АСЫЛЫМ ЕДІҢ АРДАҚТЫ…

Беу, дүние-ай десеңізші! Бір кездері ел басына туған нәубеттің құрбаны болып, ортасына түскен шаңырақты, өзі айтқандай «он екіде бір нұсқасы жоқ» шаңырақты қалпына келтіріп, әулетін жапырағы жайылған алып бәйтерекке айналдырып, өзі соның алтын діңгегі болған Қашекем, Қашқын Түгелбайұлы ортамызда болса толғаулы 90 жасқа толып, арамызда шалқып отырар еді-ау, шіркін!..

Бойы өсіп, бұғанасы қатпай жатып, тағдыр тауқыметін көп көрген Қашекем ержетіп, ес жиғаннан кейін де ата-анасынан айырылып, ағасы мен қарындасы үшеуінің қайда барып, кімді паналайтындарын білмей, жетімдіктің кермек дәмін татқан жылдарын есіне жиі алып отыратын. Сөйтетін де, «аштықта жеген құйқаның дәмін тоқтықта ұмытпас болар» деуші еді жарықтық.
Қашекеммен бірге өткізген өмірім ештеңеге айырбасталмайтын, еш нәрсемен теңеуге келмейтін, ең бақытты шақтарым еді. Ол – өз өмірін өз қолымен жасаған адам. Оның атқарған істері, жеткен жетістіктері, тіпті өмірден, перзенттерінен көрген рахатының барлығы да өз күшімен ғана орындалған армандары. Ол кісінің тұла бойы тұнып тұрған ұлағат болатын. Жаны адалдықты сүйетін, үлкенге құрмет көрсету, кішіні қамқорлау, айналасына мейіріммен қарау оның төл қасиеті еді. Соғыстан кейін шаңырақ көтердік. Талай қиындықты бірге көре жүріп, өмірге ұрпақ әкелдік. Ол маған әйел деп қана емес, өмірлік серігім, өмірімнің бағдаршамы деп қарады.
Арамызда үлкен сыйластық болды. Өмірдің сан тарау қиыншылықтарын бастан өткізіп, жанымен сезінсе де, оның жүрегінің жылылығын сол қатыгез тағдыр жоя алмапты. Бір қарағанда қаттылау көрінгенмен, Қашекең жаны жайдары, өте балажан адам еді. Балаларының жетістігіне марқайып, жас балаша мәз болып, қуанып отыратын. «Шарықтап шың басына шықсаң да, құлдилап көп ортасына түссең де, қарапайым бол. Қарапайымдылық – адамгершіліктің ең биік шыңы» деп отыратын балаларына.
Балаларға ұрпағым деп емес, ертеңгі күннің азаматы деп қарайтын, өмірден өз орындарын тауып, халқының ортасында ел қатарлы өмір сүргендерін тілейтін, болашақтарына үлкен сенім артатын. Бір қуанатыным, балалар әке сеніміне селкеу түсірмеді. Сенімін ақтады. Әкелерінің жүрегін қуанышқа бөлеп, еліміздің беделді азаматтары атанды. Отбасын құрып, керегелері кеңіді. Қашекем екеумізге немере, шөбере сыйлады.
«Ана» деген жалғыз ауыз сөз ол үшін бір қасиетті атаудай көрінетін. «Ананың ыстық алақанынан артық, ананың мейірімді жүзінен артық ештеңе жоқ мына әлемде. Аналарыңды қадірлеңдер. Біздің әулеттің керегесінің кеңеюіне себепші болған – осы аналарың. Біздің аналарыңның алдындағы парызымыз өлшеусіз» деп үнемі менің кішкентай жақсылығым болса да балаларына айтып, мәртебемді көтеріп отыратын. «Тәрбие талбесіктен басталады» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Ойлап отырсам, осының барлығын Қашекең балаларға тәрбие болсын деп айтады екен ғой. Соның арқасында біздің балалардың барлығының да анаға, жарға, жалпы, әйел-аналарға деген құрметі ерекше болды.
Өмірде адам қызыққа тоя ма? Азаматымның арқасында осы дүние-тірліктің маңдайға жазған жақсылық, қызықтарының талайын көрдім. Соның ішінде сексен жасқа келгендегі Қашекем екеуміздің Гауһар тойымыз есте қалатын оқиға болды. Бұған жеткен де, жетпеген де бар. Алланың қалауымен біз екеуміз осындай бақытқа ие болдық. Жүзіміз бал-бұл жайнап, екеуміз қолымызға гауһар жүзік алмастық. Сол кездегі Қашекемнің күлімдеген жүзі менің мәңгілік есімде қалды.Жиналған ағайын-туыс, дос-жолдас, балаларымыздың ақ тілектері мен ақ ниеттері бізді бір сәт қанаттандырып кеткендей, Қашекең той біткесін де осы шара туралы жиі әңгімелеп отыратын.
Ол кісінің тағы бір қасиеті – кішкентайларға тура үлкен адам сияқты қарайтын. Олардың айтқандарымен санасып, мәселелерінің тез шешілуіне аса мән беріп, «немере деген тәтті ғой, ал шөбере одан бетер ыстық екен. Ұрпақ сабақтастығы деген осы екен-ау» деп мейірленіп отыратын.
«Намыс» деген киелі ұғым да ол кісі үшін жазылмас заңдылықтай көрінетін. Ойлап отырсам, оның бойында нағыз ер- азаматқа тән намысшылдық бар еді. Ол өзінің отағасы екендігін, біреулерге аға, екіншілерге іні екендігін үнемі жадында ұстайтын. Екеуміз әртүрлі тақырыптарда әңгіме айтып, ақылдасқанды, пікірлескенді ұнатушы едік. Сондай сәттерде әлдекімдердің жағымсыз қылықтарын есіне алып, жаны күйзеліп отыратын. Бірақ, ренжіп, кінәлаған емес. «Қазақтың бір баласы ғой, көмектесу керек» дейтін де, сол адамға кісілік көрсетіп, қол ұшын беріп жүретін.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев айтқан:
Зәр ұсынған кісіге нан
ұсынған,
Алысудан аулақпын,
табысудан.
Ей, қазақтың баласы,
есіңе ұста,
Өлсем, сірә, өлем мен намысымнан…» деген өлең жолдары тура Қашекеме арналғандай болып тұрады.
Менің мамандығым – сауда қызметкері. Ерімнің қолдауымен қызметтен қалған жоқпын. Барымша еңбек етіп, елімнің ертеңіне өз үлесімді қостым. Абыройлы болдым деп батыл айта аламын. Еңбегім еленіп, өңіріме «Құрмет белгісі» орденін тақтым. Қашекеңе ана орнына ана болып, бізге де, балаларымызға да аналық жүрек жылуын аямаған жақын жеңгесінің арқасында қатардан қалған жоқпын. Ол кісі балаларым аз-кем есейгеннен кейін мені жұмысқа шығарып жіберетін. Ғасырдан астам өмір сүрген сол анамыздың ақ батасы бізді алысқа апарды. «Баталы ұл арымас» деген, Қашқынға ақ батасын беріп, жолына қарап, тілеуін тілеп отыратын. Бізден ақыл-кеңесін аямайтын.
Ойдан ой туындайды екен, қазір есіме алсам, Қашекең сол қария анамыздың әрбір сөзін мүлт жібермей тыңдап, үнемі оның айтқандарымен санасып отыратын. Алдынан кесе-көлденең өтіп, бетіне бір келген емес. Әкесінің осы бір ізеттілігін көріп өскен балаларымыз да үлкен кісіміздің қас-қабағына қарап өсті. Менен гөрі сол кісіге жақынырақ та болған сияқты. Осындай үлкен жүректі анамен тағдырлас болып, оның тәлім-тәрбиесінің тек біз үшін ғана емес, ұрпағымыз үшін де зор ықпалы болғандығына ризамын. Бұл да Алланың берген сыйы шығар.
Қазақта «әркімнің ниетіне қарай береді» деген керемет сөз бар ғой. Кейде осы күнге дейінгі көріп отырған жақсылықтарымыз біздің өзгеге күншілдікпен емес, көпшіл, мейірбандық танытқанымыздың нәтижесі шығар деп ойлаймын. Қашекең жарықтық ақкөңіл, кеңпейіл еді ғой. Сондықтан да, оның айналасында үнемі тек жақсылар жүрді.
«Өткен өмір ұмытылмайтындығымен құнды» деген рас екен. Ой жетегіне ілесе берсең, өміріміздің барлығы бейнебір киноның ленталарындағыдай жылжып көз алдыма тізбектеле жөнеледі. Сондағы бір түйіндегенім, Қашекеңнің өмірі үлкен бір мектеппен пара-пар екен. Оның әр ісінен, жүріс-тұрысы мен адамдармен қарым-қатынасынан кейінгі ұрпақ сабақ алатындай.
Бақыт деген сөздің аясы өте кең. Мен сол бақытты толық көрген адаммын. Әлі күнге кәрі жүректі сыздататыны – Қашекемнің жанымда жоқтығы. Отбасының ортасында отырған жылы жымиысты жүзін көре алмайтындығым. Кей кездері жабығып кететінім де рас. Бірақ, артыма қарап, құндыздай ұлдарым мен қырмызы қыздарымды, олардан тараған ұрпақ пен отбасыларының береке-бірлігін көргенде жүрегім лық етіп қуанышқа толып, шүкіршілік етемін. «Ерімнің өмір бойы көксеген арманы осы емес пе еді» деп, Аллаға ризашылығымды білдіремін. Менің қалған өмірімдегі арман-тілегім – осы балалардың, ел-халықтың амандығы. Бөбектердің алаңсыз өсіп, бақытты да шатты ғұмыр кешуі.
Қасымызда болмаса да 90 жасқа толған азаматымды осылайша есіме алып, мауқымды басқандай болдым. Ол кісінің өмір жолы тек өз балаларымызға ғана емес, кейінгі ұрпақ жадында сақталар ұлағат болады деп ойлаймын. Жатқан жерің жарық болсын, Қашеке!

Оқу ҚАЛДЫБАЕВА,
еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері,
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз