».

–Аңыз да болса, мазмұны терең екен, – деді апам, жайдарыланып. – Айтқаның келсін. Үстімнен жүк түскендей жеңілденіп қалдым, рахмет, айналайын, өзіңе де, ертегіңе де!

Арада біршама уақыт өткенде апама телефон соқтым. Хал-жағдайын білмек болып.

–Ау, Ханбибіжан, өзім де звондайын деп отыр едім, кешегі самолетпен жіберген саумал қымызыңа рахмет. Бір септігі тиер деп, аздап ішіп жатырмын. Мен саған бірдеңе айтайын деп едім, – деп, аздап кідірді.

–Айтыңыз, апа!

–Өмір жүйрік, құйғытып өте шығады. Есікті ашып-жапқандай ғана дегендерге сене бермеуші ем. Расында, солай екен. Қазір өзімнен есеп алып жатырмын. Қанша адамның көңілін қалдырдым. Менікі дұрыс деп қатты сөйлеген, батылмын деп батыр сөйлеген кездерім көп болыпты. Адамдар қандай кешірімшіл, маған келгенде төзімді болды. Кейбір жөнсіз, жол-жосықсыз біраз адамның көңіліне тиіп, жаралағаныма өкініп отырмын. Бәрінен кешірім сұрағым келеді. Бірақ,  кемшілігімнің қайсыбірін жөндейін. Оған уақыт та тарылып барады. Айналайын, саған айтып отырғаным, қатқыл болма, жұмсақ бол! Айналаңдағылармен санас. Жұрттың көңіліне абай бол! Ел сені ардақтап, қаумалап жатса – құлым деп емес, пірім деп қара. Мен  жіберген кемшіліктерді қайталама! – деп сөзін аяқтады.

Телефон тұтқасын орнына қойып, көзімдегі іркілген жасты сүрттім.

Адам болып туып, пенде болып жасағандардың бәрі өмірде мүлт кетіп, жаза басқандығын осылай мойындап жатса ғой, шіркін! Өзіне-өзі сын көзбен қарай білу, мойындай білу де ұлылық емес пе? Апам әлгі сөзін маған неге айтты? Мүмкін, мен арқылы көңілін қалдырған адамдардан кешірім сұрап, бақұлдасқаны ма екен? Кешіріңіздер, кеше гөріңіздер, мейірімді жандар, ақжүрек ақынның кей тентектігін!

*  *  *

Құрметті оқырман! Көзді ашып-жұмғанша, апамның жылы болып қалыпты. Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын халықпыз ғой. Осы асығыстау жазылған естелігімді Фариза апамның өз сөзімен аяқтасам деймін:

«Шаршап-шалдыққанда, жылдар мүжіп, жаның жұқарған сәттерде  артыңдағы бел-белестерге көз салып, көңіліңді тоқ етер біреулердің барын сезіну қандай бақыт!»

Апа, шаршадыңыз. Демалыңыз енді!..

Ханбибі Есенқарақызы,

ақын.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз