МҰЗ ҮСТІНДЕ ҚАУІП БАР

Дүйсенбі күні облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев төрағалық еткен жиында негізінен мұз тұру және сең жүру кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Қыс кезеңінде мұздан өту қауіпті саналады. «Суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ершат Қибашевтің айтуынша, жергілікті жерде көлденең жағдайлардан сақтану мақсатында үлкен жұмыстар жүруде. Қазірдің өзінде облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарайтын аталған қызметтің бес құтқару стансасы, бір-бір құтқару бекеті мен сүңгуір авариялық-құтқару жасағының жалпы есеппен 46 бірлік жеке құрамы жоғары дайындықта тұр. Қауіптің алдын алуда үгіт-насихат жұмыстарының қарқынды жүруі маңызды.

– Біз облыстағы ақпарат құралдары арқылы мұздағы қауіпсіздік ережелері туралы материалдар жариялаудамыз. Мектептерде, оқу орындарында кездесулер ұйымдастырдық. Мұның қайғылы оқиғаларға жол бермеуде елеулі әсері болады деп ойлаймыз, – дейді Е.Қибашев.

Суда құтқару қызметінің басшысы тұрғындарға қаупі бар облыстағы екі маңызды тұсты атады. Оның бірі – Құрманғазы ауданындағы Балықшы мен Шортанбай ауылдарының аралығында Қиғаш өзені үстіндегі өткел. Халық осы арамен былайғы уақытта жағалауға паром арқылы қатынайды екен. Ал, күн салқындағанда жаяу жүргінші де, көлік те мұз үстімен жүруге мәжбүр. Осындай жағдай Махамбеттегі аудан орталығы мен 13-ауыл арасы туралы да айтуға болады. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев аудан басшыларына осы тұстарға ерекше мән беру туралы тапсырма берді.

–Мұздан өтудің қауіптілігін жиі айтқанымызбен, жылма-жыл көлденең оқиғалар орын алып жатады. Ол облыс орталығындағы Жайық өзенінен өту кезінде де кездеседі. Мұның себебі неде? Біз көлденең жағдайлардың қайталанбауына күш салуымыз қажет. Тұрғындардың мұз үстіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды, – деді Сәлімжан Жұмашұлы.

Құтқарушылар облыста «тілсіз жаудың» құрбандары азаймай отырғандарын жасырмайды. Мәселен, жыл басынан бері облыстың су тоғандарында 61 адам зардап шексе, соның 29-ы қаза болған. 32 жан уақытында құтқарылып үлгеріліпті. Үгіт-насихат жұмыстары қолға алынып, сақтандыру шаралары жүргізілгенімен адамдар әлі күнге өз өмірлеріне соншалықты жеңіл қарайды.

Ершат Қибашев күнделікті қызметтерінде кездесетін келеңсіздіктерді де жасырып қалмады. Сең жүргенге дейін мұз үстінде балық аулайтындар құтқарушылардың ескертулеріне құлақ түре бермейді. Сондықтан, олардың рейдке полицейлерді өздерімен бірге алып шығудан өзге амалдары қалмайды. Соның нәтижесінде, өзімен қоймай, өзгелердің де өмірлерін қауіпке тіккен жандар уақытында құтқарылыпты.

Комиссия отырысында өзге де мәселелер қаралып, шешім алынды.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз