АТА АМАНАТЫ

Қай ғасырға, қай заманға көз салсақ та, ар мен намыстан жаралған, рухы биік, елім деп еңіреген, туған өлкесінің төл перзенттері болады.  Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында мен де майдангер атам Әшім Әбдіхалықов хақында тебіреністі күй кешемін.

Ол 1914 жылы 1 наурызда Орал облысының Орда ауданындағы Сасықтау деген ауылда дүниеге келген екен. Әшімнің әкесі Әбдіхалық қарапайым балықшы, ал, шешесі Ғилаж он саусағынан бал тамған шебер болыпты. Әкем Әбдіхалықов Юсуптың айтуынша, Әбдіхалықтан алты ұл бала тараған. Оның ішінде Шиһап, Уаһап, Нәбиолла, Заһидолладан ұрпақ тарамапты. Төртеуі де тиф ауруымен ауырып, 1930 жылдары қайтыс болған. Ал, әкемнің ағасы Қасым және Әшімнің ұрпақтары бүгінгі таңда жапырағын жаюда. Қасымның балалары Сәбит Қасымовтан Сәрсенбай, Оразбек, Өмірбек, Шынайбек тараған. Осы орайда қазіргі кезде облысымыздың өркендеуі мен дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ардақты азаматтарының бірі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновті мақтанышпен айтуға болады.

Жастайынан байдың малын баққан Әшім ауыл молдасынан дәріс алып, парсы, араб, түрік, латын тілдерін жетік меңгеріпті. 1929 жылы комсомол қатарына, 1939 жылы партия қатарына өтті. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, сол жылдың бесінші маусымында Брянск қаласында әскери саяси училищесіне курсқа оқуға түсіп, 1942 жылы қазан айында бітіріп, лейтенант дәрежесін алып шығады. 1283-ші атқыштар полкінің 60-шы атқыштар дивизиясында рота командирінің саяси қызметкері (замполит) болып қызмет атқарады. Соғыс даласында барлауға шығып, бір немісті тіл қылып алып келеді, екі неміс танкісінің көзін жойып, бір немістің дзотын граната лақтырып, талқандайды. Атам Ұлы Отан соғысы кезіндегі осы ерен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.

1946 жылы Алматы қаласындағы заңгерлік мектебіне оқуға түсіп, 1949 жылы оқуын аяқтайды. 1958 жылы Гурьев қаласына көшіп келіп, ет комбинатына заңгер болып қызметке орналасады. Оның жұмысына асқан жауапкершілікпен қарағанына мына бір оқиғаның өзі айқын мысал бола алады: Гурьев ет комбинатында тоңазытқыш цехының бастығы Н.А.Литвинов, бас инженер Гриниченко, шұжық цехының бастығы П.Тарасов, бас инженерлері Смолянский, М.Калугин, ет комбинатының директоры Веременко үкіметтің қаржысын талан-таражға салып, өздерінің  жеке  мақсаттарына  пайдаланғаны үшін атам Әшім тиісті органдарға хат жазғанымен, ешқандай нәтиже бермегесін Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» газетіне, «Достар хикаясы» және «Қазақ әдебиеті газетіне «Жебір» атты мақалалар жариялайды. Сөйтіп, бұл мәселе Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Әшімовке дейін жетіп, Алматыдан арнайы комиссия келіп, үкімет қаржысына қол сұққандардың үстінен қылмыстық іс көтеріліп, олардың бәрі де түрлі жазаға тартылыпты. Міне, ол қандай әділ, талапшыл, шыншыл адам болған!..

Қазақта «әкеңді көрген өлмесін» деген сөз бар. Атамның көзін көрген қариялардың бірі – Пәуден Сүлиев. Ол кісінің үйіне барып,  арнайы сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

– Шырағым, сен Әшімнің немересісің бе? Атаң кезінде маған көп жақсылық етті. Сенің атаң мен менің әкем Қиса екеуі ескі достар болатын. Ол кезде мен оңды-солды айыра білмейтін бала болатынмын. Атаң ылғи әдемі киініп жүретін. «Мына кісі қандай қызмет атқарады екен?» деп іштей таңырқайтынмын. Сөйтсем, заң саласында қызмет істейтінін білдім. Сырт көзге қатал көрінетін. Бірақ, қаталдығын жауына танытатын, достыққа адал, қажет кезінде көмегін де, заң тұрғысында қажетті ақыл-кеңестерін беретін, – деді қария.

Иә, біздер үшін ата туралы осындай тамаша пікір есту қандай ғанибет десеңізші. Бүгінде Әшім атамның жан жары, сексеннің төртеуіне келген Сағираш әжемнің де ол туралы айтар тағылымды әңгімесі аз емес. Соның ішінде атамыз «ұрпағым елжанды болып, халық игілігі жолында тер төккей, одан артық мұрат жоқ» деген сөзді жиі қайталайды екен. Біз де бұл аманатқа әркез адалдық танытуды басты парызымыз деп санаймыз.

Нәзира ӘШІМ,
Құрманғазы ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз