«БІРТҰТАС БОЛСАҚ, БӘРІ ҚОЛЫМЫЗДАН КЕЛЕДІ»

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға жұмыс сапарында осылай деді

Тың бастама. Жаңа өнім.

Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен   «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС-нің оптикалық кабель шығаратын зауытында болды.

Осы жерде қолға алынған ауқымды жобалар, Еуразиялық көлік дәлізінің батыс аймағында жасалып жатқан жұмыстар туралы ҚР Инвестиция және даму жөніндегі министрі  Әсет Исекешев баяндады. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Үдемелі индустриялды бағдарлама бойынша пайдалануға берілетін кешенді шаралар хақындақысқаша айтып берді. Одан соң Президент оптикалық кабель шығаратын зауыттың қызметімен жақынырақ танысты.

Атыраудағы кабель зауыты – республика көлемінде осы салаға маманданған екінші кәсіпорын. Оның жылына 11 мың шақырым өнім шығаруға мүмкіндігі бар. «ПКФ Континент Ко ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған нысан Индустрияландыру картасына енген және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша субсидияланып отыр. Жаңа зауытқа жалпы құны 1 миллион  АҚШ долларын құрайтын Қытайдан сатып алынған жаңа технология орнатылыпты. Елбасына өндіріс орнының осындай ерекшелігі, өнімнің сапасы туралы толығырақ баяндаған серіктестіктің бас директоры Семен Хван зауыттың мемлекеттің қолдауымен жүзеге асқандығына айрықша тоқталды.

– Зауытта бірнеше маркалы талшықты-оптикалық және жезді кабель өндіріледі. Оған ресейлік шикізат пайдаланылуда, ол арзан, әрі жеткізу жағы да қиындық тудырмайды. Жобаның жалпы құны 715 миллион теңгені құрайды. Біз жылдық 14 пайызбен «RBK BANK» екінші деңгейлі банктен сомасы 483 миллион теңге несие алғанбыз. Пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауды көздейтін бизнестің жол картасы бойынша бізге «Даму» 7 пайыздың орнын толтырып береді. Бұл – мемлекет тарапынан үлкен көмек, – деді құрылым жетекшісі.

Бүгінде кәсіпорын өнім көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Оның өз тұтынушысын табатынына сенім бар. Өйткені, мұнайлы аймақ қажетті дүниені осы күнге дейін сырттан тасымалдап келген. Өнімді мемлекеттік мекемелер, көлік, телекоммуникация, мұнай компаниялары пайдаланады. Сондықтан, «Кабельді өткізуде проблема туындамайды» дейді мұндағы мамандар. Жаңа кәсіпорын қазірдің өзінде 3 млрд. теңгеге тапсырыс алып үлгеріпті. Тағы бір тоқталары, кәсіпорындағы еңбеккерлер алғашқы әзірде бір ауысыммен жұмыс жасап, жалпы ұзындығы 5000 шақырымдық кабель шығарады. Ал, үш ауысымдық жүйеге көшкенде бұл көрсеткіш 11000 шақырымға дейін көбейеді. Серіктестік директоры жобаның екінші кезеңінде құрамына мыс қосылған кабель шығару мүмкіндігі бар жаңа желі іске қосылатынын айтты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын ұжымын нысанның іске қосылуымен құттықтап, өңірде индустриялық саланы дамытудағы оның маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жоғары және озық технология арқылы жасалатын өнімнің артықшылығына тоқталды. Айта кетейік, жаңа зауытта қазіргі күні  50 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы да – Атырау облысының тұрғындары. Өндіріс орнындағы мамандардың қатары алдағы уақытта жергілікті жастармен толыға түспекші. Нысан бүгінде Атыраудағы политехникалық колледжбен мамандар дайындауға байланысты келісім-шарт жасасқан. 

Ежелгі  зауыттың екінші  тынысы

Елбасы бұдан соң мұнай өнеркәсібі үшін жабдықтарды жөндеумен айналысатын зауытқа барды. «Атыраумұнаймаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Сағат Түгелбаев жоғары мәртебелі мейманға жаңа өндіріс орнының жұмыс барысы, даму деңгейі турасында кеңінен баяндады.

«Атыраумұнаймаш» – бұрынғы Петровский атындағы зауыттың ізінде құрылған өндіріс орны. Қаланың шығыс бөлігіне көшірілген кәсіпорынның қонысы да, құрылғысы да жаңа. Жұмыс негізінен шетелдің озық технологиясы бойынша қолға алынған. Өнімдері де сапалылығымен ерекшеленеді. Байырғы кәсіпорында отандық экономиканың жетекші саласына айналған мұнай-газ өнеркәсібі үшін, соның ішінде ұңғымаларды жөндеу, мұнай өндіру мен жинақтау және өңдеу саласына қажетті ең күрделі қондырғылар шығарылады. «Атыраумұнаймаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлкен нарықтан өз орнын алуына  мұнай өндіруші, өңдеуші және тасымалдаушы компаниялардың құрылымның қызметінсіз   жұмыс жүргізе алмайтындығы себепші болып отыр.

– Біздің зауыттың өнімі ұзақ мерзімге пайдалануға есептелген. Үлкен құбыр табиғаттың құбылысына шыдайды, ішіне кокс секілді қалдықтар тұрмайды. Өрт қауіпсіздігі туралы да осыны айтуға болады, – деді өндіріс орнының иесі Сағат Түгелбаев.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде зауытта дайындалып жатқан ерекше өнімнің тұсына ұзағырақ аялдады. Оның өзіндік мәні бар екен. Мұндай үлкен сыйымдылық жергілікті өндіріс орындарында бұрын-соңды жасалып көрмепті. Газды сақтауға және тазалауға арналған алып ыдыстың диаметрі алты метрді құрайды. Қалыңдығы 34 миллиметрге, ұзындығы 50 метрге жететін темір орамы осында кесіледі. Үлкен құбырдағы дәнекерлеу жұмыстары автоматты түрде жүзеге асуда.

Мұнда соңғы кезеңде ашылған ірі көлемді, әрі ең ауыр бұйымдар құрастыратын цехта алдағы уақытта диаметрі 9 метрді, ұзындығы 110 метрді құрайтын ірі колонналар құрастырылады.Атап өтерлігі, энергетика, химия, газ, өзге де салаларға қажетті жабдықтар шетелден алдырылған жаңа технология арқылы жасалып жатыр. Негізгі тапсырысшылардың қатарында «Теңізшевройл», Қарашығанақ консорциумы, NCOC, Атырау мұнай өңдеу зауыты секілді үлкен құрылымдар бар.

– Бұрынғы уақытта  мұндай өнімдерді шығару үшін алып зауыттар салынатын. Үлкен жұмысшы қолы тартылушы еді. Ал, қазір көріп тұрсыздар, мұның қажеті болмайды. Мыңдаған адам жасайтын жұмысты бүгінде 270 жұмысшы ғана атқаруда. Ол әлемнің озық технологиясы, жаңа жүйесі арқасында мүмкін болып отыр, – деді осы тұста Елбасы.

Мемлекет басшысы зауыттың әрбір өніміне жекелей тоқталып, артықшылығын кеңірек сұрады. Байқасақ, Атырауда жасалған жылу қазандықтары тез жылытатындығы, әрі үнемділігімен ерекшеленеді екен. Елбасы бас сұққан жаңа цехтың атшаптырым ғимараты да осы жабдықпен жылытылып келген болып шықты. «Жұмысшы-қызметкерлеріміз қыстың қатты суық күндерінде де мұнда жеңіл киіммен жүреді. Өйткені, қазандық қуатының мүмкіндігі өндіріс орнындағы ауа температурасын қалыпты ұстап тұруға толық жетеді» деді С.Түгелбаев.

 Президент шикізат ретінде келетін қалың темірлердің дайындалу үрдісіне де мән берді. Атап өтерлігі, бұл ауыр жұмыс та атыраулықтардың қолынан келуде. Мысалы, италияндық құрал-жабдық қалыңдығы 20 миллиметрге жететін жалпақ қалың темірді майыстырып, тез арада қажетті орам жасай алады. Ал, қыздырылса 35 миллиметр қалыңдықты да қамырша илейді. 

«Атыраумұнаймаш» өнім-дерінің озық тұсы – оның тиімділігінде. Техникалық жарақтандырылудағы жаңалықтар оны нарықта бәсекелестерінің алдына шығарып отыр. Өйткені, көршілес елдерден келетін дүниенің  жылу қайтарымдылығы 80 пайыз болса, қазақстандық өнімнің көрсеткіші 96-98 пайызды құрайды. Сонымен қатар, мұнда жылу генераторлары, су жылыту құрылғылары, өзге де өнімдер шығарылады.

Өндірістегі серпінге риза болған Елбасы зауыттың ұжымымен кездесуге де уақыт тапты.

– Осыған дейін кабель өндіретін өндіріс орнында болғанмын. Аталған өндіріс нысандары қазір Қазақстанға өте қажет дер едім. Оның өнімдері біздің өндірісіміздің қанат жайып келе жатқанын байқатады. Мұндай орындар бізде бұрын болмаған. Айрықша тоқталарым, мен өзіміздің мемлекетте шығарылған өнімдерді өзіміз алуымыз қажеттігін үнемі айтып келемін. «Қазақстанда жасалған» азық-түлікті, қажетті басқа тауарды  өзіміз тұтынуымыз қажет. Мәселен, менің үстімдегі мына костюм өзіміздің елімізде тігілген. Аяқ киімім де – отандық өнім. Мұндай сапалы киімді бұрын жасай алушы ма едік?! Сондықтан, өзіміздің тауарымызды өзіміз сатып алғанымыз, пайдаланғанымыз отандық өндірісті қолдағанымыз екендігін түсінгеніміз дұрыс, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Президенттің сапары, өндіріс орнына арнайылап келіп, емен-жарқын кездесуі аталған ұжымның мерейін өсірді. Жұмысшылардың жүрекжарды тілегін олардың атынан жөндеуші Рашид Алашбаев білдірді. «Мен осы зауытта 30 жылдан бері жұмыс істеймін. Өндіріс нысаны қазіргі заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. Ескі зауыт пен қазіргі зауыттың айырмашылығы үлкен. Қазір жұмысшылар шетелдік қондырғымен жұмыс жасайды. Мен де өзімнің жасыма қарамай жастармен бірге жаңа технологияларды меңгеріп келемін. Алаңсыз еңбектенуге мұнда барлық жағдай бар. Осы жетістіктеріміздің барлығы Сіздің еңбек адамына деген қамқорлығыңыздың арқасында болып отыр» деді жұмысшы.

Еңбеккердің алғысына өзінің ризашылығын білдірген Елбасы бұдан соң зауыт ұжымымен бірге фотосуретке түсті.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз