Диплом бар, жұмыс ше?

student2 Қоғам

Қазір – ақпараттық технологияның заманы. Соған сай журналистика мамандығын меңгеріп жүрген студенттерге қойылатын талаптар да өзгеруі шарт. Ал енді ғана оқу орнын тәмамдаған жас маман жұмысқа орналасарда оған кезігетін кедергі қандай? Салада маман тапшылығы бар ма?

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Журналистика және қоғаммен байланыс» кафедрасы ұйымдастырған «дөңгелек үстелде» салаға қатысты осы секілді өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің базасында өткен ашық пікірталасқа университет оқытушылары мен өңірлік БАҚ саласының өкілдері қатысты.

Түлектердің болашақ жұмыс орнының бірі ретінде айқындалған медиасеріктестік пен өңірдегі іргелі оқу орнының арасында жасақталған ынтымақтастық келісім-шартына сай студенттер холдингке қарасты басылымдар мен облыстық телеарналарда өндірістік іс-тәжірибеден өтеді. Бірлескен жұмыстың тиімді тұстары мен кемшін жақтарын саралаған қатысушылар теориялық сабақ пен тәжірибені тең ұштастырып, өз қабілет-қарымын танытқандардың қызметке алынуына кедергі жоқ екенін айтады. Қазақ журналистикасының деңгейін төмендетпеу үшін жоғары талап қою арқылы студенттерді жетілдіру де қажет.

Қазір республика бойынша 21 жоғары оқу орнында журналистика мамандығы оқытылады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті – батыс өңірі бойынша сала мамандарын дайындайтын іргелі оқу орындарының бірі. Қазір «Журналистика және қоғаммен байланыс» кафедрасында 200-ге жуық студент білім алуда. 2001 жылы «Журналистика» мамандығы бойынша оқыту ісін қолға алған қара шаңырақтан түлеп ұшқан талапты шәкірттер арасында еліміздің маңдайалды басылымдарында жауапты қызмет атқарып, оқу орнының мақтанышына айналғандар да аз емес. Олардың ізін жалғап, дәстүрлі БАҚ саласында еңбек етіп жүргендермен қоса, қазіргі заман талабына сай баспасөз қызметінде, SMM, мобилограф, продюсер ретінде жұмыс істеп жүргендер де бар. Десек те, «дөңгелек үстел» барысында мерзімді басылымға бет бұратындардың аздығы сөз болды. Яғни, газет журналистерінің арасында жас мамандар аз. Дипломы бар маман жеткілікті болғанмен, белгілі бір уақыттан соң кадр тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келу қаупі де көтерілді. Сала мамандары тек теориялық оқудан гөрі студенттердің редакциялармен байланысын арттыру, салаға қызығушылығын ояту секілді ортақ ұсыныстарын ортаға салды.

«Журналист – жауапкершілігі жоғары мамандық иесі. Сондықтан оқу орнын таңдап, бұл салаға келуге шешім қабылдаған студенттерді іріктеу кезінде-ақ айрықша мән беріп, лайықтыларын таңдаған жөн» деген жиын қатысушыларының ұсынысына орай университет ұстаздары жоғары сынып оқушылары арасында мамандықты насихаттау жұмыстары да жүргізілетінін айтты.

«Дөңгелек үстелде» көтерілген өзекті тақырыптың тағы бірі – қазақ журналистикасында салалық журналистерді қалыптастыру. Тараптар осыған қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын соңында Атырау журналистикасының ардагері, өңірлік БАҚ саласында айшықты қолтаңбасы бар Теңдік Жауырұлының туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылатын іс-шаралар барысы да сөз болды.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз