Кеңсе келбеті – сауатты маңдайша

2020 02 13 190718004750616e Қоғам

Қым-қуыт тірлікте біз елей бермейтін табысты кәсіп түрі бар. Көп реттерде олар елдің жарнамасын жұртқа жарқыратып жеткізгенімен, өздері тасада қала береді. Бірақ, шын мәнінде, жарнамашылардың да ұлттық құндылықтарымызды, мемлекеттік тілімізді насихаттауда алатын орны ерекше.

Жасыратыны жоқ, қала көшелерінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған дүкендер мен ғимараттардың атауларынан көз сүрінеді. Әрине, маңдайшалар өз тілімізде «сайрап», алыстан «мен мұндалап» шақырса кәне?! Бірақ, кейде солардың өзге тілде шұбарланып немесе қатеден «тұнып» тұрғанын көрсек, «әттеген-ай» дейтініміз рас. Иә, заңнамада дүкен, кеңсе атаулары алдымен мемлекеттік тілде, яғни, қазақ тілінде жариялануы тиіс деп бекітілсе де, оған құлақ аспайтындар аз емес. Мұндай жағдайда жарнамаға тапсырыс алған компанияның мемлекеттік тілімізге құрметпен қарауы маңызды.

bez imeni 3

– Мекемеміздің қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлеседі. Біз ономастика комиссиясымен бірлесіп жұмыс істейміз. Тапсырыс берушілеріме де дүкен немесе кеңсенің маңдайшасын алдымен қазақша жазып келуін өтінемін. Өйткені, ғимараттың атауынан-ақ қай елде жүргеніңді білесің. Ал, кейбір тапсырыстардың жобасын ономастикамен келісіп аламыз. Себебі, біз үшін атаудың өз тілімізде айна-қатесіз жазылғаны маңызды. Рас, кей сәттері тапсырыс берушілер «өзім жауап беремін» дегенді желеу етіп, атауларды өзге тілде ұсынып жатады. Алайда, мұндай жағдайда келіспеймін. Өйткені, мен үшін мемлекеттік тіл табыстан да алдыңғы кезекте тұрады,-дейді бізбен әңгімесінде «Атырау жарнама» агенттігінің басшысы Армангүл  Сатаева.

Еңбек жолын фотосалоннан бастаған Армангүл бүгінде өңірдегі белді жарнама агенттігінің иесі. Осы салада жиырма жылға тарта тәжірибесі бар ол маңдайшалардың барлығы мемлекеттік тілде қатесіз жазылса екен деп армандайды. Сол мақсатта тынбай еңбек етіп те келеді. Өйткені, қала көшелерінің сәні келбеті келісті ғимарат ғана емес, сауатты маңдайшаға да тікелей байланысты екендігі анық.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз