Болашақтың қаласы

Bolasha tyi alasyi 1 Қоғам

Астана бүгінде – Қазақстан жетістігі мен жеңістерінің символы.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Болашақтың қаласы 1

Қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары ару Астанаға – 20 жыл! Тарих үшін қасқағым сәт. Бірақ, мынау өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес.

Елбасы «Тәу­елсіздік дәуірі» кітабында жаңа аста­на елдің кешегісін келешегімен бірік­тір­генін атап өткен еді. Астана – қа­зақ халқының ғасырлар бойы ұзақ күт­кен және сәтті жүзеге асқан асыл арманы.

Астана өзінің 20 жылдық тарихында әлемнің озық ел­дерінің саясаткерлерінің басын қосатын ірі саяси орта­лыққа айналды. Айталық, 2010 жылы Елордада Еуропадағы Қауіп­сіздік және Ынтымақтастық Ұйы­мының саммиті өтті. Осы ретте Қазақ елінің бұрынғы кеңестік кеңіс­тіктегі елдер арасынан аталған ұйымға ең алғаш рет төрағалық еткен мемлекет екенін айтып өткен жөн. Сондай-ақ, Астанада 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ұйым­дастырылып, әртүрлі діннің өкілдері бас қосып отырады.

Белгілі саясаттанушы Ерлан Саиыровтың айтуынша, Астана халықаралық саяси аренада өзінің орнын қалыптастырып, халықаралық қауымдастық санасатын дәрежеге жетті. Осыдан тура 24 жыл бұрын астананы ауыстыру идеясы алғаш жария етілгенде, бұл тым «ұшқары» пікірдің қаптаған қарсыластары түгіл, ат төбеліндей жақтастары да айналасы 20 жылдың ішінде ел кіндігі – Арқа төсінде осындай заманауи мегаполис бой көтереді деп ойламаған еді. Бүгінде «Ақмола астана болады» дегенде, жұрттың бәрі бөркін аспанға ата қуанып, жаппай ат басын Арқаға бұрғандай көрінгенімен, елдің астанасын ауыстыру мәселесі үлкен үгіт-насихат жұмысын жүргізуді қажет етті. Қазір Астананың қадірлі ақсақалдары атанып отырған кейбір азаматтар «Ақмоланың батпағы мен ызыңдаған масасын алға тартып», құлаш-құлаш мақала жазып, қарсылық білдіріп те бақты. Міне, осындай тығырықты сәттерде Елбасы ерен ерік-жігер танытты. Мемлекет басшысы үлкен аудиторияларда, үкіметтік кездесулерде, ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында астананы көшіру идеясының стратегиялық, экономикалық, жалпыұлттық маңызын жан-жақты ашып, ел мүддесі, ұрпақ болашағы үшін бұл бастаманың баламасыз екендігін алға тартты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл да тегеурінді ұсынысымен Парламент 1994 жылы 6 шілдеде ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. Депутаттар алдында жасаған тарихи баяндамасында Елбасы Ақмола қаласының тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы болып таңдалуының 32 негізгі өлшемін көрсетіп берді. Олар – әлеуметтік-экономикалық, геосаяси, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да қолайлы мүмкіндіктер еді.

Бас қаланың Астана аталуының сыры туралы Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» кітабында былай дейді: «Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан, оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда, қалай қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек.

…Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз — Астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар».

Содан бергі өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан Елорда бүгінде тың идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Дәл қазір Астанада заманауи құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалыптасты. Бас қала­мыздың көркін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілері салтанат құрды. «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр» XXI ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Бұл ахитектуралық ансамбльдерге «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы қосылды.

Тәуелсіздік жылдарында қала халқының саны үш есе артып, 298 мың адамнан 1 миллион адамға жетті. Қала халқының табиғи өсімі 5,5 есе артып, әрбір мың адамға шаққанда 4,8-ден 26,4-ке дейін өсті. Астаналықтардың өмір сүру ұзақтығы осы жиырма жыл ішінде алты жасқа өсіп, 69 жастан 75 жасқа жетті. Елордадағы жоғары оқу орындарының саны үш есе көбейді. Жыл сайын жас отау, жаңадан шаңырақ құратын жастар саны 3 мыңнан 11 мыңға дейін көбейіп, төрт есе артты. Осы жылдар ішінде жаңа жұмыс орындарымен қамтылған астаналықтар саны 136 мыңнан 466 мыңға дейін өсіп, 3,5 есе артты. Жиырма жыл жыл ішінде қала аумағы 258 шаршы шақырымнан 800 шаршы шақырымға дейін өсті. Астана – Қазақстан тәуелсіз­дігінің тұғыры.

Астана – болашақтың қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы.

Киікбай ЖАУЛИН,

 Атырау инженерлікгуманитарлық институтының

проректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор,

 Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз