Назгүл Жұмекеева, орман шаруашылығының инженері: «Қара жерден қуат аламын»

3191f145 dd41 4fa5 bdf0 ae3abafaa7d4 Қоғам

Экологиясы нашар, жері сортаң өңірде ағаштың түр-түрін өсіруге болады. Өзге аймақтан, тіпті шетелден әкелген жасыл-желектерді де жерсіндіріп, жайқалтудың жолы бар.

Атыраудың ең алғашқы қарағайы

45e84903 a9a0 45c3 b2d9 950b63c631b4

Жайық жағалауындағы ерекше көз тартарлық жасыл аймақ «Аяулым» шаруа қожалығына келдік. Аумағы 7 гектарды құрайтын алқап айрықша көгалдандырылған. Мұнда егілген сан алуан ағаш жайқалып, айналаға ерекше сән беріп тұр. Әсіресе қатар-қатар тізілген, биіктігі 6 метрге жететін мәңгі жасыл қарағайлар ну ормандағы көріністі көз алдымызға әкелді. Кейбіріне құстар ұя салып үлгеріпті. Бірқатары бүршіктеніп, дән беріп, қылқанжапырақтыларды көріктендіріп тұр. Осындай ерекше көрініске таңданып тұрғанымыз сол-ақ еді, «ал, сіз мұның 8 сантиметр кішкене ғана өскіннен өскенін білесіз бе?» деген нәзікжанды бізге қарай беттеді.

«Аяулым» шаруа қожалығының жетекшісі, орман шаруашылығының инженері Назгүл Жұмекеевамен осы жерден басталған әңгімеміз «Атырауда ағаш өсіру қиынның қиыны» деген көпшілік арасындағы енжарлық түсінікті бір сәтте жоққа шығарғандай болды.

6de515d3 186b 4e0b ace0 409383d88e57

-Бала кезден қылқанжапырақты кәдімгі қарағайға қызығушылығым ерекше еді. Осыдан 15 жыл бұрын осы арманымды іске асыруға бел буып, Көкшетаудан жіп-жіңішке, ұзындығы 8-10 см. болатын 10 мың дана қарағай екпесін алдырдым. Бұл ағашқа негізінен құмды жер мен құнарлы топырақ керек. Біздің өлкенің жері тұзды екенін білсем де тәжірибе ретінде ең алғаш «Атырау» ықшамауданындағы құрбымның үйінің ауласына ектім. Алғашынды жартысына жуығы күнге күйіп кетті. Қалғанының үстіне су шашып, кенеп жауып, күннен қорғап екі жыл өсірдік. Осы уақытта 2-3 см. ғана биіктеді. Одан кейін Талқайраңда, Сарыөзекте таныс-тамырдың жерлеріне ауыстырып отырдық. 2015 жылы осы шаруа қожалықты ашып, қыста Жайық жағалауына отырғыздық. Бұған дейін үш жерде егіліп, балаша бапталған ағаштардың мынау төртінші орны. Бұлар ерекше күтімді қажет етеді, ылғалсүйгіш. Ебін тауып, шөлейтті далада, құмды жерде өсіруге болатынын дәлелдедім, – деді Назгүл Жұмекеева.

Бұл жерде осындай биіктікте 50 қарағай өсіп тұр. Жайық жағалауында бір метрлік қарағайдың 500 данасы тағы өсірілген. Былтыр басқа қаладан қарағайдың дәнін алдырып та егіпті. Әрбір істен нәтиже көре білетін табиғат жанашыры бұдан екпе шығара алатынына сенімді. Биыл өзі өсірген аумақтарындағы ағаштардың бүршігінен де дән алып, егуді жоспарлаған. Алдағы уақытта дәннен өскіндер жақсы шығып жатса,  көшеттерді Атыраудың ең алғашқы бренд қарағайы ретінде сатылымға ұсынуға болатынын  да айтты. Шаруашылық иесі қылқанжапырақтылар егілген осы аумақты дендропарк етіп жасақтауды да қолға алыпты.  

43e69f0e 5b9d 4ba5 81cf 672252d5e9d0

«Тауық сойса да қасапшы сойсын»

«Тауық сойса да қасапшы сойсын» демекші, Алматы ауыл шаруашылығы институтынан «орман шаруашылығы инженері» мамандығын бітірген Назгүл Жұмекеева өзі қалаған кəсіпті əркез мақтан тұтады.

-Мамандықты таңдауыма саналы ғұмырының 40 жылын орман шаруашылығы саласына арнаған əкем Құрманбай Жұмекеевтің тікелей ықпалы зор. Бала кезде әкемнің арнайы қызметтік формасына қарап ерекше қызығатынмын. Оқу орнын бітірген соң әуелі бірнеше жыл мемлекеттік қызметкер болдым. Қазір өз шаруа қожалығымызда Жер-Ананың сыйы –  жасыл-желектің ортасында таңнан кешке дейін еңбек етіп жүрмін. Әр ағаштың бабын тауып, күтіп, баптап,өсіруді жаным сүйеді. Өйткені, мен қара жерде жұмыс жасап, содан қуат алатын адаммын.

Басты бағытымыз – орманды алқаптарға отырғызылатын көшеттерді өсіру. Мұнда табиғатқа əсемдік сыйлайтын сəндік және жеміс ағаштарының түрлері бар. Қарағаш, үйеңкі, терек, шаған, тал, мамыргүл, боз арша, мойыл, сіркеағаш, жидек, итмұрын, қытай шағаны секілді ағаштар көп. Орынбордың  жоғары сұрыпты шыршасы да сатылымда. Одан бөлек, үй маңындағы ауласының жəне ғимараттарының айналасына ағаш өсіруге ниетті тұрғындар мен мекеме-ұйымдардың тапсырысын орындаймыз, – деді ол.

Осындай игі бастаманы жалғастыру ісінде барша атыраулық белсенділік танытуы керек. Өйткені, өлкедегі қазіргі экологиялық ахуал «атадан мал емес, тал қалсын» деген қағиданы жиірек еске салып тұр.

-Бізде техникалық, аграрлық сала мамандары жетіспегендіктен жұбайым Данияр Арыстанғалиев жол құрылысының инженері мамандығынан қол үзіп, менімен бірге ағаш өсіру ісіне ден қойды. Ер адам жасайтын жұмыстың барлық тауқыметін өзі көтеріп, күннің ыстығына да, суығына да төзді. Кейін ағаштарда тұқымдардың пісуі, оны жинап алу, сақтау, егістік жерлерге ектіріп, ағаш етіп өсірілуі, оны тұтынушыға жеткізу, егіп беру, жердің құнарлылығын анықтау жұмыстарын өзі атқарып келеді. Қасымыздағы жұмысшыларымыз қоян-қолтық еңбек етуде. Арнайы мамандардың тапшылығы да бар. Қазір жастар орман шаруашылығы мамандықтарын таңдауға қауқарлы емес. Көбі мұнай-газ, заңгерлік мамандықтарды таңдайды да, ақырында бәріне бірдей жұмыс орны жетіспегендіктен, жұмыссыздықтардың қатарын арттырып отыр. Маусымдық жұмыс болса да 150 мың теңге жалақыға жергілікті тұрғындар келмейді. Қара жерде қара жұмыс жасауға ниетті емес. Осы пиғылдан арылып, өлкенің болашағы үшін әр адам осындай жұмыстарды қолға алғаны жөн. Аймақта ну орман қалыптастыруға атсалысса деймін. Тек сондай көзқарас танытып, жаппай әрекет жасалса, жасыл желектің жанымызға сая болары сөзсіз, – деді Назгүл Құрманбайқызы.

b823fbdd a263 4b41 af81 8eb36d8a6568

Өлкеге жасыл белдеу қажет

Кейіпкеріміздің айтуынша, қала ішіне жасыл желектің көптеп отырғызылғаны  дұрыс. Бірақ, Атырауға ең басты қажетті нәрсе – шөлейт даланы көгалдандыру. Қала сыртындағы аумақтарда жалпы көлемі 40-50 мың гектар жерде жасыл белдеу қалыптастыру керек.

-Мұны іске асыру үшін ең алдымен сол жер телімдеріне мұнай компаниялары арқылы су құбырлары жүргізіліп, тамшылатып суару жүйесі жасақталса деймін. Осы мәселе шешімін тапқаннан кейін көшеттер отырғызылуы қажет. Толық жасыл белдеу қалыптастыру үшін Атырауда біз секілді жүздеген шаруа қожалығының болуы маңызды. Барлығы жұмылған жағдайда ғасырлар бойы шешімін таппаған проблема іске асады. Жергілікті билік осы мәселеге бүгіннен басымдық берсе деймін. Бұл ұрпақтың келешегі үшін маңызды, – деді Н.Жұмекеева.

999cd8de cae5 4116 9342 13bfb9f36c1c

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл бұрын «республикада шөлейтті жерлерге 2 млрд. ағаш егілуі керек» деген міндет жүктеген болатын. Соған сәйкес арнайы бағдарлама жасақталды. Ал, бүгін тапсырманың мұнайлы өңірдегі орындалысы төмен болып тұр. Сала маманының айтуынша, аудандарда шөлейтті жерлерге дән себілгенімен, оның нәтижесі  50-60 пайызды құрауы мүмкін.

-Ал, Атырау қаласында мұнай компанияларымен меморандум жасақталып, әрқайсысына көгалдандыру үшін 600-800 гектардан жер телімі бөлініп берілді. «Бақсам, бақа екен» демекші, бұл жерлерге көшеттер отырғызылғанымен,  алдағы уақытта олардың жүйелі суару мәселесі реттелмеген. Әзірге мұнай компаниялары су тасу көліктерімен суарып жатыр. Кейін келісім-шарт мерзімі аяқталып, бұл белдеулерді жергілікті әкімдіктердің қарауына тапсырғанда суару жұмыстарына мемлекеттің қаржысы жетпей, егілген ағаштардың қурап қалу қаупі бар. Мұның алдын алу үшін жасақталған Меморандумды қайта қарап, суару мәселесін пысықтап алған жөн. Бұл тұста әлі де ғылыми зерттеулерге басымдық беру керек, – деді ол.

P.S. Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған табиғатқа деген жанашырлық Назгүл Жұмекееваны өз ісінің хас шебері етіп қалыптастырды. Дәннен көшет, көшеттен 300 жылдық ағаштарды өсіруді қолға алған оның еңбегі әр адамға үлгі. Бүгінгі егілген ағаш қазірге қорған болса, келесі ұрпаққа таусылмас байлық. Ендеше, ағаш егу науқанында есеп-қисапқа емес, нақты нәтижеге жұмыс істеген жөн-ақ.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз