ҚАЙМЫҚПАҒАН ҚАЙРАН ЕРЛЕР

Ұлы Отан соғысы кезінде мыңдаған қазақтың балауса жасы елін, туған жерін жаудан қорғауға аттанды. Олардың көпшілігі өмірдің қызығын да көрместен майдан даласында опат болды. Ерен ерлігі үшін 502 қазақстандық азамат Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Біздің облыста он Кеңес Одағының Батыры, бір Халық Қаһарманы, төрт «Даңқ» орденінің толық иегерінің болуы – баға жетпес мақтанышымыз. Нұр үстіне нұр жауғандай, жақында Құрманғазы ауданында туып, кейін Ресей азаматы атанған «Даңқ» орденінің иегері Сақан Қызылов есімі белгілі болды. Ол туралы республикалық «Егемен Қазақстан» және облыстың бас басылымы «Атырау» газетінде жарияланды. Жалпы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлері, Кеңес Одағының Батырлары туралы әдеби кітаптар, естеліктер баспасөз бетінде кеңінен насихатталып келеді. Бұл кейінгі ұрпаққа  тәрбиелік мәні зор баға жетпес тарихи мұра болып сақталады. Айтулы датаға орай бүгін аймақта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.  Соғыс ардагерлерімен кездесулер, мәдени көпшілік шаралар Атырау қаласында, аудандарда, елді мекендерде, барлық мекемелерде есте қаларлық дәрежеде өткізілуде.

Ұлы Отан соғысында Белоруссияның, Украинаның, Ресейдің көптеген қалаларын жаудан азат етуге қатысқан ардагерлерін сол елдердің басшылары Жеңіс күнімен құттықтап, атаулы кезеңдерде медальдармен марапаттап келеді. Жақында Белоруссияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысқан 20 Ұлы Отан соғысы ардагеріне «Жеңіске – 70 жыл» медалі және Белоруссия Республикасының Президенті А.Г.Лукашенконың «солдаттық үшбұрыш» («солдатские треугольники») құттықтау хаты келді. Оны облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өзі бастап, төрт Ұлы Отан соғысы ардагеріне салтанатты түрде табыс етті.                      Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов Курск иінін қорғауға қатысқан бес ардагерге медаль және  облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер кеңесі төрағаларына, белсенді ардагерлерге армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы медальды табыс етті. Мұндай марапаттаулар әлі де жалғаса береді.

Ұлы Отан соғысы кезінде тыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі, майдандағы жауынгерлерге  киім-кешек, тамақ, оқ-дәрі, атты әскер полктарына жылқы және тағы басқа қажетті бұйымдарды жеткізудегі еңбектері ерекше болды. Тылда еңкейген кәрі ата мен әже, әйелдер, кәмелетке толмаған жас балалар уақытпен санаспай, таң атқаннан күн батқанға дейін жартылай аш, жеткіліксіз киім, нашар баспана жағдайында еңбек етті. Соған қарамастан, майданға қажетті нәрселердің барлығын уақтылы жеткізіп отырды. Тамаша еңбектің үлгісін көрсетті. Тек біздің облыстың өзінен 67 Социалистік Еңбек Ері, 45 Ленин ордені иегері болса, бірқатары әртүрлі медальдармен марапатталған.

Ал, Новобогат ауданы (қазіргі Исатай) еңбеккерлері соғыс кезінде үш рет Қорғаныс Комитетінің «Ауыспалы Қызыл туын» жеңіп алғаны туралы деректер бүгін облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.

Тыл еңбеккерлерінің соғыс кезінде «Гурьев-Астрахан» теміржолы табанын салуға қатысқандығы туралы бүгінде ерекше айтылып жүр. Оларға көрсетіліп жатқан қолдау да аз емес.

Мәселен, облыста үш мыңнан аса тыл еңбеккері болса, оның 32 пайызын ер, 68 пайызын әйел адамдар құрайды. Ал, олардың 42 пайызы селода, 58 пайызы қалада тұрады. Аудан, қала ардагерлер кеңесі төрағаларының мәліметі бойынша, 431 тыл еңбеккері орден, медальдармен марапатталған. Соңғы екі жылда 27 тыл еңбеккері баспанамен қамтылса, 41-нің тұрғын үйі жөндеуден өткізілді. Ал, 257 зейнеткерді дәрі-дәрмекпен қамтуда қомақты қаржы бөлінген. Сондай-ақ, жалғызбасты 205 адамға 749 500 теңге, демеуші мекемелер арқылы 1483 адамға 4 млн. 632 500 теңге қаржылай көмек берілген. Сонымен қатар, 155 зейнеткер азық-түлік купондарымен қамтылса, 230 ардагер  шипажайларға тегін жолдамалар алды.

Жылдағы дәстүр бойынша баспасөзге тегін жазуға 605 ардагер қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 369 тыл еңбеккерлері әртүрлі марапаттауларға ие болса, оның 60-ы Астана, Атырау, Бекет ата, Сарайшық жерлерінде саяхатта болды. Сонымен қатар, 124 ардагердің тұрған үйінің маңдайшасына «Бұл үйде соғыс ардагері, тыл еңбеккері тұрады» деп есімі жазылған тақтайша ілінді.

Күні бүгін 27 ардагер облыстың, қаланың, ауданның «Құрметті азаматы» атанды. Ал, 21 соғыс ардагері мен тыл еңбеккеріне ескерткіш тақта, 31 ардагердің есімі  көше атауына берілген.

Мұның бәрі Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ардагерлерге көрсетілген құрмет. Алдағы уақытта мұндай шаралар әлі де көптеп атқарылатын болады. Дәлірек айтқанда, облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған бес комиссияға жүктелген міндет зор. Олар тұрғындар, жастар арасында адамгершілік, әскери-патриоттық тәрбие беру, ардагерлердің денсаулығына қамқорлық жасау, әлеуметтік қорғау және ақпараттық жұмыстар, т.б. бағыттар бойынша қызмет етеді. Аталған комиссиялар ұлы мерекені лайықты қарсы алуда облыс ардагерлермен тығыз байланыста тиімді жұмыстарды атқаруда.

Сондай-ақ, «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты ардагерлер арасындағы көркемөнерпаздардың облыстық байқау концертіне тыңғылықты әзірлік бастау алды.

 

Нұриддин ЕСМАҒАНБЕТОВ,

облыстық ардагерлер

кеңесінің

жауапты хатшысы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз