КАСПИЙ МАҢЫ НЕМІСТЕРДІ НЕГЕ ҚЫЗЫҚТЫРДЫ?

«Қара алтынды» қойнауына бөгіп жатқан Атырау өңірі өз бағасын қай кезде де жоғалтпады. Бүгінде ел экономикасының локомотивіне айналған біздің аймақтың рөлі, сонау соғыс жылдары да жоғары болды. Мұнайшылардың қажырлы еңбегінің арқасында Ұлы Отан соғысы жылдары Гурьев облысы 43 мың тоннаға жуық мұнай өндірді. Сөйтіп, Каспий өңіріндегі соғыс жағдайына қарамастан, ала таңнан қара кешке дейін қарбаласқан атыраулықтар, жері мұнайға, өзені балыққа бай қаланың осал еместігін танытты.

 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Атыраудан өндірілген «қара алтын» тікелей майданға танктерге құю үшін жөнелтіліп отырған. Осының өзі қанқұйлы майдан даласында мұнай сапасының қаншалықты жоғары болғанын айқын аңғартса керек. 

«Барбаросса жоспары»

Тарих ғылымдарының докторы Хисмет Табылдиевтің «Атырау облысы отты жылдарда» атты тарихи жылнама шежіресінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаладан мынадай мәлімет келтіріледі. «Соғыс алдында Атырау мұнайын Орскідегі мұнай өңдеу заводына жеткізу үшін ұзындығы 800 шақырым Каспий-Орск мұнай құбыры іске қосылған болатын. Құбырдың бойына мұнайды айдайтын жеті станса салынған еді. Немістердің диверсанттар жіберудегі бір мақсаты – осы стансаларды істен шығару болса, ендігі бір жоспарлары ел арасында үгіт жұмыстарын жүргізіп, бүлік жасау еді.

1944 жылы мамыр айында Жылыой ауданы жеріне ұшақпен десант түсірілетіні жайлы хабар алған чекистер стансаларды күзетке алып, диверсанттарды іздейді. Ақыры екі жақ кездесіп, атыраулықтар соғыспай берілуін талап етеді. Бірақ, шпиондар басшысы обер-лейтенант Алихан Агаев одан бас тартады. Екі арада атыс басталып, Агаевты Жылыой ауданы НКВД капитаны Г.Хусайнов атып өлтіреді. Мұнан басқа тағы төртеуі оққа ұшады. Қалғандары біздің жаққа беріледі».

Кеңес үкіметін жаулап алу мақсатымен 1940 жылдың орта кезіндегі фашистердің «Барбаросса жоспары» аталатын стратегиялық жоспар болғаны  тарихтан белгілі. Немістердің бұл жоспарды құрудағы басты мақсаты Оралға дейінгі аумақты, оның ішінде табиғи ресурстарға бай Атырау жерін аз уақыт ішінде басып алу болатын. Алайда, неміс-фашистерінің арам ойы жүзеге аса қоймады. КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы 1942 жылы құпия Указ шығарып, «Каспий бойы соғыс жағдайында» деп жарияланады. Осыдан соң бұл аймақ бақылауға алынып, әсіресе, әуе қорғанысына айрықша көңіл бөлінеді. Соның нәтижесінде жерімізге көзін сатып, жоспар құрған жауға дер кезінде тойтарыс беріледі.    

Еселенген өндіріс

Соғыстың алғашқы күнінен-ақ, өңіріміздегі Сағыз, Доссор, Мақат, Байшонас, Ескене, Қосшағыл, Құлсары, Шұбарқұдық, Жақсымай сынды кәсіпшіліктер мұнай өндіруді бұрынғыдан бірнеше есе күшейтеді. Жаңадан скважиналар іске қосылып, мұнайды өндіруде тың әдістер қолданылады. Қошқар, Тентексор, Комсомол сынды жаңа мұнай көздері ашылды. Мәселен, 1941 жылы Ембі мұнайшылары 1940 жылмен салыстырғанда «қара алтынды» 24,4 пайызға артық өндірсе, 1941-1942 жылдар аралығында Ескене мұнай кәсіпшілігі Мемлекеттік Қорғаныс Кеңесінің Қызыл туын сегіз мәрте жеңіп алған. Қиындыққа қарамаған Құлсары мұнайшылары да 29 скважинаны іске қосып, 1940 жылға қарағанда 1941 жылы мұнай өндіруді екі есеге арттырады.

Сондай-ақ, ҚР Орталық Мемлекеттік архивіндегі деректерге сүйенсек, соғыс уақытында атыраулықтар мұнайды 1943 жылы көбірек өндіргені жайында айтылады.  1943 жылы мұнайдың 1944-1945 жылдарға қарағанда көп өндірілуінің өзіндік себептері де болған. Соғыс алдындағы және 1941 жылы мұнай өндіру тәулігіне 91,5 пайызға жетсе, 1942 жылы өлкеміздің «соғыс жағдайында» деп жариялануына байланысты түнгі мезгілде жарық болдырмау үшін мұнай өндіру түнгі мезгілде тоқтатылып, тәулігіне тек 75,4 пайыз пайдаланылған. Сондай-ақ, жау қолында болған мұнай өндіретін аудандар азат етіліп, мұнай бере бастайды.          

Ерлердің ісі бөлек еді

Мұнайшылар соғыс жылдарында майданға алынбады. Өйткені өндіріске қарулы ер азаматтар керек болды. Мұнай өндіру кәсіпшілігі қызған тұста бұл сала іскер басшылар, тәжірибелі мамандармен толықты. Олардың арасынан оза шауып озат атанғандар да болды. Солардың бірі – Мақат ауданының тұрғыны, 50 жылдай мұнай саласында қызмет атқарған «Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы», «Кеңес Одағы мұнай өнеркәсібінің үздігі», Мақат ауданының Құрметті азаматы Махмет Әбдіғалиев те бар. Оның еңбек жолы талайды зар-еңіреткен сұм соғыс басталған уақытпен тұспа-тұс келіп, ол соғыс жылдарындағы, соның ішінде, мұнай өндірудегі қиындықтарды бастан кешірді.

– Соғыс жылдары мұнайға сұраныс жоғары болды. Оператор болып қызмет атқардым. Аязы қарыған қыс пен күннің көзі төбеңді тескен жаз айларына қарамастан, тәулігіне 12 сағат жұмыс жасайтынбыз. Күніне бір мезгіл болмашы ғана тамақ жеп, соны қорек ететінбіз. Басқалай мүмкіндік болмады. Тонналаған мұнайды Мәскеуге жіберіп отырдық. Бүгінде мұнайды бір жерде отырып, бір тетікпен басқаратын болса, бұрын мұндай мүмкіндіктерге қол жетпеді. Скважинаны қолымызбен көтеретінбіз. Соғыс жылдарының қысы қатты болып, аппатты жағдайлар көптеп орын алды. Алайда, біздің алға қойған мақсатымыз, жауға жемтік болмай Отанды қорғауға ат салысу еді. Сол мақсатқа жетудің жолында біз бәріне де дайын болатынбыз. Ерік-жігерімізді қайрадық – деген Махмет ата өзін әскер қатарына әкетіп бара жатқан жерінен, «жұмысыңды атқарасың» деп кері шақыртқанын айтты. Мұның өзі сол жылдары мұнай саласына айқын басымдық берілгендігін білдірсе керек.   

Осы ауданның тұрғыны еңбек ардагері Жәмиға Аманшиева да соғыстан кейінгі жылдары мұнай саласында жұмыс жасағандардың бірі. Сол кездегі зерттеу тобында мұнай өлшеушісі болып еңбек еткен. «Жеті, сегіз шақырым жерлерге жаяу жүріп, скважина басындағы өндірілген өнімді өлшейтінбіз. Ол кездері бүгінгідей тас жолдар болмады, жауын күндері малмандай су болып, қара балшыққа былғанып үйімізге оралатынбыз»,- деген ол, әсіресе, үйінде шиеттей балалары бар әйел адамдарға мұнай саласында еңбек ету оңай болмағандығын айтады.

 

ТҮЙІН:

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Атыраудың мұнай саласының өзі бір тарихқа татырлық. Сол жылдары мұнай өндіру саласы дамып, талай мұнайшылар танылды, олардың ішінде әйел адамдардың да үлес салмағы басым болды. Ал, қозғалған тақырып түйініне Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 1942 жылы мұнайшыларға жазған мына бір хаты сұранып тұрғандай:

«Қымбатты достар, бір қандас аға-інілер және қарындастар, әкелер мен аналар, балалар, қазақтар, мұнайлы Ембінің жұмысшылары мен жұмысшы әйелдер!  Қызыл Армия жалғыз емес, оның бүкіл жолында Қызыл Армия неміс жауыздарды өзінің қаруымен талқандауда, ал сіздер, тыл қайраткерлері, табанды еңбегіңізбен талқандайсыз. Сіздің мұнайдың әрбір литрі, продуктыларыңыздың әрбір килограмы жау тамағына тас болып тұрады, ол оған кездессе қиқылдап өліп қалады. Оларды күн сайын, сағат сайын көбейте беріңдер, ол біздің жеңіс сағатымызды жақындата түседі.

Бұл міндетті Сіздердің абыроймен орындайтындарыңызға біз күмәнданбаймыз».

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз