Көпбалалы аналардың қоғамдағы орны қандай?

eac 1146 1 Қоғам

Бүгінде көпбалалы аналарға ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері әр балаға 13 800 теңгеден 14 974 теңгеге өсті. Бұл – өте мардымсыз сома. Оның көлемін көбейтіп, көп балалы аналардың мәртебесін әлі де арттырған жөн. Олардың зейнетке шығу жасын да қайта қарау керек. Ал мектеп жасындағы балаларды үйірме-секциялармен қамтуда еш кедергі болмауы тиіс. Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдауды арттырған жөн.

Осы және өзге де мәселелер «Көп балалы отбасылардың басты проблемалық сұрақтары және мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек» тақырыбында өткен батысөңірлік «дөңгелек үстелде» жан-жақты талқыланды.

Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалы ұйымдастырған басқосуға білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің, «Отбасы банк» және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Онлайн байланыс арқылы Астанадан арнайы қосылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гаухар Танашева да көпбалалы отбасылардың мәселелері мен оны шешудің жолдары туралы ой бөлісті.

eac 1191

– Қазақстанда халық саны 20 миллионнан асты. Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орын аламыз, халық санының тығыздығынан 184-орындамыз. Бұл – 100 гектарға 7 адамнан келеді деген сөз. Өзім де ерекше баламды қосқанда 11 бала тәрбиелеп отырған анамын. Отағасы үш жыл бұрын қайтыс болды. Сондықтан мен осындай санатты аналардың жанайқайын өте жақсы түсінемін. Ең бірінші мәселе – жыл сайын жәрдемақының көлемі көбейіп жатқанымен, мөлшері өте төмен. Сондықтан оны жыл сайын 40-45 мыңға көбейтіп, ең төменгі жалақының көлеміне (70 мың теңге) жеткізу керек. Бүгінде осы ұсыныс бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Дәл қазір Үкіметте қаржы жеткіліксіз деген жауаппен бұл ұсыныс қолдау тапқан жоқ. Бірақ біз мәселені күн тәртібінен түсірмейміз, – деді Гаухар Шаймерденқызы.

Депутаттың айтуынша, елдегі 550 мың көпбалалы отбасының 90 пайызы атаулы әлеуметтік көмек алмайды екен. Тек 10 пайызы ғана осы көмек түрімен қамтылған.

– Атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған отбасылардың барлығының бірдей жағдайы жақсы емес. Өйткені, біздің елде АӘК оңайлықпен тағайындала қоймайды. Талаптары өте қатаң. Үкімет тарапынан берілген баспана да, мемлекеттік жәрдемақы да, тіпті балаларының олимпиадалық жетістіктері есепке алынады да, аталған мемлекеттік қолдауға бірқатар отбасы ілікпей қалады, – дейді депутат.

Г.Танашева бүгінде Қазақстанда бір миллионнан аса адам кедейшіліктің деңгейінде өмір сүретінін айтты. Олар – айына 50 мың теңгеден аз табыс табатындар. Бұлар, әрине, тағы да көпбалалы отбасылар. Бізде бала кәмелет жасына толған соң анасы көпбалалы мәртебесінен айырылады. Мәжіліс депутаты олардың статусы сақталатындай мемлекеттік қолдаудың болуын қалайды. Сонымен қатар, көп балалылар 53 жаста зейнетке шығарылса, көптің көкейіндегі сауалдардың бірінің шешімін тапқаны болар еді.

Жиында халық қалаулысы айтқан жағдайлардың бәрі де орынды. Бірақ бұқара «балық берме, қармақ бер» деген қағиданы да естен шығармауы тиіс. Өйткені, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларға арқа сүйеп, масылдық психологияның әбден қалыптасып кететіні де рас.

eac 1169

– Он екі жылдан бері көпбалалы отбасылармен, аналарды жұмыспен қамтумен айналысып келемін. Бүгінде тігін тігумен айналысып жүрген оларды дәл қазір балаларын қосымша үйірмелерге тасу мәселесі алаңдатады. Қала сыртындағы ауылдарда тұратын олар жолдың қашықтығынан «Нұрсаядағы» Абай атындағы оқушылар орталығындағы үйірмелерге балаларын тасымалдай алмайды. Сондықтан үйге жақын мектептердің жанынан спорттық, шығармашылық және арнаулы мамандыққа бағыттауға арналған қосымша үйірмелер көбірек ашылса жақсы болар еді, – дейді «Аналар үндестігі» үкіметтік емес ұйымының басшысы Гүлсім Биташева.

Он сегіз жасқа толған қабілетсіз баланы асырап алу, инклюзивті білім беру, мүгедектер үшін қолжетімділік мәселелері де бүгінгі қоғамның басты мәселесі. Қазір олардың саны көбейіп барады. Әсіресе даун синдромы психикалық бұзылулар тобына жатады және мұндай диагнозы бар балалар әдетте мектептерге қабылданбайды.

– Балалар үйде оқиды, үйге келген мұғалім мұндай балалармен жұмыс істеуге психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Логопед, дефектологтар да қажет. Менің ұлым 20 жаста, біз үшін бүгінге дейін білікті логопедтер мен дефектологтардың жоқтығы – үлкен мәселе. Бірақ біз әлі де үмітімізді үзбейміз. Баланы жан-жақты дамытуда іздене береміз, – дейді «Берік ұя», «Нейродетки чудо есть» қоғамдық қорының басшысы Салтанат Тәуірова.

«Дөңгелек үстелде» көпбалалы аналар үшін әр балаға 70 мың теңге жәрдемақы тағайындалуы қажет деген ұсыныс көбірек талқыланды. «Жарқын жанұя» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Құдайбергенова көпбалалы ана ретінде бұл ұсынысты қолдамайды. Өйткені, мұндай көлемде жәрдемақы тағайындалса, онсыз да белең алып тұрған масылдық психологиясы одан сайын үдейтіні сөзсіз.

eac 1201

– Осы ұсыныс көтерілгелі бері көпбалалы аналар WhatsApp-та ашылған арнайы чатқа қосылып, бәрі күнделікті жұмысына бейжай қарап, «70 мың теңге берілсін» деп шу көтеріп жатыр. Бұл, әрине, дұрыс емес. Мұндай әрекетпен біз өзімізді қоғамға жеккөрінішті етіп көрсетіп отырмыз. Сондықтан, депутат ретінде әлі де осы ұсынысты жүйелеп қарап, мұндай ұрандатуға тосқауыл қойсаңыз екен. Бұрын біздің он құрсақ көтерген аналарымыз ешкімге алақан жаймастан-ақ елге құрметті болған. «Көпбалалы ана» деген мәртебе туралы айтылғанда міндетті түрде екі жақты қаралуы керек. Мұндай санаттар арасында аз қамтылғаны бар, мүмкіндіктері жететін, әлеуметтік жағдайы жоғары отбасылар да бар. Ал әр балаға 70 мың теңгеден берілсе, елде жұмыссыздардың көбейетіні рас. Бұрын атаулы әлеуметтік көмек берілгенде бірнеше отағасының мемлекеттен берілетін осы қаржыға сеніп, жатыпішерге айналғанын жоққа шығаруға болмайды. Ендеше ұсыныс әлі де жан-жақты зерделеніп, содан кейін ғана Үкіметке ұсынылуы керек, – деді Динара Омарханқызы.

Бүгінде аз қамтылған, мүгедектігі бар, көп балалыларға, ерекше балаларға және онкологиялық дертпен ауыратындарда жылына бір реттік 50 мың теңге көмек беріледі. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын осал топтар санатындағы отбасыларды қолдау, дамыту мен кеңес беру бағытында жұмыс жасайтын Д.Құдайбергенова бұл сома әсіресе онкологиялық дерті бар адамдар үшін мүлдем мардымсыз екенін атап айтып, жәрдемақы мөлшерін арттыруды жөн санайды.

eac 1163

Басқосуда көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтудың жайы, олар пайдалана алатын ипотекалық несие, халықты тұрғын үй үшін қаржы жинауға үйрету туралы да айтылды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Г.Танашева бүгінде қоғамда келеңсіз жағдайлардың орын алуы отбасындағы тәрбиенің осалдығынан, ал мұндай жағдай аналардың нәпақа табамын деп үйінде бола алмағандығынан, оларға мемлекет тарапынан қажетті жағдайдың жасалмауынан екенін астын сыза айтты.

– Әр ана балаларының қасында болып сапалы тәрбие бере алмаса, түрлі проблемалар қордалана түседі. Жуырда ғана Қарағанды облысына барып келдім. Өкінішті жағдай орын алып, төрт бала қайтыс болды. Бұл жайт қалай болды? Түптеп келгенде, мәселе әлеуметтік қамтуға келіп тіреледі. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін көп балалы отбасыларды міндетті түрде қолдау керек. Депутат – қалың бұқара мен Үкіметтің арасындағы алтын көпір. Сондықтан кедейшіліктің шегін азайту бағытындағы жұмыс жалғаса береді. Халықтың жанайқайын Үкіметке жеткізіп, мәселелерді қалай да шешу жолында қызмет ете береміз, – деді Гаухар Шаймерденқызы жиынды қорытындылаған сөзінде.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз