«ЭКСПО-2017»-ГЕ ҮЛЕСІМІЗ ҚАНДАЙ?

«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу еліміздің халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. Көрме аясында Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны өздеріңізге белгілі. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде: «ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады» - деп баса айтқан болатын.

Қазірдің өзінде «Болашақ энергиясы» тақырыбында республика бойынша жұмыстар басталып кетті. Мамандандырылған халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына кешенді жобалар жасақталып жүзеге асуда. Әсіресе, жаңа энергия көздерін енгізу бойынша түрлі отандық инновациялық жобалар пакеті дайындалып, сарапшылар назарына жолдануда. Бұл бағытта Қазақстан жастарының да бір кісідей ұйымшылдықпен атсалысып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн.

«Жасыл ел» еңбек жасағының республикалық штаб жетекшісі Рахат Хамидуллин бастаған белсенді жастар тобы еліміздің әр өңіріндегі жастармен кездесіп, басқосу өткізуді қолға алды. Атырау мұнай және газ институтының ғимаратында өткен кездесуде Рахат Хамидуллин атыраулық жастардың пікірін тыңдап, көрмеге қатысты ойларын ортаға салды. Тренингте бүгінге дейін «Жасыл ел» жастардың еңбек жасақтары республикалық «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шаралары, болашаққа жоспарлары кеңінен талқыланды.

 – Биыл оныншы еңбек маусымын Атырау қаласынан бастадық. Қазір республиканың түкпір-түкпірінде жастар жасағы құрылып, еңбек етуде. Тоғыз жыл аралығында екі жүз мыңнан астам жастар еңбек жасағында жұмыс жасаса, олар 44 млн. түп ағаш отырғызды. 110 мың гектардан астам жер абаттандырылып, көгалдандырылды, – деген Р.Хамидуллин әрі қарай «Жасыл ел» жастардың еңбек жасақтары республикалық «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен ынтымақтастығы жөнінде тоқталды.

Халықаралық көрменің мақсаты мен міндеттері жастар еңбек жасақтарының мақсатына сәйкес келеді.  Еліміздің өркендеуі мен қоршаған ортаны сақтап қалуы үшін алдымен көгалдандыру жұмыстарына ерекше назар аударылу қажет.  Өткен жылы 29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Ақмола облысы, Бурабай өңірінде «Жасыл ел» жастардың еңбек жасақтарының күшімен республикалық слет өтсе, нәтижесінде, аймақтағы белсенді жастар күшімен көрме жайында үгіт жасағы құрылды.  Алматыдағы Қазақ гуманитарлық Заң университетінің жастары күшімен Астана қаласында «Астана ЭКСПО-2017» жазылуын сипаттайтын бес мың гүл отырғызылды. Жастар осындай игі істерге атсалысып қана қоймай, халықаралық көрмеге арналып салынып жатқан ғимараттың бой көтеруіне,  абаттануына да белсене қатысуда. Бүгінгі таңда астаналық 100 жасыл ел сарбазы ««Фасад Экспо» ЖШС қатарында еңбек етуде, – деді Р.Хамидуллин.

 Бұдан бөлек алға қарай да жастардың күшімен қолға алынатын көлемді жобалар қарастырылыпты. Атап айтқанда, жергілікті жердегі жанар-жағармай мен альтернативтік күн көзінің қолданылуын ұлғайту және де суға, жылуға, электр тоғы көзіне жұмсалатын қаражатты үнемдеу туралы ақпарат беру, оқыту, семинарлар өткізу іс-шаралары бар. «Ұқыптылық – еліміздің қауіпсіздігінің кепілі» атты көрме плакаттар ұйымдастыру, «Сенің үйіңдегі қуатты үнемдеу» атты облыстық жастар, балалар арасында бейнеролик байқауын өткізу, республикалық телеарналардан энергия үнемдеуге байланысты  әлеуметтік бейне топтамаларды  көрсету жұмыстары да жоспарланған. Ал, ауыл, қала тұрғындарына халықаралық көрмені насихаттау барысында «Жасыл ел»  жобасының логотипі мен арнайы киім формаларына «ЭКСПО-2017» логотипі  жапсырылған  кеудешелер таратылмақ.  Мұның бәрін жастардың еңбек жасағының құрамындағы 12 мыңнан астам жас жүзеге асыратын болады.

Сондай-ақ, астаналық мамандар алдында атыраулық жас Ержан Нұреденов өзінің жасаған «Жел генераторы»  (Вертикального многоярусного левитационного ветрогенератора) жобасын ұсынды. Ержанның бұл құрылғысының сыртқы бейнесі қазақы оюмен безендірілген. Генератор желден қуат алады. Энергия тапшылығын жоюда оның пайдасы зор. Әсіресе, энергия көзі жетпеген шалғай ауылдарда 100-200 метрге дейінгі аралықта пайдалануға болады.

Алға қарай ол бұл жобасын жетілдіріп, әлемде жоқ станция етуге жұмыстанатынын айтады. «Бұған қоса теңіздің ағысынан, күннен, желден қуат алатын генератордың да жобасын жасақтадым. Болашақта оның үстіне тікұшақ қона алады. Қазір болмағанмен, энергия көзі азайған тұста, яғни алдағы 20-30 жылда осындай станциялар шығады деген ойдамын. Сондықтан, менің жасаған туындым – болашақтың игілігіне жарайтынына сенімдімін», – дейді Е.Нұреденов.

Астана қаласындағы маркетинг және қоғаммен байланыс департаментінің менеджері Индира Төребаева: «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында энергия үнемдеу бағытындағы алдыңғы қатарлы үздік ғылыми жобалар, үш мыңнан астам шоу бағдарлама, концерттер көрсетіледі деп жоспарланып отыр.  Сондықтан, «ЭКСПО-2017»   халықаралық көрмесінің жастардың қатысуынсыз өтуі мүмкін емес. Шетелден келген қонақтарға ақпарат беру, насихаттау, аудармашылық қызметті де белсенді жастар мен еріктілер атқаратындығы қарастырылған», – деді Р.Хамидуллин шара барысында.

Атыраулық жастар да өз кезектерінде Астана қаласына барып, осындай қайнаған жұмыстарға атсалысуға ниетті екендерін білдірді. Олардың осы мәселелерге байланысты сауалдарына орай, әрбір аймақтағы жастардың тізімін жасақтап, жоспарға енгізетіндіні айтылды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,

Суретті түсірген Ақтілеу СҮЙЕУОВ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз