Атырауда басталған құрылыстар неге уақытылы аяқталмайды?

mnogoэtazh doma Қоғам

«Спутник» деп аталатын Атырау қаласы маңындағы шағынаудан құрылысының басталғанына биыл алтыншы жыл. Дәлірек айтқанда, Талғайраң елді мекеніндегі алғашқы қадасы қағылып, тұсауы кесілген жоба шеңберінде бұл жерде көпқабатты 70 тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысанның (балабақша, мектеп, спорт кешені) құрылысын салу жоспарланған. Бастапқы кезеңде бөлінген бюджет қаражаты мақсатты, межелі мерзімінде игерілген жағдайда, мұнда біртіндеп жеке құрылыс компаниялары мен коммерциялық құрылымдардың қаржысын (инвестиция) тарту көзделген еді.

 Осылайша, салынатын тұрғын үйдің санын 500-ге жеткізіп, әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысандардың қатарын көбейту межеленген болатын. Өкінішке қарай, бұл бастама қағаз жүзінде қатқанымен, қаржысы шешілмеген күйінде қалып қойды. Қазына қаражатына салынуы жоспарланған 70 үйдің бүгінде 24-і ғана бой көтерген. Қабырғасы көтеріліп, төбешатыры жабылғанымен, оның өзі де инженерлік коммуникациялары жүргізілмегендіктен құрастырып қойған қорап іспетті пайдалануға берілместен қақшиып тұр.

Жылдарға созылған жоба

Ал, мұндай шұғыл шешімнің қабылдануына не түрткі болды, тұтастай қалашықтың құрылысын жоспарлап, тездетіп салу жөніндегі нұсқау қайдан берілді? Бұл сұрақтар  біраздан бері бұқараны мазалайтын. Оған жауап іздеп осында министрлер мен мәжілісмендер, жергілікті атқарушы және өкілді билік органдарының басшылары келіп, маңдай тіреген.

Мәселен, 2022 жылдың сәуір айында Атырауда сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық жөніндегі комитеттің төрағасы Алмаз Ыдырысовтың жұмыс сапарымен болғаны есімізде. Сол жолы жоғары мәртебелі шенеуніктер әңгімемізге арқау болып отырған Талғайраңдағы құрылыс алаңына да атбасын бұрған-ды. Республикалық ведомоствоның баспасөз қызметі таратқан баспасөз-баянында «Күні бүгінге құрылысы аяқталған бес қатарлы 6 тұрғын үйге жоспарға сәйкес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар (соның ішінде су құбыры мен кәріздік тазарту желісі де бар) тартылып, толықтай пайдалануға беріледі» делінген-ді. Бұл да сол алдыңғы жылдың көктемінде айтылған әңгіме болатын.

Жалпы алғанда, тұрғын үй алабындағы 24 үйдің құрылысы 2023 жылдың қазан-қараша айларында тапсырылуға тиісті екен. Бұл да межеленген мерзімінен кешіктіріліп, биылға қалдырылыпты. Соған қарамастан салалық республикалық құрылымның басшысы тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандардың құрылысына да айрықша назар аударып, бақылауда ұстау қажеттігін қаперлегенін де білдік. Дегенмен, «сең» орнынан қозғалмастан, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып қойғанға ұқсайды. Ол уақытта әлеуметтік нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалғанымен, монтаж жұмыстарының «мұрты да бұзылмаған» болып шықты. Құрылыстың осылайша ұзаққа созылуына орын алған пандемия, инженерлік инфрақұрылымдарды қаржылындыру мәселесінің шешілмеуі, инфляция мен құрылыс материалдарының қымбаттауы, тағы басқа жағдайлардың септігін тигізгені алға тартылды.

Жауапсыз мердігердің жөнсіздігі

Сонымен, «құрылыстағы кідірістің сыры неде?» деген ең басты сауалға жауап іздеу мақсатында мониторинг өткізілді. Шараға Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин, облыстық құрылыс басқармасы мен қалалық құрылыс бөлімінің, мердігер компаниялар мен жобалаушы және техникалық қадағалаушы құрылымдардың өкілдері қатысты.

 Әуелгі әңгіме «Спутник» деп аталатын шағынауданда  салынуы белгіленген, әрқайсысы 90 пәтерлік (барлығы 630) 9 қабатты 7 үйдің құрылысы төңірегінде өрбіді. Жобада қарастырылғандай, 2 бөлмелі пәтердің (жалпы саны 54) ауданы 60, үш бөлмелінікі (18) 80 және 4 бөлмелі баспананікі (18) 107 шаршы метрді құрайды. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жарияланып, 2022 жылдың қыркүйек айында мердігер мекемені анықтау мақсатында өткізілген конкурстың қорытындысымен «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС жеңімпаз танылған. Сол жылғы 15 қыркүйекте тапсырысшы тарап Атырау қалалық тұрғын үй бөлімі мен мердігер кәсіпорын арасында келісім-шарт (қаржылай құны 13,6 млрд. теңгеге бағаланған) жасалған. Сонда ЖСҚ бойынша бір үйдің құны 2 млрд. теңгеге жуықтайды екен.

Алайда, қазынадан қаралған қыруар қаражаттың нақты 3,6 млрд.теңгесі ғана игерілген болып шықты. Жоспарда көрсетілгендей, мердігер кәсіпорын құрылысты 2023 жылдың қазан айында бітіріп, тапсыруға міндеттенген. Ал, құрылысшылар салуға тиісті тоғыз қабатты жеті үйдің бесеуінің ғана нөлдік циклы бітсе, екеуінің іргетасы ғана құйылған. Яғни, бірде-бір үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары мәресіне жеткізілмеген болып шықты.

Солай бола тұра, құрылысты жүргізуші серіктестік осы жағдайды ескере отырып, нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын қайта қарап, түзетулер енгізу және құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімін ұзарту, бұған дейін рәсімделген хаттаманың күшін жою жөнінде сотқа талап-арыз берген. Былтырғы желтоқсан айының 19-ында өткен сот отырысында мердігер кәсіпорынның талабын қанағаттандырудан бас тартылған.  

Сотқа жеткен мәселе

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тілек Махуовтың айтуынша, 2023 жылғы қазан айында тапсырысшы тараптың атынан өз міндеттемесін орындамаған мердігер мекеменің үстінен қарсы талап-арыз жолданған. Сөйтіп, биылғы қаңтар айында шыққан соттың шешіміне сай тапсырысшы қалалық құрылыс бөлімі мен мердігер ұйым «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС арасында жасалған келіісім-шарт бұзылған.

– Келісім-шартта мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылдың қазанында тәмамдалып, тапсырылуға тиісті еді. Бірақ мердігер қабылдаған міндеттемесін орындамады. Сондықтан біздің осылай істеуімізге тура келді. Бұл қадамымыз және дұрыс болды, біз жеңіп шықтық. Заң талабы бойынша қарсы тараптың сот шешімімен келіспейтіндігі туралы жоғары тұрған инстанцияға кассациялық шағыммен шығуына (бір ай ішінде) мүмкіндігі бар. Қалай дегенде де, бұрын жасалған жоба ескірді, қайткен күнде де оны өзгертіп, қайтадан бекіту қажет. Сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған жағдайда, мемлекеттік сатып алу заңнамасы бойынша басталған жұмысты әрі қарай жалғастыратын жаңа мердігер мекемені анықтау үшін тендер жарияланып, конкурс өткізіледі. Мұның бәрі белгілі бір уақытты алатыны даусыз. Ал, жауапсыз мердігердің жөнсіздігінен желге ұшқан қазына қаржысы қайтарылады.

Бұған қоса айтарым, «Спутник» шағынауданындағы құрылыс жұмыстарын одан әрі жалғастыру үшін мамандар жалпы ауданы 68 гектар жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын жасақтады. Жоғарыда тоқталып кеткенімдей, әзірге мұнда салынып тұрғаны бірінші кезеңге жоспарланған 70 үйдің 24-і немесе 30 пайыздан астамы. Қазіргі уақытта бұл үйлердің құрылыс-монтаж жұмыстары 95 пайызға орындалып отыр. Алда тұрған маңызды міндеттің бірі – инженерлік коммуникациялар құрылысын толықтай аяқтау. Бүгінде бұл үйлерге келетін су құбырлары негізінен тартылды. Қосу мәселесі қысқа байланысты кешіктірілуде. Күн жылынысымен ол шаруаны да үйлестіреміз деп ойлаймыз, – дейді құрылысқа жауапты  бөлімнің басшысы.

Айтылғанындай, осы жылдың наурыз-сәуір айларында инженерлік коммуникация желілерінің жобасына түзетулер енгізу процесі мәресіне жетіп, мақұлданғасын жұмыс та жалғасады. Атап айтқанда, кәріз жүйесі, үлкен жылыту қазандығы мен жылу желілерінің құрылысы аяқталып, алаңішілік жылу құбырлары тартылады. Жарық барлық үйлерге жүргізілген. Аумақты абаттандыру жұмыстары инженерлік инфрақұрылымдар іске қосылғаннан кейін басталады.

Қазірдің өзінде бұл жұмыстың бекітілген жобасы мен атқаратын мердігер компания да («Номад») анықталған. Сонымен қатар, аталған тұрғын үй алабында бір мектеп, екі балабақша мен спорт кешенін салу да жоспарға енгізілген. Тамыз айында осында бой көтерген бес қабатты 24 үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жерде құрылыстың кідіріске ұшырап, мерзімінің ұзарып кетуіне себепші болған жайттар да алға тосылды.

Картадағы нысандар ­– қатаң бақылауда

 Соңынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин орын алған жағдайға байланысты өз пікір-пайымын білдірді.

– Қазіргі таңда республикамызда құрылысы аяқталмаған 156 нысан есепке алынған. Бұлардың бәрі де антикор қызметінің бақылауында. Осы мақсатта мониторинг жүргізіліп, бюджет қаражатының тиімді игерілу жағы тексеріледі. Бұл бағытта біздің облыста да өңірлік карта жасақталып, оған «сақалдылар» санатына жататын 8 құрылыс нысаны енгізілген. Солардың бірі осы Талғайраңдағы «Спутник» шағынауданы болып табылады. Жергілікті атқарушы билік органдары мен тапсырысшы тарап өкілдерінің түсіндіруінше, әдеттегіше нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, құрылыс жұмыстары әлдеқашан басталып кеткенімен, алдын ала инженерлік инфрақұрылымдары тартылмағандықтан қабырғасы қаланып, бойын тіктеген үйлердің жылдар бойына сол күйі қаңырап бос тұруына тура келген. Ақырында, бастапқы жобаны қайта қарап, ішінара өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Бүгінде биылғы жазда тапсырылуы межеленіп отырған көпқабатты үйлерге келетін су құбырының құрылысы 95 пайызға дайын, күн жылынысымен қосыла бастайды. Табиғи газ желісі де жүргізіліп қойылғанымен магистралды желіден бермен қарай тартылатын ұзындығы 10 шақырым құбырдың құрылысы енді ғана басталады. Осы және өзге де қарама-қайшылықтар жинақтала келе жоспарлы құрылыстың жолда қалуына себепші болып отыр. Оның үстіне, әу баста рәсімделген келісім-шарттың бұзылуы, құрылыс материалдары құнының көтерілуі мен өзгеруі, тараптардың соттасуы да іске кері әсерін тигізген факторлар екені жасырын емес. Қалай болғанда олқылықтардың орны толтырылып, кемшіліктер жөнге келтіріледі,-деп түйіндеді сөзін Нұрлан Жахин.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз