ИНТЕРНЕТ-КОНФЕРЕНЦИЯ: «АЙМАҚҚА ӨСІМДІК ӨНІМДЕРІН ӘКЕЛУДІҢ ӨЗ ТАЛАБЫ БАР»

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Абат Жанғалиев тұрғындармен интернет-конференция өткізіп, көптің көкейінде жүрген маңызды сауалдарға жауап берген еді.

Сұрақ:

– Тасымалданатын өсімдік өнімдеріне екі автокөлікке немесе екі теміржол вагонына бір сертификат алуға бола ма?

Азамат Серікбайұлы.

Жауап:

ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 13-бабының 4-тармағының 4 жолағына және ереженің 29 тармағына сәйкес, фитосанитариялық сертификат карантинге жатқызылған өнімнің әрбір легіне беріледі және оның карантиндік жай-күйін куәландыруға, жүргізілген зарарсыздандыру, осы өнімді жеткізу жөніндегі басқа да қосымша карантиндік талаптардың орындалғаны туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.

 Ереженің 33-тармағының 2-жолағында «Карантиндік сертификат карантинге жатқызылған өнімнің әрбір легіне беріледі және оның карантиндік жай-күйін куәландыруы, осы өнімді жеткізу жөніндегі қосымша карантиндік талаптардың орындалғаны туралы мәліметтерді қамтуға тиіс» делінген. Яғни, әрбір көлікке бөлек сертификат беріледі.

 

Сұрақ:

– Мен кәсіпкер едім. Астраханнан өсімдік өнімдерін тасымалдаумен, сатумен айналысқаныма жиырма жылдай уақыт болды. Сіздің мекеме мамандары былтыр Котяевкада рейд ұйымдастырғандары есімде, фитосанитариялық сертификат болмаған соң мамандарыңыз менің автокөлігімді жүгімен қоса кері қайтарды. Содан кейін әрдайым Астраханнан фитосанитариялық сертификат алып жүрмін. Ресей Федерациясының азаматтары қаладағы ірі базарларда жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін сатумен айналысады, олардың салыққа тіркелген патентін, фитосанитариялық сертификаты бар-жоғын тексеріп жатқан жоқ. Тағы да облыс көлемінде не болмаса қаладағы базарларда рейд ұйымдастыруға болмай ма?

Гүлайна Сәрсенова.

Жауап:

-Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» 2014 жылғы 27 ақпандағы №757 Жарлығының 1-тармағына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланған болатын, сол себептен инспекция шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында биыл карантиндік іс-шаралар ұйымдастырмағанын Сіздің назарыңызға жеткіземін.

Алайда, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, осы шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

 

Сұрақ:

– Фитосанитариялық сертификатты қанша уақытта алуға болады және неше күнге жарамды?

 Сағира Шағирова.

Жауап:

– ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңына сәйкес, фитосанитариялық сертификатты алуға өтінім берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде сертификат немесе оны беруден дәлелді бас тарту ресімделеді.

Қолданылатын мерзімі, 2010 жылғы 18 маусымдағы №318 Кедендік Одақ Комиссиясының шешімімен бекітілген Ережеге сәйкес, фитосанитариялық сертификат берген мезгілінен 30 күнтізбелік күнге дейін қолданылады. Яғни, бір жүкке алған сертификат алған күнінен бастап апаратын жеріне дейін 30 күнге жарамды.

Сертификатты алу мерзімдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Мемлекеттік қызмет көрсету регламенттері мен стандарттарында көрсетілген және мекеменің көрнекі жерінде ілінген. Сондай-ақ, аталған ақпаратты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында орналастырылғандығын қаперіңізге беремін.

 

Сұрақ:

– Атырау облысы көлеміне Ресей Федерациясынан құрылыс материалдарын тасымалдаймын. Кесілген, кесілмеген ағаш материалдарына (обрезной, не обрезной пиломатериал) қандай құжаттар керек?

Болат Кожаров,

Атырау қаласының тұрғыны.

Жауап:

Сіздің тасымалдайтын құрылыс материалдарыңыз, яғни кесілген және кесілмеген ағаш материалдарыҚазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы №1170 қаулысымен бекітілген Карантинге жатқызылған өнім тізбесіне сәйкес фитосанитариялық тәуекелі жоғары өнім болып есептелінеді.

Сондықтан, ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына экспорттаушы елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитариялық сертификаттарынсыз карантинге жатқызылған өнімді әкелуге тыйым салынады.

 

Сұрақ:

– Фитосанитариялық және карантиндік сертификат деген не?

Гүлбадан Жұмағалиева.

 

Жауап:

-ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңына сәйкес, Фитосанитариялық сертификат карантинге жатқызылған экспорттық өнімнің карантиндік жай-күйін куәландыратын құжат болып табылады.

Ал, Карантиндік сертификат дегеніміз-мемлекет ішінде тасымалдауға арналған карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік жай-күйін куәландыратын құжат.

 

Сұрақ:

– Карантиндік сертификатты қайдан алуға болады, қанша күнге жарамды?

(аты-жөні көрсетілмеген)

Жауап:

-Карантиндік сертификатты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық немесе қалалық, аудандық аумақтық инспекцияларынан алуға болады.

Карантиндік сертификатты алу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен  бекітілген фитосанитариялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарына сәйкес қызметті көрсету тәртібі айқындалған. Аталған стандартта қызмет көрсететін мекемелердің мекен-жайлары жазылған.

Ал, сертификаттың қолданылу  мерзiмi  жүктiң  жолда  болған  уақытына байланысты белгiленедi.

 

Сұрақ:

– Ресей Федерациясынан өсімдік өнімдерін тасымалдаумен және өткізумен айналысамын. ҚР аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі ережесін бұзғанына жауапкершілігі қандай?

Нұрлыбек.

Жауап:

– ҚР аумағын карантиндік объектілерден қорғау жөніндегі ережелерді бұзған, карантиндік тексеруден және тиісті өңдеуден өтпеген импортталатын және экспортталатын өсімдік материалдарын өсімдік карантині жөніндегі шекаралық пункттерге және шекарадағы бекеттерге әкелу және олардан әкету, осы жүктерді рұқсат етілетін карантин құжаттарынсыз тасымалдау жағдайларында, қазіргі уақытта, қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 307-308 баптарына сәйкес, айыппұл салуға әкеп соғады.

 Ал, 2015 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 400-бабының 1-тармағында көрсетілген бұзушылықтарды жасағаны үшін жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға  –  отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 Осы баптың 2-тармағында көрсетілген бұзушылықтарды жасағаны үшін, карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыру және қайта өңдеу мүмкін болмаған жағдайда, ол тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

Сұрақ:

– Қазақстан Республикасы ішінде тасымалданатын өсімдік өнімдеріне қандай талаптар қойылады?

Гулзура Құрманғалиева.

Жауап:

– Қазақстан Республикасы ішінде тасымалданатын өсімдік өнімдері Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңымен реттеледі.

Осы Заңға сәйкес, Карантинге жатқызылған өнiмдi облысаралық тасымалдау уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы беретiн карантиндiк сертификаттар болған кезде жүзеге асырылады. 

Карантиндiк сертификатты алу үшiн жеке және заңды тұлғалар  уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне өтiнiм бередi және карантиндiк жай-күйдi айқындау үшiн өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторға карантинге жатқызылған өнімді ұсынады. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен  бекітілген Фитосанитариялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарына сәйкес, карантиндік сертификат алу үшін өтініммен қоса, жеке тұлға үшін жеке басын куәландыратын құжат немесе сенімхатпен куәландырған өкілдің жеке басын куәландыратын құжат.

Заңды тұлға үшін заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік  және уәкілетті өкілдің жеке басын куәландыратын құжат.

Өтiнiмде карантинге жатқызылған өнiмнiң атауы, баратын пунктi және пайдалану мақсаты көрсетiледi.

Карантинге жатқызылған өнiмдi жүретiн жолында немесе баратын пунктiнде басқа мекен-жайға жіберу уәкілетті органның өз аумағында осы операциялар жүзеге асырылатын аумақтық бөлімшесінің рұқсаты бойынша жүргiзiледi.

Қазақстан Республикасының карантиндi аймағынан әкетiлетiн карантинге жатқызылған өнiмдi жүру жолында басқа мекен-жайға жiберуге тыйым салынады.

Әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм оның баратын пунктiнде қайтадан карантиндiк тексеруге жатады.

Егер тасымалдаушы карантинге жатқызылған өнімді өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүргізуге көрсетпеген жағдайда жүк жіберушіге қайтарылады.

 

Сұрақ:

– 2000 жылдан бері Астраханнан жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін тасымалдаймын. Бұрын Ресей Федерациясының Қараөзек кеденінде фитосанитариялық сертификаттарын беретін еді, сол сертификатпен Котяевкаға келіп инспекторлар автокөлікті тексерген соң карантиндік тексеру актісін алып, кедендік рәсімдеуден өтетін едім. Қазір сол фитосанитариялық сертификатты Астраханнан қай жерден, қандай мекемеден алуға болады?

Айнұр Оразғалиева,

Атырау қаласы.

Жауап:

– Жалпы, Атырау облыстық аумақтық инспекциясы тек Қазақстаннан шығатын өнімдерге және Қазақстанның ішінде тасымалдайтын өнімдерге ғана сертификаттар береді. Ал, Ресейдің Астрахан облысынан әкелінетін өнімдерге, Ресей Федерациясы Астрахан облысы бойынша Россельхознадзор басқармасына хабарласып алуға болатынын қаперлеймін. Мекен-жайды осы басқарманың ресми сайтынан қарауға болады.

 

Сұрақ:

– Ветеринариялық құжаттар алған кезде банкке ақша төленеді, сіздерден сертификат алғанда ақша төлене ме?

Гулфайруз Серікова,

Атырау қаласы.

Жауап:

– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің барлық облыстық, қалалық және аудандық аумақтық инспекцияларында мемлекеттік қызмет көрсету тегін жүргізіледі. Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетулер, яғни, фитосанитариялық және карантиндік сертификаттарын алғанда ешқандай қаражат төленбейді.

 

Сұрақ:

– Жыл сайын бау-бақша өсіремін, шыққан өнім-дерімді аздап қала көлемінде сатамын. Бау-бақшаға дәндерін қайдан алуға болады және қандай құжаттар керек екенін айтсаңыздар?

 Алмагүл Асылова,

 Махамбет ауданы.

Жауап:

– Сіздің дәндерді қайдан алуға болатындығы жөнінде сұрағыңыз бойынша инспекция құзырына жатпайтындығын қаперіңізге беремін. Алайда, дәндерді сатып алған кезде сатушыдан карантиндік немесе фитосанитариялық сертификатты талап етуіңізге құқығыңыз бар.

 

Сұрақ:

– Менің отбасым жыл сайын бау-бақша егеді. Өнімдерін қалаға, аудан базарына шығарамын, дәндерін Ресей Федерациясынан әкелемін, әкелген дәндерімді көрсетуім керек пе? Көрсетуім керек болса, қайда хабарласамын?

Динара Алимова,

Махамбет ауданы.

Жауап:

– Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 13-бабының 5-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм, карантинге жатқызылған өнiм тасымалданатын көлiк өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекеттік қадағалауға және қажет болғанда фитосанитариялық қадағалау бекеттерінде карантиндiк тексеруге, сондай-ақ тиiстi актiлер ресiмделе отырып, карантинге жатқызылған өнім баратын жерде карантиндiк тексеруге жатады. 

Осыған сәйкес, карантинге жатқызылатын өнімдерді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясынан және Атырау қалалық пен аудандық инспекциялардан тұрғылықты жеріңіз бойынша хабарласуыңызға болатынын қаперіңізге беремін.

Сондықтан, Ресей Федерациясынан әкелінген дәндерді міндетті түрде тексеру қажет.

 

Сұрақ:

– Карантиндік сертификатты қайдан және қанша күнге алуға болады?

Мен Астраханнан фитосанитариялық сертификатты тек қана картоп өніміне аламын, бірақ кей кездерде қаражатыма байланысты автокөлікке картоптан басқа сәбіз, қырыққабат, пияз артамын. Сонда мен барлық өнімге фитосанитариялық сертификат алуым керек пе?

Асылбек Алиев.

Жауап:

-Карантиндік сертификатты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясынан және Атырау қалалық пен аудандық инспекциялардан тұрғылықты жеріңіз бойынша алуыңызға болады. Карантиндік сертификатты алу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес жүзеге асырылады және осы стандартта инспекциялардың мекен-жайлары көрсетілген.

Екінші сұрағыңыз бойынша, Фитосанитариялық сертификат карантинге жатқызылған өнімнің әрбір легіне беріледі және оның карантиндік жай-күйін куәландыруға, жүргізілген зарарсыздандыру, осы өнімді жеткізу жөніндегі басқа да қосымша карантиндік талаптардың орындалғаны туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.

 

Сұрақ:

– Зиянкестер табылған өсімдік өнімдеріне қандай шара қолданылады?

  Нұркен Бояров.

 

Жауап:

– Бұл туралы Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 13-бабының 5-тармағының 5,6,7-жолақтарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы №1730 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі ереженің 20-тармағында көрсетілген.

Карантиндi объектiлер табылған карантинге жатқызылған өнiм қайтаруға, карантиндiк арамшөптерден залалсыздандыруға, тазартуға немесе техникалық қайта өңдеуге жатады. Карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыруға, тазартуға немесе қайта өңдеуге байланысты шығыстарды оның иелерi төлейдi.     

Егер карантиндік объектілермен залалданған карантинге жатқызылған өнімді залалсыздандыру, тазарту, қайта өңдеу мүмкін болмаса және оны қайтаруға жағдайлар болмаса, онда бұл өнім Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен алынуға және жойылуға жатады.

Карантиндік объектілермен залалданған ерекше ғылыми немесе өзгеше құндылығы бар тұқымдар мен отырғызу материалы олардың иелерінің өтініші бойынша тексеру үшін жерсіндіру-карантиндік көшеттіктерге берілуі мүмкін. Карантиндік объектілермен залалдануы жойылғаннан кейін тұқымдар мен отырғызу материалы олардың иелеріне қайтарылады.

Карантинге жатқызылған өнiмдi алып қоюды (оның iшiнде, пошталық жөнелтiлiмдерден, қол жүгiнен және багаждан) өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспектор жүзеге асырады, ол туралы алып қою актiсi жасалады. 

Фитосанитариялық бақылау бекеттерінде карантинге жатқызылған өнiмнен карантиндiк объектiлер анықталған кезде Кеден Одағының кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде фумигациялық камераларда, штабельдерде, кемелер мен баржалардың трюмдерінде, вагондарда, контейнерлерде және көлiктiң басқа да түрлерiнде залалсыздандыру бойынша жұмыстар жүргiзiледi.

Карантинге жатқызылған өнімді қарау кезінде оның үстінен, орамадан морфологиялық белгілері бойынша карантиндік объектілерге ұқсас организмдер, өсімдік аурулары белгілері, карантинге жатқызылған өнімді карантиндік объектілер бүлдірген белгілер табылған жағдайда карантиндік тексеру жүргізеді. Карантинге жатқызылған өнімнен үлгілер іріктеуді, карантиндік зиянкестерді, өсімдіктер ауруларын және арамшөптерді анықтау мақсатында оларды сол жерде зерттеуді жүргізеді. Карантиндік объектілерді сол жерде айқындау мүмкін болмаған жағдайда, үлгілер және объектілер Республикалық карантиндік зертханаға объектілердің карантиндік түрлерге түрлік тиесілілігін растауға жіберіледі.

 

Сұрақ:

– Қазіргі таңда Ресей рублі құнсызданып кетті, соған байланысты Ресейде мал азықтық жемшөп арзан, осы өнімдерді Қазақстанға әкелу үшін қандай құжаттар керек?

 Мөлдір Батырғалиқызы.

 

Жауап:

– Осы сұрақ көпшілікті мазалап отыр, алайда, көп адамдар заңдылығын білмей Ресей Федерациясынан заңсыз тасымалдауға мәжбүр болады.

Ал, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы №1170 қаулысымен бекітілген Карантинге жатқызылған өнім тізбеcіне сәйкес, шет елден әкелінетін жемшөп тәуекелі жоғары өнім болып есептелінеді.

Сондықтан, Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына экспорттаушы елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитариялық сертификаттарынсыз карантинге жатқызылған өнімді әкелуге тыйым салынады. Сол үшін Ресейден өсімдік тегінің өнімдерін тасымалдаған кезде міндетті түрде фитосанитариялық сертификат болуы шарт.

 

Сұрақ:

– Оңтүстік Қазақстан облысынан бақша өнімдерін әкеліп «Дина» базарында сатамын, тасымалданатын өнімнің карантиндік жай-күйіне бақылау қалай жүзеге асырылады?

Ануар Наурызбек,

 Еркінқала селосы.

Жауап:

– Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 9-2-бабына сәйкес, Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

Жалпы, басқа облыстан әкелінетін карантинге жатқызылған өнім баратын пунктінде қайтадан карантиндік тексеруге жатады.

Сонымен қатар, мемлекеттік инспекторлар тасымалданатын өнімнің карантиндік жай-күйіне бақылау жүргізу үшін тиеп жөнелту орындарында жүктерге тексеру жүргізіп, қажет болған кезде үлгiлер мен объектiлер Республикалық карантиндiк зертханаға объектiлердiң қандай карантиндiк түрге жататынын растауға жіберiледi.

 

Сұрақ:

– Менің екі сұрағым бар. Біріншісі, менің досым Шымкенттен, Астраханнан көкөністер мен жемістер әкеліп тұрады. Одан кейде фитосанитарлық, кейде карантиндік, кейде сәйкестік сертификат сұратады. Олардың айырмашылығы қандай, олар не үшін керек құжаттар?

 Екіншісі, жеміс-жидектерді әкелерде олардың ауру емес екенін қалай білуге болады? Оларды қаратып алатын мекеме немесе зертхана қай жерде бар және қалай аталады? 

Мейрамбек Аронов.

 

Жауап:

– Бірінші сұрағыңыз бойынша, Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 1-бабына сәйкес, карантиндік сертификат – мемлекет ішінде тасымалдауға арналған карантинге жатқызылған өнімнің карантиндік жай-күйін куәландыратын құжат.

 Ал, фитосанитариялық сертификат-карантинге жатқызылған экспорттық өнімнің карантиндік жай-күйін куәландыратын құжат болып табылады.

 Яғни, Сіздің досыңыздың жағдайында карантиндік сертификат Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдау үшін, фитосанитариялық сертификат Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге және тыс жерлерден Қазақстан Республикасының аумағына тасымалдау үшін беріледі. Ал, сәйкестік сертификат Инспекция тарапынан берілмейтіндігін хабарлаймын.

Екінші сұрағыңыз бойынша, Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының негізінде егер Мемлекеттік инспектор карантинге жатқызылатын өнімнен үлгі алу қажет деп есептесе, ол аталған өнімнен белгілі мөлшерде үлгі алып, республикалық, аймақтық карантиндік зертханаларға немесе фитосанитариялық бақылау бекеттерінің жанындағы зертханаларға, сондай-ақ, жерсіндіру-карантиндік көшеттіктерге жібереді. Ол мекемелердің тізімі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтынан қарауға болатынын қаперіңізге беремін.

 

Сұрақ:

– Өсімдік өнімдерін әкелген кезде кімге хабарласуға болады?

Айнагүл Есетбаева,

 Атырау қаласы.

Жауап:

– Өсімдік өнімдерін әкелген кезде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіАгроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің барлық Атырау облыстық,  қалалық немесе аудандық аумақтық инспекцияларының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларына хабарласуға болатындығын хабарлаймын.

 

Сұрақ:

Ресейден теректерді тамырымен, топырағымен әкелуге бола ма?

Дамира,

Махамбет ауданы.

Жауап:

 – Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 13-бабының 2-1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына: 1) экспорттаушы елдердің ұлттық карантиндік қызметтерінің фитосанитариялық сертификаттарынсыз карантинге жатқызылған өнімді; 2) карантиндік объектілер мен бөтен түрлер жұқтырған карантинге жатқызылған өнімді; 3) топырақты, тамыр жайған өсімдіктерді топырағымен қоса; 4) уәкілетті органмен келісім бойынша ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін әкелінетін үлгілерді қоспағанда, өсімдік ауруларын қоздырушыларды –  тірі саңырауқұлақ өскіндерін, бактерияларды, вирустарды, сондай-ақ өсімдіктерді бүлдіретін жәндіктерді, кенелерді, нематодтарды, карантиндік арамшөптер тұқымдарын әкелуге тыйым салынады.

 

Дайындаған А.Сабырова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз