БАУЫРЛАСТАР ЗИРАТЫНА ЖЕРЛЕНГЕН БАТЫР

Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жыл дығы жақындаған сайын кешегі күні қан майданда от кешкен, кеуделерін оқ тескен, тірі қалғандары аман-есен туған елі мен жеріне оралып, қаза тапқандары сол жақта қалған, көпшілігі хабарсыз кеткен қайран ерлерді есімізге түсіріп жатқан жайымыз бар. Өкініштісі сол, көрер жарығы мен дәмі таусылмай елге қайтқандарының да жылдан-жылға қатарлары сиреп барады...

 

Өткен ғасырдың басында, дәлірек айтқанда, 1903 жылы бұрынғы Новобогат ауданының Мыңтөбе ауылдық кеңесінде дүниеге келген Шапағат Іңкебаев 1942 жылдың шілде айында аталған ауданның әскери комиссариаты арқылы Кеңес әскері қатарына алынады. Қаруластарымен бірге бірнеше кескілескен ұрыстарға қатысады. Содан 1943 жылдың бірінші наурызы күні 60-ыншы атқыштар дивизиясының 1285 санды атқыштар полкінің құрамында Курск облысы,  Дмитриев ауданы, Липки деревнясын азат ету үшін болған шайқаста майдан даласында ерлікпен қаза табады. Бұл жайындағы хабар арада жетпіс жылға жуық уақыт өткенде белгілі болады. Анығын айтқанда, Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің Подольск қалалық мұрағатында сақталған, 1943 жылы №10964с майдан даласынан жолданған хабарламада баяндалған болып шықты. Соның негізінде, біздің жерлесіміз Шапағат Іңкебаевтың жоғарыда келтірілгендей, 1943 жылдың наурыз айында, ұрыс кезінде майдан даласында қаза тапқандығы туралы №11/223832 30.05.2012 жылғы мұрағаттық анықтама берілген.

 

Боздақтар ескерткішіне есімі жазылды

«Ерлік–елге мұра, ұрпаққа ұран» дегендей, басқа да боздақтармен бірге Шапағат ағаның есімі Ұлы Жеңістің 68 жылдық мерекесі қарсаңында өзінің туған жері–қазіргі Исатай ауданының Жанбай селосында майдан даласынан оралмаған жауынгерлерге арналып орнатылған ескерткіш-тақтаға енгізілді. Соған орай марқұмның артында қалған, бүгіндері Атырау қаласында тұратын ұрпақтары сол обелискінің салтанатты ашылу рәсіміне арнайы шақырылған. Білгеніміздей, Шапағат Іңкебаевтың шаңырағында Бәтима есімді қыз бен Орынбай есімді ұл дүниеге келген. Жолдасы Мәрия Мыңтөбе елді мекенінде тұрып, 1958 жылы өмірден озған. Әкесінен есін біліп қана қалған екі баланың үлкені Бәтима апамыздың жасы бұл күндері жетпісті орталаған.

– Өзіміз үшін ардақты да аяулы жанның асыл бейнесін көрмесек те жылдар бойына жадымызда ғана емес, жүрегімізде сақтап келгеніміз шындық. Жанбайдағы ескерткіш-тақтаның басында тұрып, алыста қалған әкемізбен бір сәтке қайта қауышқандай әсерде болдық. Осындай шараны ұйымдастырып, мүмкіндік жасағаны үшін аудан, ауыл әкімдеріне, ардагерлер кеңесіне, басқа да іс басында жүрген азаматтарға алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдіргенбіз,- деп сабақтады бізбен бөлісер сырын  Бәтима апай. – Отбасы, ұрпақтарымызбен түгел сол шараға қатыстық. Балаларым мен немерелерім де нағашы аталарының кім екенін, қандай адам болғанын біліп, зор тағылым алды деп есептеймін. Ол кезде жолдасым Мүтиғолла да жанымда болатын. Өкінішке орай, биылғы көктемде ол кісі де өмірден өтіп кетті. Өзіммен бірге туған жалғыз бауырым Орынбайдың да қайтыс болғанына бірнеше жылдың жүзі өтті. Отбасы, келінім мен бауырларым қазірде Шымкент қаласында тұрып жатыр. Тұңғышымыз, үлкен ұлымыз Серігіміздің де бұл фәниден жастай, әкесінен бұрын  кеткені  кезінде қабырғамызды қайыстырып, қиналтқаны  рас.

 

Туған жердің бір уыс топырағы

Осылайша ағынан жарыла ақтарылған сұхбаттасымыз тағы бір әңгіменің ұшын шығарып қойды. Әлгінде айтылғандай, осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы мұрағатынан берілген анықтамаға қосымша әкесінің қашан, қай жерде жерленгендігі туралы дерекке де қол жеткізген апамыз өзінің перзенттік парызын орындауды алдына мақсат етіп қояды. Марқұм әкенің мүрдесі жатқан алыстағы зиратының басына барып, зиярат қылып, туған жерінің бір уыс топырағын салып қайтуды ойластырады. Содан үстіміздегі жылдың шілде айында бас көтерген бала-келіндерін жанына ертіп жолға шығады.  Шілденің 21-і күні құрамында Атыраудан барған Бәтима Шапағатқызы, ұлдары Қанат, Болат, Берік мен Нұрсәуле келіні бар шағын топты (суретте)Ресей Федерациясы Курск облысы әскери комиссариатының Дмитриев ауданы бойынша өкілі Елена Давыденко қарсылаған.

Аудан әкімшілігінде ұйымдастырылған кездесуге Дмитриев ауданы мен қаласының басшылары Ирина Богатикова, Алексей Рябыкин, аудандық мәдениет үйінің директоры Вячеслав Сердюк, жергілікті «Дмитриевский вестник» газетінің тілшісі Ирина Ярцева және басқалары қатысқан. Қызықты жүздесу барысында мәлім болғанындай, осындағы «Октябрь революциясының 40 жылдығы» атындағы қалалық саябақтағы стеллада Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан өзге де жауынгерлермен қатар, атыраулық Шапағат Іңкебаевтың да есімі жазылыпты. Одан бөлек, қосымша  сол сұрапыл жылдарда Курск даласында жау оғынан шейіт болғандар тізімі жарияланған естелік кітаптың 17-томына енгізіліпті.

– «Ештен кеш жақсы» демей ме дана халқымыз. Арада жетпіс жылдан астам мезгіл өткенде Курск жеріндегі Бауырластар зиратынан әкеміздің, атамыздың есімін көріп, ол кісінің де ел басына күн туған шақта елдің ер-азаматтарымен бірге майданға аттанып, ерлікпен қаза тапқанына, соғыстан оралмаған боздақтардың сапында болғандығына көзіміз жетті. Толқыдық та, бір жағынан есімі елдің есінен өшпейтін батыр әкенің ұрпақтары болғанымыз үшін бойымызды мақтаныш сезімі билегені де рас,-дейді бір сәт Бәтима апай. – Інім Орынбай тіптен де кішкентай болды ғой, ал әкемнің бейнесі емістеу болса да менің есімде қалыпты. Жадымда жақсы сақталған бір жайт – бізге білдіргісі келмей, анамның еңкілдеп жылап, көзіне жас алғаны. Кейіннен білгенімдей, сол кезде майданнан әкемнің қайтыс бол-ғандығы туралы қайғылы хабар (қара қағаз) келген болу керек.

Әңгіме барысынан байқағанымыз, қайран әке сүйегінің қайда қалғандығы, қай жерде жерленгендігі жайлы іздестіру жұмыстарын осыдан әлдеқашан Бәтима апаның бауыры Орынбай аға бастап, ол туралы нақты деректерді де тапқан екен. Әне-міне деп жүргенде ол кісінің өзі өмірден өтіп кетеді де, ойға алған шаруа тағы да кейінге қалып қояды. Ақыры, міне, арада 71 жылдан астам уақыт өткенде көптен күткен мақсат орындалды. Исатай аудандық мемлекеттік мұрағатынан алынған деректерге зер салсақ, Шапағат Іңкебайұлы 1930-1942 жылдары, яғни майданға аттанғанға дейін Мыңтөбе ауылдық кеңесінде тұрған, колхозда еңбек еткен.

 

Ұрпақтарының жадынан ұмытылмас бейне

Адам ұрпағымен мың жасайды. Құдайға шүкір, Шапағат ата өзі өмірден өтсе де, артында ізі – ұлы мен қызы қалды. Соның ішінде, бүгіндері қаламен шектес Балықшы кентінің байырғы тұрғындарының қатарынан орын алатын Бәтима апа Шапағатова мен Мүтиғолла аға Құттыбаевтың бірлесіп көтерген шаңырағында тоғыз перзент өмірге келді. Екеуі жарасымды жанұяның базарына айналған балаларының қызықтарын бірге көрді. Қыз ұзатып, келін түсірді, немере-жиен, шөбере сүйді. Бірнеше рулы елмен құдандаласып, аралары ажырамастай тату туыс, жекжат болды. Ағамыз көп жыл облыс орталығындағы автокөлік кәсіпорындарының бірінде абыройлы еңбек етсе, апамыз – ғұмырының саналы бөлшегін сауда саласына арнап, халықтың сұранысына сай мінсіз қызмет қылған, сонысы үшін де кооперация саласының үздігі танылған жан. Бірнеше мәрте жергілікті кеңестің депутаттығына да сайланған. Бүгіндері балалары өз алдына бір-бір шаңырақтың иесі.

Айтқанымыздай, олар Ресей жерінде жатқан әке, аталарының да басына барып, зиярат етіп, туған жердің бір уыс топырағын апарып, өздерінің перзенттік парыздарын өтеп қайтты. Арада қаншама жылдар өтсе де, кешегі күні Отан үшін от кешіп, жау қолынан опат болған қайран ерлердің әрқайсысын бір-бір батырға бағалайтын ресейліктердің құрметі мен ізетін көрді. Өздері де оларға ризашылығын білдіріп, қазақы дәстүрмен елден дайындап апарған сый-сияпаттарын ұсынды.

Шапағат Іңкебайұлы сынды әке-аталарының есімін қайта жаңғыртып, елінің есінде қалдыру үшін Исатай ауданы ауылдарының бірінен бола ма, қолайы келсе, Атырау қаласынан ба, бір көшеге есімі берілсе, артық болмас еді деген көңіл түкпірінде ұялаған ой-армандарының барын білдік. Әрине, бұл тілек орындалып жатса, жетпіс жылдық мерейлі тойын қарсылағалы отырған Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Отан үшін от кешкен тағы бір ердің есімін ұлықтағанымыз болар еді.

Дәулетқали АРУЕВ,

 

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз