МҰХТАР ШАХАНОВ: «ШЫНДЫҒЫН ЖОҒАЛТҚАНДАРДЫҢ БӘРІ – СОРЛЫЛАР»

Мұхтар ШАХАНОВ. Бұл ақынның атақ-марапатын немесе кітаптарының атауларын тізбектеп жатудың қажеті шамалы. Себебі, марапаттауларын жіліктемей-ақ оның есімі елінде ғана емес, дүние жүзі халықтарына да ерекше құрметке ие. Айтпағым, дұрысы, ақынды сөйлетейін деп отырған тақырыптарым – туған жер, қоғамның «жаңа қазақтары», тіл, бақыт ұғымы және әйел хақындағы кей өлеңдеріне орай  аз-кем сырласу болатын. Көңіл шіркін жетсе де, көз жетпейтін жайттар баршылық. Ендеше, сол оқырманы білгісі келетін кей жайттарды арқалы ақынның өз сөзімен өрбітіп көрелік.

 «Әл-Фарабидің біз білмейтін 150-ге жуық әні бар екен…»

– Өркениеттің ошағы Отырарда кіндік қаныңыз тамған. Киелі өңір тарихы туралы ең алғаш кімнен құлақтандыңыз? Әңгімені туған топырақтан өрбітсеңіз…

– Әкем жарықтық қадимше хат таныған, арабша жазылған қисса-дастандарды көп оқыған, ескілікті әңгімеге жүйрік адам еді. Ептеп молдалығы болған. Кезінде: «…Ұйымдас жалшымен, Молданы, байларды, Қойдай қу қамшымен» деп, ақын жырлаған саясаттың кесірінен туған топырағынан үдере көшіп, Төле би ауданының Қасқасу ауылына тұрмысқа шыққан Ізет атты қызын сағалайды. Көшіп келгенде, мен әлі қырқымнан шықпаған қызылшақа екенмін. Әкем тоғыз жасымда дүние салды. Осы жасқа жеткенше, тізесіне отырғызып алып, Отырарды жанқиярлықпен қорғау жолында опат болған ержүрек бабалары жайлы сан мәрте әңгімелегені жадымда нақ бір тасқа басылғандай жазылып қалыпты. Бәлкім, перзентінің көңіліндегі туған жерге деген олқылықты осымен толтырайын дегені шығар…

Кейде анамның «тым жас қой, түсіне қояр ма екен?» дегеніне «Жоқ, түсінуге тиіс. Түсінбесе өзіне қиын. Тамырын тереңге жібере алмаған дарақтың қашанда ғұмыры келте» деуші еді. Бала болсам да әкемнің осы айтқандары санамда ұмытылмастай қалды. Тұңғыш рет Шыңғыс хан туралы да, Отырардың алты ай бойы солардың қоршауында болғанын да, сатқын жігіттің трагедиясын да әкемнен естідім. Әкем арқылы Отырар менің өмірлік мақтанышыма айналды. Кейде көз алдыма тоғыз жасар маған Отырар жанкештілігі туралы әңгіме айтып отырған әкем елестейді. Сезіммен тәрбиелеу тәрбие атаулының ұлысы екенін ақын болған кезімде ұқтым.

Мүмкін, әкемнің жастай сүйегіме сіңірген тәлімі, оған деген өзімнің де ерекше сезімім мен құрметім мені мүлде басқа арнаға алып шыққандығы осы болар. Оның ұстанған өмірлік дағдысы да күнделікті әдетіме айнал-ған. Кішкене ғана мысал, неге екенін қайдам, әкем марқұм түске дейін еш уақытта шашын алдырмайтын. Мен де осы жасқа келгенше шашымды бір рет те түске дейін алдыртып көрмеппін. Бәлкім,  мұнда тұрған ештеңе де жоқ шығар. Осы әдетімнің талай зардабын да шектім. Бірде Америкаға ертең түскі ұшақпен ұшамын деп отырғанда шаш қидыртуым керек екені есіме келді. Қараңғы түсіп қалған, шаштараз жабық. Ертең  түске дейін уақытым бар, бірақ бала күннен әдетке айналған дағдыны бұзуға болмайды. Амал жоқ, шашым қауғадай боп, өзге құрлыққа аттандым.

Сонымен әкем мен үшін туған жер және еш уақытта да одан ұзап кете алмайтын туған топырағымның түп қазығы сияқтанып қалды. Бірде Шәмші маған «Біздің өлкеміз – дара тұлғалар өлкесі. Солармен өзімізді салыстырсақ, төменнен санағанда бірінші орын алатын шығармыз екеуміз» деп еді. Шәмшінің айтқаны дұрыс. Отырарда ұлы тұлғалар туған. 1100-ден астам ғалымдар шоғыры болды бұл өлкеде. Қазіргі ғалымдарды есептесең, он-он бесін ғана біледі екенбіз. Ал, қалғандарын ше?..

 Александриядан кейінгі әлемдегі ең ірі кітапхана Отырарда болғаны дүйім елге аян. Демек, мұндай кітапхана болған өлкеде оны оқитын адамдардың да болғаны анық қой. Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде Қайыр хан ерекше кітаптарды жердің астына тықтырған. Соны күні бүгінге дейін ізіне түсіп ізденген пенде шықпапты.  Қайбір жылы арабтың бір ғалымымен жолығып, оны Отырарға алып бардым. Сол ғалымда арабтар айтатын әл-Фарабидің 150-ге жуық әндері бар екен. Ал, соның біреуін де біздер білмейді екенбіз. Міне, сұмдық! Мұны тиісті орындардағы басшыларға айттым. «Араб тілін білетін, ғылымды жақсы түсінетін маманды сонда жіберейік. Фараби бабамыздың әндерін алып келсін. Зерттесін, зерделеп көпшілікке жеткізсін» дедім. «Қатырамыз» деген басшылар оң құлақпен тыңдап, сол құлақтарынан шығып кетті. Мынадай өз елімізге қатысты тарихи жаңалықты, енді өзге елге барып айтып шағымданбайсың ғой… жүректі ауыртатын осындай жайттар ғой. Бұл ұлы тарих емес пе? Бүкіл қазақ халқының мерейі болатын тарих! Келешек өткеннен басталады.

– Аға, қоғамымызда біраздан бері «жаңа қазақ» деген тіркес пайда болған. Осы атауды қаражаты мол адамға қосақтап айтып жүргеніміз ұлттығымызға сын емес пе? Сіздің «Жаңа қазақтар» немесе рухани байлықсыз да мемлекет құруға болады деп ойлайтын жас бизнесменге хат» деген өлеңіңіз осы ойымды нақтылай түсетіндей…

«Жаңа қазақ» дедік, бұлай атауымыздың себебі елдік, ұлттық мүддеден алыстау, яғни қазақтардан бөлініп шыққандарды МҒҚ деп атадым. Таратып айтқанда, «Мордиясы ғана қазақ». Елдің байлығын өзіне бұрып алған адамдардың, яғни бизнесмендердің 80-85 пайызы шамамен осы «жаңа қазақтар». Яғни «шала қазақтар». Олар тілін, рухын менсінбейді, халқына қажетті мәселелерге жүре қарағанмен, елдің байлығын өзіне бұруға икемдірек келеді.

Жаңа қазақ, шала қазақ, жас інім,

Алшысынан тұрды бүгін асығың.

Саған қарап ойландым да жасыдым.

Айырмаған азғыны мен асылын,

Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың… деп басталатын өлеңді сол «жаңа қазақтарға» арнағам. Шын мәнінде, қазіргі таңда республика халқының бәрін асырауға қауқары жететін байлар бізде де бар. Ең әрісі, балабақшаларымызға дейін осы суперқалталы азаматтарымыздың түкке тұрмайтын ақшаға жекешелендіріп алғаны да шындық. Бұл мәселені екі дүркін қатарынан депутат болып жүргенімде көтергенмін. Сонда болашақ ұрпақ тағдырына, мемлекеттік тілдің халіне жаны ашып, балабақшаларды мемлекетке кері қайырған Дауылбаев, Жанғалиев және Германия мемлекетінің азаматы Валь сияқты кәсіпкерлер болды. Осыларды  әлгі дара қалталыларымызға үлгі ретінде ұстансақ несі айып? Балабақшалардың жоқтығынан немесе төлемақының тым жоғарылап кетуіне орай үйде отырған миллионнан астам бүлдіршіндеріміздің тағдыры олигархтарымызды да ойландыруы тиіс. Жоғарыда айтып өткен үш азаматтың азаматтықтарын айтып өтейін. Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты 280 орындық балабақша үйін 2002 жылы Германия мемлекетінің азаматы Арнольд Валь жеке меншігіне сатып алған екен. Сол кәсіпкер Мемлекеттік тілге қосқан үлесім болсын деп балабақшаны мемлекет есебіне өткізді. Сондай-ақ, шымкенттік Сламхан Дауылбаев, ақтөбелік М.Жанғалиев сынды кәсіпкерлер де өз меншіктеріндегі балабақша үйін қайтарған. Құдайға шүкір, бірен-саран болса да кәсіпкерлеріміз ел мүддесіне бұрыла бастағандай. Мұның бәрі депутат ретінде көтерген мәселемнен соң жүзеге асқан еді.

Рас, қазіргі нарық заңы байлыққа тосқауыл қоймайды. Капитализм адам ашқарақтығының шексіз мүмкіндігін ашты. Әйтсе де, жер ресурстары мәңгілік емес. Ерте ме, кеш пе, бұл тойымсыздық пен ашқарақтықтың шегі мен шеті әлемдік деңгейде айқындалуы тиіс.

 

«Ұлттық мәселеге жеке басымның ренішін

араластырған емеспін»

 

– Соңғы жылдары намысты оятатын кей өлеңдеріңіздің тақырыптарын қысқартуға ұшыратып, тек бас әріптермен астарлап қоюды әдет еткендейсіз. Сөзіме дәлел, мысалы,  «ҰТММ»-лар немесе «Ұлтын, тілін менсінбейтін мәңгүрттер» шабуылы, «ТЖ»-лар – «Туфли жалаушылар» деп қоясыз. Ал қалың қаламгерлердің қара шаңырағына арнаған «693 және 7 немесе Қазақстан Жазушылар одағы» өлеңіңіз тіпті шошырлық. Осынау ашынуларыңыздың астарында жеке бастың өкпе-реніші жатқан жоқ па?..

– Жо-жо-қ, жоқ! Жеке басымның реніші емес, ешкіммен ондай ренішім болған да емес. Тек елдік мәселеде ғана. Сенің тізбелеп айтып отырған өлеңдерімнің бәрі де уақыт талап етіп отырған мәселелерге орай жазылған. Мәселен, «ҰТММ-лар» – «Ұлтын, тілін менсінбейтін мәңгүрттер», «ТЖ»-лар – «Туфли жалаушылар», «ОрКетҚаз»-дар – «Орыстанып кеткен қазақтар» немесе жоғарыда айтып өттім: «МҒҚ»-лар – «Мордиясы ғана қазақтар». Ал, енді осындай адамдар сорымызға қарай қаптап кетті. Бұлар елдік, ұлттық мүддеге немқұрайлы қарайды.

– Тіл мәселесінде де тас табандап тұрып алатын өзіндік қасиетіңіз бары көпшілікке аян. Сол тілімізге қатысты қанша өлең жазыпсыз…

Егер саған біреу «мен өз анамды емес, өзгенің анасын сүйемін» десе, оның жалған айтып тұрғанына бірден көз жеткізер едің. Ал, туған анасын тәрк ету, тіпті оған ашық түрде тас лақтыру, яғни космополиттік бағыт ұстану біздің елімізде кең өріс алған. Библияда да «возлюби ближнего» деген ұлағатты сөз тегіннен-тегін айтылмаған. Олай болса, әрбір ұлттың ең негізгі анасы – туған тілі. «Тілді үйрен» деген бізде қазір шай үстінде ғана айтылады. Сондықтан, шай үстіндегі әңгіме тез ұмытылады.

Туған ана тілін менсінбеу өріс алып бара жатқан сияқты. Мәселен, жапондарда бала 12-ге келгенше тек өзінің ана тілінде тәрбиеленеді. 12-ден асқан соң ғана басқа тілдерді меңгеруге бет бұрады. Өйткені, баланың бірінші кезекте ана қуатын бойына сіңіруі, яғни, өз ана тілін терең деңгейде мойындауы қажет. Жапондар үлкен өркениетке тамыр жіберген ел. Осыдан бірнеше жыл бұрын шығармаларым жапон тілінде жарық көргенде, олардың 12 қаласында менімен кездесу өтті. Сонда жапондардың жігіттері мен қыздары өз тіліне аударылған менің жырларымды жарыса жатқа айтты. Олардың назарын ерекше аударған менің «Компьютер басты жарты адамдар» атты өлеңім екен.

Өлеңде мынадай оқиға баяндалады ғой. Бір шалдан сұрайды: «Неше балаңыз бар?» деп. Шал айтады: «Менің бір жарым балам бар. Ал, шындығына келсек, балам үшеу. Үшеуі де басына компьютер қондырып алғандай білімді. Сол балаларымның біреуі ғана өзінің білімін өз ұлтының рухани құндылықтарына жалғады. Ана екі баламда ондай мінез болған жоқ. Сондықтан, ұлттық мүддеге тамыр жіберген жалғыз перзентімді өз халқының толыққанды нағыз перзенті деп білемін. Яғни, ол – жеке-дара бір бала. Кейінгі екеуін бірге қосқанда жарты бала деп есептеймін. Бір жарым балам бар дейтінім сондықтан. «Иә, бізді қайда апармақ мына заман ықпалы, Ұлан-байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады. Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар, Жарты бастық, жарты ұстаздар, жарты қыздар, жарты ұлдар…» Жасыратын не бар, елімізді жарты адамдар қаптап кетті… Оның үстіне, білім саласындағылар қателесті. Оң қолы мен сол қолын анық ажырата алмайтын балабақшадағы екі-үш жасар нәрестеден бастап, мектеп қабырғасын жаңа аттаған бүлдіршіндерге үш тілді бірдей үйрету ешбір педагогиканың заңына сай келмейді. Жапондардағыдай, бірінші кезекте ана қуатын бойына сіңіру идеясының бізде күлі көкке ұшты. Қазіргі кезеңде әр салада осындай делқұлы, әсіреқызыл пайымсыздық алға шықты…

Тарихқа жүгінсек, қашанда үлкен ұлттар саны аз ұлттарға тізесін батырумен келген. Бұл әлде үлкен өзендерде, теңіздерде, мұхиттарда ірі балықтардың кіші балықтарды қорек ететіні сияқты заңдылық па? Онда адами гуманизм қайда қалады? Ұлттың биігі, аласасы осы гуманизм парасатын қай деңгейде пайдаланатындығымен айқындалмай ма?

Біз адамзатқа Пушкин, Лев Толстой, Достоевский, Герцен секілді ұлы тұлғаларды берген орыс халқына ерекше құрметпен қарайтынымызды жоққа шығаруға болмайды. Олардың адам табиғатын сақтау, қорғау туралы және ұлт пен тіл төңірегіндегі гуманистік ойлары күні бүгінге дейін бізге жолбасшылық қызмет атқарып келеді. Дұрыс түсініңдер. Біз орыс тіліне ешқашан қарсы шыққан емеспіз. Ондай әумесерді біздің арамыздан іздемеген жөн. Ұлтымыздың арасынан орыс тілін білмейтін қазақты іздеп табу – үлкен проблема.

Әрине, халқымыз ағылшын тілінде, басқа тілдерді де меңгеруі қажет. Керек десең, үлгі тұтар тұлғамыз да бар. Бұдан бірнеше ғасырлар бұрын ғұмыр кешкен қазақ жерінің дара перзенті, ұлы бабамыз Әбунасыр әл-Фараби 76 тілде сөйлеген. Бірақ, әр ұлттың перзенті бірінші кезекте өз ана тілінде тәрбиеленуі, өз ана тілінің жылылығын, мейірім-шуағын санасына жинауы шарт. Ана тілінің осы қасиетін бойына сіңірмей өскен бала өз ұлтына, өз топырағына рақым-шапағаты, мейірімі аз перзент боп қалыптасатынын уақыт баяғыда-ақ әйгілеген-ді. Өз қандастарына және өзге ұлтқа деген сатқындық та, негізінен, осы топтан шығатыны айқын.

 

«Неге Абайда бес әйел бар, ал Пушкинді 113…»

 

– Өзіңіз айтып отырғандай тілдің құдіреті қандай болса, сөз де ерекше дара қуатқа ие. Мұны ғылым әлдеқашан дәлелдеген. Осы сөз қуаты жайлы ақындық пайымыңыз…

– Сөз қуаты жайлы өзім куәсі болған екі оқиғаға тоқталайын. Бірде қазақ әдебиетінің көзі тірі екі классигі – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинді мәшинеме отырғызып, Үлкен Алматы өзеніне алып бардым. Біраз уақыт өзен жағасында серуендедік, үлкен тастың үстіне газет жайып, тіске басатын ет, қазы, нан және бір шыны коньяк қойдым. Әңгіме қызды. Әсем табиғат аясында көңілі шалқыған Ғабит аға Мұстафинге қарап: «Әй, Ғабиден, енді екі жыл ғұмыр кешсек жетпей ме?» – деді. Ғабиден аға әзіл-шынын араластыра: «Артығымен жетеді!» – дегені. Жүрегім су ете қалды. Екі жылды қанағат тұтып отырғандары қалай? Адам баласы қай кезде өмірдің қызығына тойып еді?

Бір жылдан соң Ғабиден Мұстафин, өзі жоспарлы кесім айтқан екі жылға аз уақыт қалғанда Ғабит Мүсірепов о дүние сапарына аттанып кетті. Күні бүгінге дейін өзен жағасындағы әңгіме есіме түссе, ой-санамнан «сол жолы екі классик өз тағдырын абайсыз қатерлі сөз оғына байлап алған жоқ па?» деген секемді сұрақ тұрады.

Тағы бір күдігім, сөз оғы отыз жасында қазақ поэзиясы көгінен құйрықты жұлдыздай ағып түскен Төлеген Айбергенов тағдырына да әсер еткендей. Өмірінің соңғы жылдары бұл ақын өлімді жиі-жиі ауызға ала бастап еді. Тіпті, ол өлімді поэзиясына да араластырды. «…Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, Мен өлемін өзімнің биігімде».  Тіпті, ол маған арнаған «Сағыныш» атты топтамасында өмірмен қоштасқан сыңай танытады.

Үшеуміз бас қосқан бір әңгіме үстінде Шәмші Қалдаяқов оған өзінің сөз қуаты жайлы жан шошытар мақала оқығанын, әлгіндей қоштасу жырын жетпіске, сексенге шыққан кезде жазса ғана жарасатынын ескертті. Мен де Шәкеңді қызу қолдадым. Бірақ, қайсар ақын сөз аяғын әзілге бұрып жіберді…

 Пенде бақыттың қадірін бақытсыз кездерінде аңсайтыны анық. Ал, біреулер басына қонған бақты да бақытты сәт деп жатады. Сіздіңше, бақыт пен бақты бір-біріне бағынышты етіп тұрған не?

 Бақыт – өте күрделі ұғымның бірі. Біреулер тоя тамақ ішсе де өзін бақытты санайды. Ал, мен ұлтым бақытты болса ғана өзімді бақыттымын деп айта аламын. Ұлттық мүдде төменге құлдыраған сайын санамды бақытсыздық билейді.

2001 жылы Қырғызстанда елшілік қызметте жүргенімде, бірде қырғыз президенті Асқар Ақаев кешкісін хабарласып, Шыңғыс Айтматов екеумізді әлемдік деңгейдегі байлардың бірі Джордж Сороспен бірге түскі тамақ ішуге шақырды да: «Мұхтаржан, алдымда Сіздің орыс және ағылшын тілдерінде қатар басылған «Өркениеттің адасуы» атты өлеңмен жазылған романыңыз жатыр. Сол кітапта Джордж Соросқа арналған жолдар да бар екен. Бәлкім, қазіргі шектен шыққан байлыққа байланысты немесе өзіңізді мазалаған кейбір сұрақтарға жауап та аларсыз» дегенді қосып қойды.

Ертеңіне Шыңғыс Айтматов екеу-
            міз Асқар Ақаев шақырған жерге бардық. Тамақтың түр-түрі алдымызда самсап тұрғанымен, Сорос тағамға мүлде қол салмады. Тек анда-санда минералды суды сыздықтата тартып қояды. Сол арада маған мынадай ой келді: «Пенде табиғаты қандай қызық. Қатардағы адамдардан мың есе, миллион есе, тіпті миллиард есе бай болсаң да тамақ ішуге деген талап-мүмкіндігің олармен шамалас».

Алғашқы сұрақты Соросқа Айтматов қойды: «Қарапайым халықтан миллиард есе бай болу, ешбір шекараға тоқтамау – рухсыздық емес пе?» дегенде, ол: «Қазіргі адами қозғалыста бұл бәсекелестікті тоқтатар күш болмай тұр» деп қысқа ғана жауап берді. Мен де одан: «Әлемде шексіз байлыққа, өзі тойса да, көзі тоймайтын ашқарақтыққа деген көзқарас жақын жылдар ішінде өзгеріске түсуі мүмкін бе?» деп сұрадым. Ол: «Мүмкін, егер Айтматов екеуіңіз сияқты қаламгерлер, рухани байлық қайраткерлері қазіргі әлемдік ой-сана қозғалысына әсер ете алса…» деп қулана жауап берді.

Әрине, Сорос – өте ақылды бай. Ғаламда рухани парасат кейінге ысырылып кеткенін меңзеп отыр. Бұл жағдайды жетік зерттеп білгендіктен және өзі сол процеске белгілі деңгейде үлес қосқандықтан да екеумізге әлгіндей қитұрқы жауап қайырды. Сороспен жолығу Шікеңе де, маған да жақсы әсер қалдырмады. Бәлкім, Асқар Ақаев бізді шетсіз және шексіз байлықтың кейбір көлеңке қырларына үңілсін деп әдейі шақырған болар.

 Иә, байлықты бақ деп қабылдайтындар жетіп артылады. Бірақ, мен байлыққа «құл» болмадым. Әйтпесе, еліміз өз егемендігін алар алдында, демократия басында тұрған санаулы адам ретінде, немесе билік басындағыларға өз ықпалымды пайдаланып, «мына зауытыңды, фабрикаңды бер» десем, кім маған қарсы тұрар еді? Тіпті, «мынаның аузын жабайық» деп сұрағанымды қуана-қуана ұсынар еді. Болмаса, кей адамдар ойлауы мүмкін, Шаханов орден, медаль немесе атақ алу үшін ұлттық, елдік мәселенің маңайында күресіп жатыр деп. Құдайға шүкір, қолым да, жаным да таза. Жеке бизнесім жоқ. «Жалын» журналынан алатын айлығым ғана бар. Сонымен күн көрем. Ең үлкен бақытым да, бағым да–байлыққа пысқырып қарамағандығым. Ақындығымды пенделікке мүлде араластырмадым.

– Естуімше, сіз байлық қана емес, өзіңізге берілген атақ-марапаттаулардан да бас тартқан екенсіз…

 Рас. Жалпы, мен байлықтан ғана емес, атақ-абыройлардан да бас тарттым. Кезінде маған «Халық қаһарманы» атағын бермекші болды. Алмадым. Себебі, Отан ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына сіңірген еңбегі үшін құрмет дәметпеуі тиіс. Бір тараптан Отан да өзінің дараланған ұлдарын марапаттап отыруы шарт. Бірақ, ол өте әділетті болу керек. Ал қазіргі таңда кез келген түрмеде шіруге тиісті «ұрының үш орден, бес медалі» бар. Солардың қатарында жүргім келмеді. Сенсеңіз, мемлекет тарапынан ешқандай құрметті атағым жоқ. Ал, өзге шет мемлекеттер беріп жатса, аламын. Күні бүгінге дейін мені 25-ке жуық мемлекет өздерінің түрлі сыйлықтарымен марапаттады. Егер солардың бәрін өзгелердей жарқыратып тағып шығатын болсам, мына киіп отырған костюмімнің алды түгілі арқасында да орын қалмас еді. Мен өз жолыммен, өз ұстанған бағытыммен келемін.

– Аға, ыңғайсыздау сауал болғанымен, пікіріңізді білгім келеді…  Өзіңіз секілді ел аузындағы тұлғалардың, әсіресе әйел затына келгенде талғамдары биік. Себебін түсіндіріп көріңізші…

«Дара талғам қасіреті» атты өлеңімде: «Неге Абайда бес әйел бар? Ал, Пушкинді жүз он үш, Қыз-келіншек тұс-тұсынан шуақ шаша қоршаған, Дон-Жуандық емес пе бұл? Аң-таң әлі ел соған» деген жолдар бар. Иә, Пушкин де, Абай да мың жылда немесе бес жүз жылда бір-ақ рет дүниеге келетін ұлы тұлғалар. Сондықтан, олар өз талғамдарына сай әйел іздеді? Пушкин іздегенін өзі сырласқан жүз он үш қыз-келіншектің ішінен де таба алмады. Абай да солай. Тіпті жүз он үш мың болса да олардың талғамына сай әйелдің табыла қоюы екіталай еді. Сол үшін оларды кінәлауға бола ма? 

Жалпы, махаббатты Эверест
                  шыңына теңесек, сол Эверест шыңына көтерілген адамдар әлемде саусақпен санарлық қана. Жұрттың барлығы үйленіп, бала тудырып жатады. Соның бәрін біз махаббатқа телиміз. Есектер де сүп-сүйкімді қодық тудыра алады. Махаббат дегеніміз екі саналы, парасатты адамның, шырқау сана биігінде жолығуы емес пе? Ақылсыз адамдарда, санасыз адамдарда, рухсыз адамдарда шынайы махаббат болмайды. Махаббат шын мәнінде ұлы тұлғаларда ғана кездеседі.

– Неге олай дейсіз аға? Жай, қарапайым адамдарда да махаббат болмай ма?

Оны жоққа шығармаймын. Санасының биік болуы және онысын жұрттың байқамауы да әбден мүмкін. Мәселен, кейбір әйелдер болады, өте рухы мықты, парасатты, толғауы терең. Бірақ, олар көпшілік ортада өзін көрсетпеуге тырысады. Үйленуді, ұрпақ өргізуді біздер махаббатпен шатастырып алып жатамыз. Махаббат шыңына анда-санда бір жұп қана жол тартуы мүмкін. Сырты сұлу, іші саяз әйелдерден қорқу керек. Жалпы айтқанда, тіршілік атаулының қозғаушы күші – әйелдер. Оны мойындамауға қақымыз жоқ. Дегенмен ұлы тұлғалардың талғамындағы әйелдер – ақылдының ақылдысы, қасиеттінің қасиеттісі, шыншылдың шыншылы екені даусыз. Ең өкініштісі, олар мұндай мол қасиетке ие әйел затын табуда көп армандаған, көп азап шеккен, көп ізденген, соңында қол жетпес аруын шығармасына ғана қосып, сонымен көңілін демдеген.

– Бірде-бір көзі тірі ақынның шығармасын ЮНЕСКО қарамапты. Сіздің шығармаңызға ЮНЕСКО екі рет назар аударды және Сіздің поэзияңызды осызамандық поэзияның биігі деп бағалады. Ал, қазақ тілінде шыққан қай кітабыңыз ең көп таралыммен оқырманға жол тартты?

Кеңестік дәуірде, Мәскеуде, Е.Евтушенконың, А.Вознесенскийдің поэзиялық шығармаларының 100 мың таралыммен жарық көруі ерекше жаңалық болып саналатын. Сол тұста менің «Таңдамалы жырлар» атты кітабым, Алматыда, қазақ тілінде 200 мың данамен шығып еді…

 

Тақырыпқа қосымша қысқа-нұсқа:

– Ақындық сізге не берді?

Ақындығым шындыққа тамыр жіберді. Әйтпесе құрғақ ақындықтың кімге қажеті бар?

– Қанағат деген сіздіңше қандай ұғым?

Қанағатсыз адамдар қауіпті.

– Ортамда өз бағамды алдым дер ме едіңіз?

Мұқағали өлген соң ғана құрмет биігіне көтерілді. Бәлкім, мені де сондай абырой күтіп тұрмасына кім кепіл?

– Мінезіңіз қандай?

Қазақта біреуді мақтағанда «қыздай жігіт екен» деп жатады. Ешкімге қарсы дау айтпаса, ешкімнің көңіліне тимесе, сол адамды жақсы азамат деп қабылдайды. Жеке басым бұған қарсымын. Өзіндік шыншыл пікірін, өзіндік менін жоғалтқан адам еңбейшара адам.

– Қоғам мен қаламгердің арасында алшақтық бар ма?

Айырмашылық жетерлік. Тек өз мүддесін қорғап қалам тартатын қаламгер – сорлы қаламгер.

 

Сұхбаттасқан Қызжібек БӘКІР,

Алматы.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз