КӘСІПОДАҚТЫҢ ЖАҢА МИССИЯСЫ

«Қазақстан кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі» тақырыбында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының актив жиналысы өтті.

 

Қалалық, облыстық кәсіподақ белсенділері, облыс, қала әкімдіктері өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, ақсақалдар алқасы мен жұмыс берушілер Құрманғазы атындағы мәдениет үйіне жиналды. Жиынды аталған бірлестік төрағасы Қилымғали Қайненов ашып,   жұмыс беруші мен жұмысшы арасында берік байланыс орнату үшін жаңа фармациядағы кәсіподақ ұйымдары қажет екендігін айтты. Бұл ретте жаңадан енгізілген заң кәсіподақ мәртебесін көтеру, еңбек дауларын бейбіт жолмен шешу, ел ішіндегі бірлікті қамтамасыз етуді көздейді. Құқықтық нормалар ұжымдық қатынастарды реттеуде маңызды рөл атқармақ.

Жаңа заңда көрсетілгендей, кәсіподақ ұйымдары жұмыс беруші тараптан тәуелсіз, яғни еңбек жанжалдарын өзі шешіп, қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға құқылы. Жұмыс берушілердің заң бұзуына жол берілмейді. Кәсіподақ ұжымдарының арасында мұнай саласынан да ұйымдар бар.

Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бүгінде 9 филиалы, 29 429 мүшесі бар. Заңмен белгіленген демалыс мерзімі, еңбекақы нормасы, ерекше еңбек жағдайы, жұмыс уақытының режимі, денсаулық қорғау, өтемақы мен жеңілдік мәселелері назардан тыс қалмайды. Ал, әлеуметтік әріптестік арқылы қызметкерлердің бұзылған құқықтары қалпына келтіріледі, педагогтар аттестацияланады, кәсіподақтың әр мүшесі әлеуметтік тұрғыда сақтандырылады – деді Қилымғали Қайненов. 

«Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Диас Сұлтанов сөз алды. «Ұстаздарға көрсетілетін қолдау, білім беру ұйымдарындағы еңбек қорғанысы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға қамқорлық мәселелері күн тәртібінен түспек емес. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» стратегиясының орындалуы кәсіподақ мүшелерінің жұмысына да тікелей байланысты», – деді Диас Бауыржанұлы.

Бұдан соң облыстық еңбекті қорғау инспекциясының басшысы Салауат Ишай білім беру ұйымдарындағы қызметкерлер мен жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттеріне тоқталды. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрманғазы аудандық филиалының төрағасы Әуез Ізжанов бастауыш ұйымдардың жұмысы жөнінде айтты.

Амандық

САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз