«Мүгедек» маңдайша, «сақау» аудармадан көз сүрінеді

zharnama Қоғам

Жасырып қайтеміз, біздің өңірдің құжат айналымы 99 пайыз қазақ тілінде жүргізіледі деп бөркімізді аспанға лақтырғанымызбен, дүкен-кафелердің маңдайшалары бұл статистиканы жоққа шығарады. Облыс орталығын түгел айналып шықпасаңыз да, көшеден баттиып өзге тілде шұбарланған атауларды көргенде жүрегің ауырады. Өз елінде, өз жерінде бейшараның күнін кешкен ана тіліміздің жағдайына алаңдап қаласың.

Ең сорақысы, орталық көшеде, орталық көпірден түскен бойдағы екі қапталды бойлаған шет тіліндегі атауларды оқып, тамағымызға сүйек тұрып қалғандай қиналып қалдық. Түрлі «мүгедек» маңдайша мен «сақау» аудармалардан көз ашпайсың. Қазақ тіліндегі бір маңдайшаны көрсек, көзіміз шықсынның кебін кигендейміз. Бейнебір өзге елде жүргендейсің. Өкінішті, әрине. «Әттең-ай» деп басыңды шайқап жүре бересің.

Атырау қаласының қақ ортасындағы Zebra coffe, Мята премиум, Sancakтарың мен Ташкент плов центр, Авто свет, Coffee boom, Burger king-теріңнің қожалары маңдайшасын өзге тілдермен «таластырмай» ағылшынша баттитып жазып қойыпты. Облыс орталығының ортасында кәсібін дөңгелентіп отырып, осы елдің тіліне пысқырып та қарамайтын кәсіпкерлерге не дерсің? Менсінбейді ме, әлде, басынғаны ма? Бізге ол жағы беймәлім…

Сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің қате жазылуы, мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттардың жүйелі сипат алмауы кейінгі кездері жиі сынға ұшырап жүр. Шынтуайтында, кез-келген нысанның маңдайша жазулары мен жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде жазу – ел заңдарын құрметтейтін әрбір қазақстандықтың төл міндеті.

Мұндай өрескел қателіктер орталық көшелерде ғана емес, қаланың өзге жерлерінде де жетерлік. Мәселен, орталық мешіт айналасында мына бір дүңгіршіктер де атауын ағылшын тілінде жазып, «айды аспаннан шығардым» деп тұрған болар. Мешітке келетіндердің дені қазақ ұлтының ұлы мен қызы, ал қазақ тілінде жазса өндірісі тоқтап, өнімі өтпей қала ма екен? Кейбіреулер түсінбей қалады деп «уайымдаған» шығар, бәлкім? «Өзгенің қаңсығын таңсық қылған» ағайынның саудасына береке тілеп әрі қарай жүре бердік…

«Ренессанс» қонақ үйінің жанындағы Phillys деп атын шұбарлаған тез тамақ дайындайтын орынның иесі бұл жерде тек шетелдіктер жүреді деп топшыласа керек. Бірде-бір мемлекеттік тілмен жазылған сөз көзге түспеді. Иә, аталған қонақ үйдің негізгі тұтынушылары өзге елдік экспаттар екені рас. Десе де, кәсібіңді дөңгелентіп отырған елге деген сыйластық, құрмет дегенді ұмытпағаны жөн еді… «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа» болмаған соң, ойларына келгенін, әлде қолдарынан келгенін жасап бағады.

Мақала жазу барысында қаладағы кейбір мейрамханалар мен мекемелердің маңдайшалары да шұбарланып жазылғанын көзіміз шалды. Өкініштісі, алысқа бармай-ақ, көз алдындағы, мұрнының астындағы мұндай бассыздықтарды тиятын бір атқамінердің, тіл жанашырларының табылмағанына «әттеген-айлайсың».

Бұл тағы да сол мұрын астындағы, халық көп жүретін Ерниязов, Құлманов көшелеріндегі маңдайшалар. Суреттерден көріп отырғанымыздай, шет тілдің ыңғайына жығылу басым. 

Ол ол ма, Азаттық даңғылының бойы да өзге тілдегі шұбарланған жарымжан жарнама мен мақау маңдайшаға толы.

Қарап отырсақ, қала көшелеріндегі шағын дүкен-дүңгіршектерден бастап биік ғимараттар да ағылшын тілінде «асқақтауға» асық. Кейбірі жарнамасын да таза орыс тілінде беріп, айды аспанға шығарғандай.

Байқасақ, «Дина» базарының тұтынушыларының дені ауданнан ағылатын ағайын. Ал, сол маңайдағы көлік жөндеу орталықтары да қазақ тілін менсінбейтін секілді. Олар да барынша өзге тілде өзгешеленуге тыраштанғанға ұқсайды.

Басқа-басқа, дәл осы жердегі қызмет алушылар да, сол қызметті көрсетушілер де орыс тіліндегі жазбаға мұқтаж емес. Ресми тілдегі сөздерді қазақшаға бұрмалап, о-сын ө-мен, а-сын ә-мен алмастырып былдырлап жүргендерді талай көргенбіз.  Ендеше, неге түсінікті мемлекеттік тілде жазбасқа? Қазақ тілі бай, керемет қазақша атауларды табуға болатын еді ғой.

Онымен қоса, қандай көрнекіліктер жасалса да, қандай жарнама ілінсе де, оларда ұлттық мәдениеттің белгілері көрінуі қажет. Бүгінде көрнекіліктер мен жарнамаларға қатысты заң талаптары орындалмай отыр. Олардың мәтіні ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасатын жағдайда ғана өзінің негізгі мақсатын атқара алады.

Сонымен қатар, орыс тілінің грамматикасы мен нормасын айна-қатесіз қазақ тіліне енгізе салу өрескел қателіктер туындатып отырғанын да жасырып қалуға болмас.

Қазіргі таңда жарнама мәтіні алдымен орыс тілінде, тіпті шет тілінде дайындалады да, кейін қазақ тіліне аударылады. Сол тілде қалай жазылса, үтір, нүктесіне дейін қалдырмай, қазақ тілінде де солай жазу басым болып отыр. Оған лайық балама табу немесе қазақ тілінің тілдік ережелерін сақтау мүлдем ұмытылған. Алайда, жарнама туралы заңда «Жарнама қоғамда дүрбелең туғызбауға, жеке тұлғаларды агрессияға бастамауға, сондай-ақ, құқыққа қарсы өзге де әрекетті (әрекетсіздікті) қоздырмауға тиіс» делінген емес пе?   

Жалпы, мекемелердің маңдайшалары көрнекілік болып саналады. Қаланы аралау кезінде тозығы жеткен дүкен атауларының сиқы да сын көтермейтінін көз шалды. Ел аман, жұрт тынышта әріптері түсіп, жарымжан күйде тұрғандары қаншама?!

   Иә, қала көшелерінде көз сүріндірген көрнекі ақпараттар, жарнамалар мен маңдайшаларда кемшіліктер тұнып тұр. Тіпті, жазылған мәтін мен бейнеленген суреттің мазмұны келіспейтін билбордтар да көп. Оған мысал, әуежайға барар жолдағы Олимпбеттің жарнамасы ілінген билборд. Талай отбасының түбіне жеткен мұндай сорақылықты қаланың төріне аспандатып ілгеннен пайда не? Иә, ел бюджетіне қаражат түсетін болар, бірақ, мемлекеттің Ата заңының әрбір талабы әрбір адамның құқығын қорғау арқылы алып мемлекеттің амандығын, тұтастығын, тыныштығын сақтау емес пе еді?

Жасыратыны жоқ, «Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының талаптарын орындауда жайбарақаттық танытып отырғандар мен оны өрескел бұзушылардың қатары азаймай отыр. Маңдайшаларын шет тілінде жазып, мемлекеттік тілде жазуға мойын бұрмайтын жекеменшік нысан иелеріне заңнамаларды түсіндіру мен қызметтік хат жазудан басқа ешқандай шара қолдана алмай келеміз.

– Көшедегі билбордтар мен маңдайша жазуларындағы қателер және жекеменшік нысандардың атаулары мен сыртқы жарнамалары орыс тілінен мемлекеттік тілге сөзбе-сөз, шала-шарпы аударылып, мағынасы өзгерген дүбәра сөз тіркестері мен грамматикалық қателер өріп жүргені, кейбір нысандардың мүлдем қазақ қаріптерін қолданбайтыны, яғни, заң талаптарына сай жазылмайтыны жиі айтылып жүр. Көшелердегі көрнекі ақпараттар, маңдайшалар мен билбордтар патриотизмді дамытудағы қуатты құрал болуы керек. Яғни, ұлттың мүддесіне, елдің болашағына жұмыс істеуі қажет,-дейді облыстың Құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов.

Сонымен… Жарнама, маңдайшалардағы қателердің кетуіне кінәлі кім? Жауапты кім?  Бұған бірі жарнама берушіні кінәласа, енді бірі жарнама жасаушы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен қалалық бөлімдер жұмысының солқылдақтығынан көреді. Рас, таяқтың бір ұшы кәсіпкерлерге келіп тірелері анық. Ал, айтпаса да түсінікті, кәсіпкерлер палатасы мұндай жарнама-ақпараттық істеріне араласа алмайды. Өйткені, коммерциялық мекемелердің атауына ешкімнің араласуына құқы жоқ көрінеді.

Жарнама агенттігінің атын да, өз есімін де атамауды сұраған басшысы   «Жарнамаға, маңдайша жазуына тапсырыс түскенде мемлекеттік тілде жазылуы қажеттігін ескертеміз. Алайда, тапсырыс берушілердің бірі жазатын жерінің шағын екенін айтса, енді бірі қазақ тіліндегі жазбаға қаражатын қимайды» дейді. 

Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік тілді «менсінбеушілерге» кемшілігін көрсете қалсаң, заң талаптары туралы алғаш рет естіп тұрғанын айтып, ақтала бастайтыны әдетке айналған. Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі емес пе?

Жаза жеңіл болған жерде заң бұзушылық көбейетіні осыдан-ақ белгілі. Бұлай болса… Жарнама берушілер мен кәсіпкерлердің қате жіберген әрбір сөзіне үлкен көлемде айыппұл төлету қажет секілді. Осы мәселеге байланысты айтар Сіздің ойыңыз қандай?

А.ҒИЗЗАТОВА,

Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту,  дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы:

– Деректемелер мен көрнекi ақпараттар «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңына сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады.

Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс.

Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк-құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз