Бүгін тәрбиеші офицерлер күні

img 5062 Қоғам

Бүгін – Қазақстанның Қарулы күштерінде тәрбиешілер институтының құрылған күні. Әскери тәрбиеші тәлімді ұстаз не мықты әдіскер ғана емес, психология саласынан да кеңінен хабардар болуы керек, яғни «адамның жай-күйін түріне қарап-ақ бірден білетін» болуы абзал. Мұның бәрі әрбір әскери қызметшінің жауынгерлік рухын көтеру, оларды түсініп, тыңдай білу үшін қажет екенін аңғартады.

          1993 жылдың 19 қаңтарында Президенттің Жарлығымен қазақ әскерінде командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларының институты құрылды. Осы сәттен бастап Қарулы Күштердің қалыптасуы және дамуымен байланысты тәрбие жұмыстары органдарының тарихы бастау алды.

       Ұлттық ұлан әскерінің тәрбиеші офицерлерінің жас сарбаздар мен жас ұрпақтың әскери – патриоттық тәрбиесін қалыптастыруы бағытында алатын орны ерекше. Олар өз жұмыстарымен қатар шығармашылық бағытында да өздерінің өнерлерін халыққа паш етіп, ел тұрғындарының ыстық ықласына бөленіп келеді.

      Меніңде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарында соның ішінде  тәрбие жұмыстарымен айналысып жүргеніме 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы өткен 20 жылдың ішінде еліміздің көптеген қалаларындағы әскери бөлімдерде қызмет атқардым. Бүгінде Атырау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын. Осы уақытқа дейінгі атқарған қызметімнен жинаған тәжірибеме сүйене отырып, барша тәрбиеші офицерлерге қызметке қырағылықпен қарауға, әскери қызметшілермен жиі сұхбат жүргізіп, жеке тәрбие жұмысына баса назар аударуға кеңес беремін. Сондай-ақ, тәрбиеші офицердің сегіз қырлы, бір сырлы болуы керектігін ескере отырып, жан-жақты болуға, тек әскери салада ғана емес, өнер саласына, отбасыларыңызға көңіл бөлуге шақырамын. Тәрбиеші офицер болу оңай жұмыс емес, қызығымен шыжығы мол, үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сондықтан, тәрбиеші офицер боламын деген жас курсанттарға, әскери қызметші боламын деген жастарға сәттілік тілеймін.

          Барша тәрбиеші офицерлерді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына береке, бақыт, Отанымыз Қазақстан Республикасының игілігі үшін атқарып жатқан қызметтеріне табыс тілейміз. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Азамат Сәлімжанов,

 Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5546 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз