ДАРА САҢЛАҚ

Алаш жұрты қабағына қарап, қазақ қаламынан таныған жұртымыздың махаббатына бөленген Ұлы адам өтті. Әбіш Кекілбаев деген есімді жадымызға жаттатып, Қазақ елінің арғы-бергі тарихын санамызға қаттаған алып еді. Көркем шығармаларын бала кезімізден оқып өскен біз үшін тау тұлғалы Толағай болатын.

 

Кешегі алаш арыстары иығына салып көтерген дәуір жүгі мен заман шындығын, шежірелі тарихымыздың қатпарларын ақтарып, жұртына бар асылын арнаған ерен тұлға.

Алпысыншы жылдардан бері төл әдебиетімізді өзінің қайталанбас шығармаларымен сусындатып келе жатқан санаулы, дара саңлақтарымыздың бірі еді. Өкінішке орай, кеше сағат 10. 30-да Ұлы жүрек тоқтады. Қазақ үшін есепсіз қызмет көрсетіп, қазақтың тарихын әлемге танытқан, әлемдік әдебиеттің биігіне көтерген Әбіш Кекілбаев – қайталанбас дара шың.

Жаны жарасымды жұмсақ, жайсаң адам болатын. Сол мінезіне сай ешкімге салмақ салмай, қас пен көздің ішінде фәни дүниеден бақиға, барзақ дүниесіне жүріп кетті. Қаламдас інілері, аудитория, оқырман жұртшылық, көрермен жұртшылық жоқтап отырмыз. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Әбіш ақиқаты, Әбіш әлемі енді мәңгілікке жұртының жүрегіне көшті.

Әуезовтың қолынан сусып түсіп бара жатқан қаламын жерге түсірмей қағып алып, жұртына өлмес шығармаларын тарту еткен суреткердің екінші ғұмыры басталды. Ағамыздың рухы жәннаттың төрінде болғай!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, Сенат депутаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз