ӨМІРІМДЕ ӨЗІНДІК ІЗІ ҚАЛҒАН…

Жуырда Атырауға шығармашылық іссапармен жазушы, публицист, өнертанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сара Ләтиева ат басын тіреген болатын. Осы сапарда Сара Шәріпқызы өзінің өмірінде өнеге болған тұлғалар жөнінде ағынан жарыла сұхбат берген. Сол осы бір мақаланы да ол «Атырау» газетіне беріп кетті. Сол аманатты оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Мен «Қазақстан пионері» газетінде жауапты хатшы болғанымда тікелей бастығым Фариза Оңғарсынова болғаны рас. Ол кісінің ақындығы, қайраткерлігі туралы көптеген естеліктер айтылып жатыр, айтыла да бермек. Менің тоқталғым келгені – оның өз ұлтының салт-дәстүріне адалдығы, қазақтың қадір-қасиеті үшін шыр-пыр болатындығы.

Мәселен, анау Германиядан келген аудармашы неміс қызымен болған оқиғаны алайық. Иә, ақын үшін өз өлеңдерінің насихатталуы, оның ішінде басқа елдің тіліне аударылуы – ерекше қуаныш. Оған қолы жетпегендер қаншама! Ал, Фариза болса, «менің халқымның салты мен дәстүріне күлген адам менің де өлеңдерімді аудармай-ақ қойсын», –  деп үйінен қуып шығады! Қандай мінез! Ол қандай да бір қадамды ойланып барып жасайтын.

«Қазақтың ақын қызы» деген атаққа көзі тірісінде дақ түсірмеді. Сонымен қатар, ол кісі ғажап педагог, психолог болатын. Мәселен, лездемеде бізден газетке тың ойларды, тың айдарларды табуды талап ететін. Ал, өзінің басында идея толып тұратын. «Ау, неге ойланбайсыңдар? Мына бас адамға не үшін берілген?» – дей отырып, өзінің ойындағы қаптаған тың ұсыныс-пікірлерді айтқанда ішімізден таң-тамаша болатынбыз.

Әлі есімде, Ұлы Жеңіске арналған нөмірге ардагерлерді шақырып, «дөңгелек үстел» ұйымдастыру туралы идея тастады. Сөйтіп, әр журналиске бір-бір қонақтың аты-жөні, телефонын беріп, ұйымдастыру тапсырылды. Маған Роза Шамжанова деген қайраткер апамыз түсті. Ол кісіге телефон шалып, қонаққа шақырдым.Тәптіштеп түсіндіріп жатырмын. Келісті.

Бірақ, дәл шара өтетін күні телефон шалсам: «Мен күнтізбеме жұмыстарды жазып қоям, мұны жазбаппын, бара алмаймын», – деп қарап отыр. Фәкең маған ұрсып жатыр. Содан менімен бір бөлмедеотыратын ақын Рза Қунақова Роза апайды таниды екен. Кешірім сұрап алып келді. Сонда Фариза апай: «Әне, көрдің бе? Қалай тіл табысу керектігін? Екіншілей есіңде болсын», – деп әрі басшылық, әрі апалық қамқорлықпен айтқан еді.  

Ол кезде Наурыз мерекесі дәл қазіргідей атап өтілмейтін. Кеңес өкіметінің кезі ғой. Алайда, Шерхан ағамыздың үлгісімен біз де өз газетімізде астыртын болса да Наурызды атап өтетінбіз. Мәселен 22 наурыз күні шыққан газетті ерекше безендіріп, «Көктем келді, жыл басталды» деп Ұлыстың Ұлы күніне орай сол тақырыпқа сай мақалалар беретінбіз. Бірде Наурыз мерекесіне орай шығатын газетке Нұрлан Оразалин екеуміз кезекші болдық. «Қате жібермейік, апай ренжімесін», –  деп ерекше шұқшиып, түнімен қарап, бір-бірімізге дауыстап оқып, газетті жібердік.

Таңертең келе жатсам, редакцияның алдында Фариза апамыз тұр. Қолында – газет. Мен жанына келген кезде: «Мынау не?» – демесі бар ма? «Газет», – дедім мен де қырсыға қалып. «Газет екенін көріп тұрмын. Өздерің оқымай жібергеннен саусыңдар ма? Қайда қарадыңдар?» – дейді шұқшия қарап. «Түнімен оқыдық, Нұрлан екеуміз мұқият қарадық», – десем, «онда мынау не?» – дейді. Қарасам, «Көктем келді» деген тақырыптың қақ ортасындағы «к» әрпі  түсіп қалған. Сол кездерде инфаркт  болмай, бізді жұмыстан шығарып жібермей тәрбиелеген менің бас редакторым Фариза Оңғарсынова – қазақ десе жанын беретін патриот, өзінен кейінгі жастарға арқа сүйер ақылшы бола білген жан.

Сара ЛӘТИЕВА,

Қазақстан Жазушылар

Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз