ҚАЖЫЛЫҚҚА – ТІКЕЛЕЙ РЕЙСПЕН

Қасиетті Оразадан кейін бес парыздың бірін өтеу ниетімен мұсылман қауымның қажылық сапарға аттанатыны белгілі. Осыған орай, биылғы қажылық маусымның басты жаңалығы – Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан Жидда (яғни, Мекке қаласына) бағыты бойынша тікелей рейстің ашылуы болып отыр. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының қажылық миссиясы өкілдерінің Сауд Арабиясындағы қажылық министрлігінің лауазымды қызметкерлерімен кездесу барысында белгілі болды.

 

Тікелей рейстердің ашылуы, Қазақстан қажылары үшін үлкен жеңілдік туғызып отыр. Өйткені, бұған дейін жерлестеріміз транзиттік рейстермен бір күнге жуық уақытын, дәлірек айтқанда, 14-16 сағатын жолға шығындайтын. Енді міне, тікелей рейстің көмегімен небәрі 6 сағаттың ішінде қасиетті қалаға баруға мүмкіндік бар.

Тағы бір жаңалық, Сауд Арабиясында өткен келіссөздер нәтижесінде қажылық сапарының 22 күнге дейін қысқаруы болды. Сәйкесінше, бұл қажылық шығындарының белгілі бір деңгейде азаятынын көрсетеді. Бүгінгі таңда қажылыққа баратын азаматтардың материалдық мүмкіндіктеріне қарай, оларға әртүрлі деңгейдегі стандарт пакеттер ұсынылған. «ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, қажылық фирмалар ұсынған стандарт пакеттегі бір адамға жұмсалатын шығын 3200-3900 долларды құрайды. 2900 доллар көлеміндегі эконом-пакеттер де қарастырылған.

Атырау облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы Дүйсехан Кемеловтен білгеніміздей,  өңірде қажылыққа барам деушілерге қызмет көрсететін тоғыз фирманың өкілдігі жұмыс істейді екен. «Өткен жылы сексенге жуық атыраулық қажылыққа барып келді. Биыл қанша адамның баратыны нақтыланған жоқ. Бастысы, қажылыққа барушылардың саны жыл санап артып келеді. Және бір қуантарлығы, соңғы кездері 20-30 жас аралығындағы жастардың арасында ниет етушілер көп. Ал, негізінен сапарға зейнет жасындағы адамдар көптеп барады» деді ол.

           Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз