ҚАРЖЫГЕРДІҢ ҚУАНЫШТЫ СӘТІ

Қаржы саласындағы қызметтің жауапкершілігі қашан да жоғары. Адалдық пен табандылықты серік еткен жандар ғана осы мамандықтың нағыз майталманы саналатыны сөзсіз. Қырық жылға жуық уақыт осы салада абыройлы қызмет атқарған Хатим Айыпұлы сынды азаматты осы топқа жатқызуға әбден болады.

Тегіне тартып туған ұл. Хатим Үмталиев туралы осылай қысқа қайыруға әбден болатын шығар. Заманның қыспағына, өмірдің қиыншылығына қарамастан, оның әкесі Айып қарапайым оқытушылықтан бастап, заң саласында табысты қызмет еткен. Көршілес Ресейдің Астрахан, Володар өңірлерінде жұмыс жасап, Қазақстанға келген соң жауапты жұмыстар атқарған әкесінің темірдей талабы мен үлгілі өмір жолын өнеге еткен ұлы да жастайынан білсем, оқысам деген мақсатты өзіне мұрат етті. Сол арманына жету жолында орта мектепті тәмамдаған соң жоғары оқу орнына түсті.

Семейдегі қаржы техникумын, Мәскеудегі бүкілодақтық қаржы-экономика институтын ойдағыдай аяқтап, өз ісінің білгірі, жас маман ретінде жұмысқа араласты. Іс тетігін кадрлар шешетін тұста білікті маман шебер ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ескеріліп, Құрманғазы ауданының қаржы саласына жұмысқа алынады. Жүктелер жауапкершілігі жоғары қаржы-бақылау саласында табан аудармастан 33 жыл қатарынан еңбек еткені өз ісіне шынайы берілгендігінің белгісі болар.

Әлеуметтік салада табысты қызмет еткен жылдар, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары болған кезеңдер кейінгі жылдардың еншісінде қалса да, осы тұста Хатим Айыпұлының тікелей араласуымен жүзеге асқан жобалар, қолға алынған іс-шаралар күні бүгінге дейін ел игілігінде.

Еселі еңбек елеусіз болмайтыны рас. Бұл тұста Х.Үмталиевтің «Құрмет» орденінің иегері», Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атанғанын, «Үздік қаржыгер» ретінде арнайы марапатталғанын айта кеткен жөн болар.

Бұл күнде мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жіберіп, бір ұл, үш қызынан көрген немере-жиеннің сүйікті атасына айналған Хатим Айыпұлы 75 жасқа толып отыр. Өмірден өтіп кеткен Мәзкурадай аяулы жарының жанында жоқтығы болмаса, «шүкір, балаларымның бақытына бөленудемін» дейді ол. Өз әулетінің арқасүйер абызына, асқар тау ақылшысына айналып отырған мерейгерге туыс-бауырларының «Ұзақ өмір нәсіп еткей!» деген тілегінің орындалуына жазғай!

Гүлжан Әмірова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз