ҮНЕМДЕГЕННЕН ҰТАРЫМЫЗ КӨП

Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысқа қарсы шаралардың нақты бағдарын айқындап берді.

«Біз мұндай өткінші қиындықтарға, алапат дағдарыстарға қайыспай төтеп бергенбіз. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиындықтарды еске алыңыздар. Азия дағдарысынан, тіпті дүниежүзілік дағдарыстан да табысты өттік. Экономикасы кемімеген санаулы елдердің қатарында болдық. Сол күндердің өзінде бойға қуат, ойға сенім орнаттық» деген Мемлекет басшысы әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы негізгі ат-қарылар шараларды саралады. 

Тәуелсіздікке қол жеткенге дейін талай тағдыр теперішін бастан өткердік. Түрлі мәселелермен бетпе-бет келдік. Алда кездесер экономикалық қиындықтардың да аз болмасы белгілі. Осыған тоқталған Мемлекет басшысы дағдарыстан шығудың негізгі тетігі ретінде «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынуы өте құптарлық жайт болды.

Әлемдік дағдарыс белең алған қазіргі кезеңде индустриялық-инновациялық бағыттан басқа жобалар қысқартылуы керек. Елбасы  өндірісті әртараптандыруға, әсіресе, өңдеу салаларының дамуына  көбірек көңіл бөлінетіндігін айтты. Бұның инновациялық жаңалықтарды экономиканың  шешуші салаларына енгізуге, оны индустриялдық сатыға көтеруде маңызы зор.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жиын барысында 2015 жылғы  республикалық бюджет қаржысының 500 миллиардқа қысқаруына қарамастан, халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуді міндеттеді. Расында да, дағдарыс кезінде үнемдеу мәселесі басты мәселе болуы тиіс. Бұрын қаржыны үнемдеу жағы айтылғанмен, ол іске асырылмады. Қатаң қадағалау, сұрау болмады. Енді сұрауы болады деп ойлаймын.

Ғаламдық дағдарыс жағдайында отандық экономиканы одан әрі дамыта отырып, өнімділік көлемін арттыру, елдегі әлеуметтік, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан соң, Премьер-министр Кәрім Мәсімов шұғыл жиналыс жасады. Жиын барысында Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру жөнінде Үкімет мүшелеріне нақты тапсырмалар берілді. Біз, Парламент депутаттары, өз тарапымыздан жақын арадағы отырыста республикалық бюджетті қайта қарайтын боламыз. Мұны біз ғаламдық дағдарысқа қарсы жасалған бірден-бір маңызды шара деп қабылдауымыз керек.

Жалғас ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,

ҚР Парламенті

Мәжілісінің депутаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз