«Манасқа» – ғашықтық

m.e Қоғам

Биыл саналы ғұмырын мажар халқы мен күллі түркі халықтарының  бірлігі мен бауырластығы жолында бағыштаған біртуар тұлға, белгілі түрколог, тегі қыпшақ мажар ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қоңыр Иштван Мандокидің туғанына 80 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай жақында ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың жаңа кітабы оқырмандарға жол тартпақ. Бұл  кітапта Қоңыр Иштван Мандоки мен қазақ қызы Оңайша–Айша Мақсымқызының сан тарау өмір жолында тоғысқан тағдыры, махаббаты,  еңбек жолдары, арман-мұраттары және түркі дүниесінің алыптары мен тарих шежіресі туралы баяндалады. Бүгін осы кітаптан үзінді беріп отырмыз.

Алматыға Қоңыр жанына Оңайшаны ертіп келді. Қазақстанға келіп, ғылыми-зерттеу  жұмыстарын жүргізіп жатты. Оны біраздан Қырғызстан қызықтырып жүр еді. Бұл елге де барып, фольклорымен, этнографиясымен танысуды ойлайды. Бірақ Қырғызстанға баратын рұқсат қағазы жоқ. Алматыдан бес қадам ұзап  шығуға заң жүзінде рұқсат жоқ. Қоңыр Олжас досына тағы да сенім артып, Жазушылар одағына келді. Бұл жолғы Олжас екеуінің әңгімесі де бұрынғыдан ұзақтау болды. Олжас жаңа жырларын оқыды. Жазып жатқан кітабы туралы айтты арасында. Қоңыр оны бар пейілімен тыңдап отырды. Арасында «ғажап» деп басын шайқап, таңдайын қағып қояды.

– Олжас,  Ғабит Мүсіреповтің: «Шоқан! Қандай қысқа ғұмыр. Қандай әрі сұлу әрі ауыр тағдыр. Қандай таусылмас шежіре. Шығыстану көгінде халқымыздың тарихи болмысының биігінде мәңгілікке жарқырап тұрған жұлдыз ғой бұл!» деген сөзін саған арнап айтқым келеді. Қазақ көгінде жаңа туған Шоқан сенсің ғой! Өмірің ұзақ болғанын тілеймін. Шоқандар керек, Шоқандарды сақтауымыз керек, – деді.

a557ee59 107d 4b3f b6c5 7e4a1fc7791f

– Шоқан дара тұлға ғой. Шоқан деген шың ғой, заңғар биіктік қой! Шоқан шыққан тау ешқашанда аласармайды. Жылдар өткен сайын биіктей береді. Шоқаны бар елдің Олжасы болсам, маған сол да жеткілікті.

– Дұрыс қой, Олжас. Сөз жоқ, сенің алапат талантыңа бас ием. Сендей жанмен дос болу, қанаттас жүру маған күш береді. Шоқан Уәлиханов «Манас» – қырғыз мифтерінің, жомоқтарының, аңыздарының энциклопедиялық жинағы. Бұлардың барлығы бір ғана дәуірге және бір ғана Манас батырдың төңірегіне топталған» деп жазды ғой «Жоңғария очерктерінде».

– Иә, қырғыздардың «Манас» эпосын алғаш рет қағаз бетіне түсіріп, орыс тіліне аударған, аударып қана қоймай, эпосқа елдің алдымен танымдық талдау жасап зерттеген де біздің қайсар Шоқан ғой.

– Қырғыз халқының «Манас» эпосы барша түркі халықтарының ортақ жыр жауһары болып саналады. Мен Шоқан еңбектерімен таныса отырып, «Манасқа» ғашық боп қалдым. Көктүріктердің  дәуіріне апарғандай болды мені. «Манас» туралы танымымды қырғыз еліне барып кеңейтсем деген ойда жүрем үнемі. Сол ой, сол күш мені «Манас» болып өзіне шақыратындай. Көршілес қырғыз еліне баруым керек, көмектесші маған, Олжас досым!

– Құрметті Қоңыр досым! Өтінішің мәнді – маңызды болғанмен, орындалуы қиын-ау дегенмен, – деп Олжас ойланып қалды да, алдында тұрған телефонға қолын созды. Бір нөмірді тере бастады.

– Алло! Дінмұхамед Ахметұлы! Амансыз ба? Димеке! Мен сізді қиын-қыстау кезде ғана мазалаймын ғой. Айып етпеңіз. Бір шаруам бар еді.

– Амансың ба, Олжас? Айта бер, бастаған екенсің, іркілме, – деді Д.А.Қонаев – ықыласпен тыңдап тұрмын.

– Димаш аға! Менің жанымда түркітанушы қыпшақ  бауырымыз Қоңыр Мандоки отыр. Өзіңіз де білесіз, бұл кісінің визасы тек Алматыға арналған. Алматыдан екі метр қашық жерге де шыға алмайды. Қоңыр бауырыңыздың  үлкен жоспары бар. Қырғыз еліне барып, «Манаспен» жақын танысқысы келеді екен, – деді Олжас.

– Қарағым, Олжас-ай! Қонақ бауырымыздың бұйымтайы орынды-ақ екен. Бірақ амал не, бұл мәселені шешу менің құзырымда емес екенін сен түсінсең етті. Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің бастығы Шевченко жолдас не дейді екен? Сол кісіге хабарласып көрсең қайтеді?

– Жақсы, Димеке! Кеңесіңізге рахмет айтамын. Зухра апамызға менен сәлем айтарсыз, – деп телефон тұтқасын қойды да, жағын тіреп отырып біраз үнсіз отырды да, Қоңырға қарап:

– Сен есік алдына шыға тұршы. Мен ойланып алайын, – деді.

Кабинеттен Қоңыр шығып кеткеннен кейін, Олжас  В.Т.Шевченкоға телефон соғып, жағдайды айтып еді, арғы жақтағы дауыс:

– Жоқ! Болмайды! Олжас! Сен отпен ойнап тұрсың! Есіңді жи! – деп ақырды. Олжас шыдамай орнынан тұрып кетті.

– Мен қазір саған барамын! Оттың өзін қолыма ұстап барамын, – деп  Олжас та ақырды.

Сол қалпымен жел қуған құйындай кабинетінен атып шықты. Қабылдау бөлмесінде отырғандар Олжастың ашулы жүзін көріп шошып кетті. Олжас асығыс адымдап, баспалдақ сатыларынан секіріп түсіп бара жатты. Қоңыр артынан жүгіріп:

– Олжас! – деп еді, ол Қоңырға бұрылды да. – Мені күт осында! Қазір келем! – деп сыртқы есіктен шығып кетті.

Қоңыр ештеңеге де түсінбеді. Қазір келем деген Олжас бір сағаттан кейін оралды. Қолында табақтай бір қызыл папка. Жүзі жадыраңқы көрінді. Қабылдау бөлмесінде үрпиіп отырған Қоңырға:

– Кабинетке жүрші! – деді.

Олжас кабинетке кірген бойда қара телефонның құлағына жармасты да:

– Шықа! Шыңғыс бауырым! Амансыңдар ма? Саған қонақ жіберіп жатырмын. Қоңыр Иштван Мандоки деген Венгриядан келген түркітанушы бауырымыз. Кітап жейтін адам. Өзіміздің адам. Өзіңдей көріп күтіп алып, шығарып саларсың. Саған аманат! – деді.

– Жарайды, Олжеке! Оған сөз бар ма? Бәрін ұйымдастырам, – деген Шыңғыстың ақжарқын дауысы естілді телефонның арғы жағынан.

Телефон тұтқасын қойған Олжас Қоңырға бұрылды да:

– Мына қызыл папка. Қырғызстанға рұқсатнама қағазың! Мен өз атымнан кепілдеме жазып, осындай іс жасадым.

Қырғызстанға мемлекеттік арнайы көлікпен жіберем. Ол машинаны жолдағы постылар тоқтата алмайды. Аман-есен барып келіңдер. Ертең таңда Алматыдан шығып кетесіңдер. Шыңғыс Айтматовқа телефон соғып тапсырдым. Ол жақтағы «папаң» – Шыңғыс болады, – деді.

Шыңғыстың атын естігенде, Қоңыр қуанып кетті. Шыңғыспен дидарласу көптен бергі арманы еді.

– Айналайын, Олжас! Құдай берген Олжас! Саған ризашылығымды қалай білдірсем екен! Екі дүниеде жағың түскенше жамандық көрмеші! Құдай жасыңды ұзақ қылсын сенің! – деп ақжүрек досын қапсыра құшақтай алды.

– Сен үшін отқа да түстім, күймедім. Суға да түстім, батпадым. Аман барып қайтшы, қыпшақ бауырым! Сен келгенше менің де жаным тыншымас. Абай болыңдар! Жолдарың болсын! – деп шығарып салды.

Қоңыр өзін тағатсыздана күтіп отырған Оңайша мен Ерденге қолындағы рұқсатнаманы көрсетіп,

– Ал, көгершіндерім, жолға жиналамыз! Қырғызстанға барамыз! –  деді қуанышты дауыспен.

Таң қылаң бере жылтыраған қара «Чайка» қара жолдың үстімен Алматыдан Бішкекке қарай жүйткіп бара жатты. Жолда тұрған түрлі тексеру бекеттерінің бірде-бірі бұл машинаны тоқтатпады. ГАИ қызметкерлері жол бойында «честь» беріп ықыласты көңілдерін көрсетіп жатты. Бішкекке кірер жолда бір топ адаммен Шыңғыс күтіп алды. Шыңғыс пен Қоңыр бір-бірін алғаш көріп тұрған жандардай емес, баяғыдан бір таныс адамдарша құшақтасып көрісті. Шыңғыс та Қоңырмен кездесуді армандап жүрген еді. Венгриядан келген атақты түркітанушы ғалыммен кездесу өтеді деп хабарланып, үлкен залда қырғыздың сүт бетіне шыққан қаймақтары жиналып күтіп отыр еді. Зал толы адам. Ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер адамдары. Қырғыздың өңкей  зиялылары. Шыңғыс пен Қоңыр залға кіріп келгенде, бәрі орындарынан тұрып қол соқты. Сахнаға екі орындық пен араларына кішкентай үстел қойылған екен. Шыңғыс пен Қоңыр сахна төріне жайғасқанда, дуылдап бір басылған қауым өзара күбірлесіп кетті.

– Аудармашы жоқ па екен? Қай тілде сөйлейді екен? Біздің Шыңғыс  венгрше үйреніп алған ба? – деген сауалдарды біреулер көзімен, біреулер сөзімен білдіріп  жатты. Жиынды ашқан Шыңғыс Қоңырды таныстырып, Қоңырға сөз берді. Қоңыр қоңыр дауысымен таза қырғыз тілінде сөз бастап кеткенде, зал шапалаққа көміліп қалды.

– Құдай-ау! Мынау өзіміздің қырғыз ғой! «Манасқа» ғашық болдым, зерттеп, венгрше аударатын жоспарым бар дейді. Шыңғысқа мың да бір рахмет! Осындай данышпанды ортамызға алып келген, – деген риза көңілдер тиегі ағытылып, зал іші у-шуға толып кетті. Қоңыр сөзін тоқтатып, залға қарады. Сосын Шыңғысқа қарап:

– Мен сіздерге Қазақстан арқылы келдім. Олжас досымның арқасында, Шыңғыс досымның ықпалымен сіздермен  жолыққаныма бек ризамын. Қазақстанда маған ұнамайтын бір нәрсе бар. Қалалық қазақтар өз тілінде сөйлеуге неге шорқақ деп мұңаямын. Ал сіздерде бұл мәселе қалай, қырғыз тілі де қазақ тіліндей мұң кешіп жүр ме? – деді.

Зал тып-тыныш бола қалды. Шыңғыс бас бармағымен, сұқ саусағымен үлкен мұрнын ұстады да, сұқ саусағын ерніне тақады. Қоңыр бұл көріністен терең ойдың сұлбасын аңғарып қалды да, әңгімесін ары қарай жалғап кетті.

– Мен орыс ғалымы, профессор П.А.Фалевтің «Манас» эпосы туралы мынадай пікірін оқып едім. Күлтегін ескерткішінде «Биікте көк тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған» деген жолдар бар. Ал «Манас» эпосы «Жер, жер болып, Суу, суу болгондо» деген жолдармен басталады. Осы екі жырдағы ұқсастық, Күлтегін мен Манас батырдың ерлік жорықтарының  идея бірлігін аңғартатындай. Тіпті ол ғалым «Манас» эпосының өмірге келген уақыты  ІХ ғасыр болуы мүмкін деген ой айтады. Ал Мұхтар Әуезов «қырғыз  эпосын Орхон жазуларымен салғастыру әбден орынды» деген пікірін қуаттай отырып, өзі осы бағытта зерттеу жүргізгенін «Уақыт және әдебиет» деген еңбегінде: «Орхон жазулары деген не? Бұл күнге дейін оларды тіл тарихының ескерткіштері ретінде зерттеп жүрміз. Сол жазуларда эпостық аңыздардың шағын да ықшам фабулалық  желілері бар ғой. Күлтегін, Тоныкөк  жазуларында хронологиялық тәртіп бар» деп ескерткіш жанрының көп қырлылығына назар аударады. Демек, ғасырларды артқа тастап, осы күнге жеткен жәдігерлерді біржақты ғана қарастырып, бір жанрға телу ғылымға қиянат болары анық» деген Мұхтар Әуезовтың сөзін қолдаймын, – деді Қоңыр. Зал дуылдата қол соқты. Сөзге Шыңғыс араласып «Манас» туралы толғап кетті.

–  Құрметті  халайық! Қоңыр Мандоки жолдас жақсы сөз айтты. Елуінші жылдары сталиндік режим тұсында «Манас» эпосын қаралаушылардың  қарасы көбейіп, эпосты жариялауға, насихаттауға түбегейлі қарсы шықты. Бұл ескілікті жырлайтын жыр десті. Кеңестік одақ көлеміндегі мерзімді басылым беттерінде эпос туралы түрлі сыни пікірлер, мақалалар жазылып жатты. 1952 жылғы 8 шілдеде Қырғызстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыруымен Фрунзе қаласында «Манас» эпосы туралы ғылыми конференция өткізілді. Бұл жиын сыни пікірлердің қорытындысы болады десті. Мақсат «Манасты» ел санасынан өшіру болды. Конференцияға Мәскеу, Ленинградтан  белгілі  ғалымдар, Орталық Комитет өкілдері, көптеген қырғыз ғалымдары қатысты. Бұл конференцияға қырғыз елінің мүддесін қорғап сөйлеу үшін, «Манас» эпосын қорғап қалу үшін сол кездегі қырғыз елінің басшылары Алматыдан Мұхтар Әуезовты арнайы шақыртты. Конференцияда сөз алғандардың біразы «Манас» елдік және ерлікті жырлайтын шығарма десе, енді бір топ  патриархарлық-феодалдық қоғамды дәріптейтін реакцияшыл эпос десті. Айналайын, Мұхаң, Мұхтар Әуезов сөзін: «Бұл талқылау партия және совет баспасөзінің беттеріндегі айтыстан басталды. Әділіне жүгінсек, төрт ай уақыттың ішінде республикалық баспасөз ұланғайыр іс тындырды, тек «Советская Киргизия» және «Қызыл Қырғызстан» газеттерінде ғана ұзын-ырғасы он беске тарта мақала жарияланды. «Манас» жайындағы мәселені талқылау ісіне тек Қырғызстан ғана емес, Москва да зор көңіл бөліп отыр. Бүкілодақтық Ғылым Академиясы да, СССР Жазушылар одағы да біздің конференциядан түбегейлі жауап тосып отыр», – деп бастап, «Манас» ерлік пен елдікті жырлар халықтық эпос екендігіне дәйекті мысалдар келтіре отырып, қарау ойлы оқымыстыларға  ғылыми тұрғыда тойтарыс берді. Жырды  Орхон жазуларымен салыстыра отырып іздеу қажеттігін алға тартты. М.Әуезов «Манасты» көне гректің «Илиада» және «Одиссея» жырларымен салыстыра келіп, қырғыз жырын олардан да жоғары бағалады. Сөзінің соңын «Манасты» жат сарындардан тазартып, оны халыққа қайтарып беруге борыштымыз» деп қорытындылаған еді. Мұқаңның сол конференцияда «Манасты» қорғап сөйлеген сөзін залға сыймай есік аузына сығылысқан халықпен бірге мен де жылап тұрып тыңдаған едім. Егерде «Манас» жырының әділ бағасын беріп, оның идеялық мән-мазмұнын соқырға таяқ ұстатқандай қылып, Мұхтар Әуезов дәлелдеп бермегенде, «Манас» жырынан біз мәңгіге айрылар едік қой, халқым-ау. Қыргыздын улуу эпосу «Манаска» обу жок айыптоолор тагылып, кыйын-кысмак күн түшкөндө Ауэзовдун таш жарган билимине таянып, анын принциптүүлүгү жана тандырбас далил-жүйөөлөрүн арка тутуп коомчулук элдин ушул өлбөс-өчпөс көркөм казынасын кол тийгизбей коргоп калгандыгын биз баарыбыз билебиз. Ауэзовдун ошондогу атуулдук азаматтыгын, жазуучулук эрдигин биздин эл эчкачан унутпайт.

   Шыңғыстың сөзіне риза болғаннан, ел орындарынан тұрып кетіп, ұзақ қол шапалақтады. Қоңыр осылайша қырғыз рухын да бір көтеріп кетті. Сол жолы  Қоңыр қырғыз елін аралап, «Манас» эпосын жырлаушы Тоқтоғұл,  Сағынбай, Саякбай сияқты манасшылар туралы естіп-біліп, халық арасындағы «Манас» айтушы жыршыларды тыңдап, олардың орындаушылық  шеберлігіне, жатқа айту, есте сақтау қабілетіне қайран қалды. Қайтарда жол айрығына дейін Шыңғыс шығарып салмақ  болды. Шыңғыс пен Қоңыр бір машинада, қалғандары басқа көлікте болды. Шыңғыс өзін қызықтырған сұрағын қойды:

– Қоңыр сізге тәнті болып отырмын. Сіз қырғызшаны қалай үйрендіңіз?

– Мажарстанда қыпшақтар қоныстанған аймақ Қарсақ деп аталады. Мен сол өңірде туғанмын. Біздің қаламызға таяу жерде Кеңес армиясының әскерлері қызмет етті. Бір жылы Қырғызстаннан екі жас әскери қызметін өтеуге сол араға келген екен. Мен осы қырғыз бауырлармен танысып, тіл үйрене бастадым. Осылайша достасып кеттім. Мен де оларға арасында сый жасап, темекі, шоколад, колбаса апарып беретін едім. Олар маған сіздің кітаптарыңызды берді. Қырғыз тілін, Шықа, сіздің  кейіпкерлеріңізден үйрендім. Жәмила, Данияр, Алтынай, Дүйсен деген кейіпкерлеріңізбен  өмір сүрдім. Бірге жыладым, бірге күлдім. Сізге ризамын, Шыңғыс бауырым! – дегенде, Шыңғыс бұрылып Қоңырды құшақтады.

– Рахмет, бауырым! Өмірімде осындай жылы сөзді естимін деп ойламаған едім, – деді Шыңғыс толқып кетіп.

Ыстықкөл тұсына жақындағанда, Шыңғыс шын сырласудың сәтін күтті. Көлік жүргізушісіне «Көлігіңді тоқтатып, моторын қарап аласың ба? Бұзылып келе жатқан сияқты» деді. Жүргізуші қарсы сөз айта алмады. Машина тоқтағанда, Шыңғыс Қоңырды қолтықтап, көлге қарай жүріп кетті. Артта келе жатқан машиналар да тоқтай қалды. Машинаның капотын ашып, шұқылап жатқан шоферге қарап, одан соң әңгімелесіп  кетіп бара жатқан екі достың соңынан  қарап күтіп тұрды. Екеуі ұзап кетті. Ұзақ сөйлесті. Не айтты? Қоңыр мен Шыңғыс не жайында әңгіме-дүкен құрды? Оны ешкім де тыңдай алмады. Сол құпия күйінде екеуінің ішінде кетті. Мүмкін бір білсе, Олжас білген шығар…

Маржан ЕРШУ,

ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз