АМАНГЕЛДІ АЙТАЛЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР: ҚАПЫШТАЙ ОЙШЫЛ АЗАМАТ ЕДІ…

1959-1964 жылдары Гурьев (Атырау) педагогика институтының тарих-филология факультетінің қазақ мектептеріне орыс тілінен мұғалімдер дайындайтын бөлімінде оқыған едім. Міне, бүгін сол кезден етене таныс болған білімдар атыраулық азамат Қапыштай Жәкенов туралы өткен шақтан әңгімелеуге тура келіп отыр. 

 

1964 жылы институт бітірген тұста ғылыми коммунизм мамандығы бойынша Каз ГУ-ге аспирантураға бір орын берілді. Сәті түсті деген сол ғой. Егер сол жылы аспирантураға орын берілмесе, өмір жолым қалай өрбіген болар еді, кім білсін. Сол бір орынға екі адам бардық. Менің көрсеткішім жоғары болды. Екінші адам Қапыштай Жәкенов болатын. Ғылым жолына түссе, сөз жоқ, ғылым кандидаты немесе доктор болар еді. Қапекең еңбекқор, қарапайым, кішіпейіл, менмендігі жоқ азамат болды. Бұл – болашақ ғалымға таптырмайтын мінез. Өйткені, ақылсыз, дарақы, мақтаншақ адам табиғаттың берген қабілетін де, санаға сіңірген ілім-білімін де алып жүре алмайды.

Біз филология мамандығы бойынша, орыс тілінің теориясы мен практикасын, тарихы мен бүгінгісін, орыс және шетел әдебиетін оқыдық. «Старославянский язык» деген пән болды. Бұл өзі түсініп, қабылдауға өте қиын, көне славян тілі еді. Барлап отырсақ, сол кезде тегі мұсылман жастарға православ мәтіндерін оқытқан екен ғой. Сөйтіп жүріп, орысша таза сөйлеуге тырыстық.

Одан бері де көп жылдар өтті ғой. Талай дүниені ұмытып та қалдық. Дегенмен, Қапыштай орысшаны да, қазақшаны да таза сөйлейтін. Қазақшасына орыс сөздерін араластырмайтын еді. Өзінің бойы тұнған кісілік мәдениет-тін. Институттан кейін Қапыштай мұғалімдік мамандығы бойынша Маңғыстау жағына кетті. Ақтөбеде, Астанада тұрғанымда да, Атырауға барғанымда да кездесіп жүрдік. Қапыштайдың қазақ тілін жақсы меңгергендігі соңғы жылдары тағы алдымнан шықты. Ол республикалық «Жұлдыз» журналына тартымды, өткір, көңілге қонымды мақалалар жаза бастады. Бір көргенде оған «Қапыштай, сенің жазғандарың маған ұнайды, жаза бер» дегенімде, өзінің кішіпейілдігіне салып, мән бермегендей езу тартты.

Уақыт өтіп жатты. Қапыштайдың денсаулығы нашарлап жатқанын естіген соң, Атырауға барып, үйінде жүздестім. Жанымда бірге оқыған курстастарым Манап, Мұхамбетжан бар еді. Қуанып, «қонақ болыңдар» деп сыбырлап қана, еріндері әзер қимылдап айтты. Жанында біраз отырып, үйреншікті әзіл-әңгімелерімізді айтып, көңілін бөлдік. Сөйтіп, қимай қоштасып тұрғанымызда, ол да көзіне жас алып жатты.  «Бізді емес, осы дүниені қимай жатыр-ау» деген оймен қоштасып кеттім. Көп ұзамай абзал дос дүниеден озды.

Басына барып дұға оқып, жұбайы Зибаға, ұлы Бақытжанға жұбату көңілімді білдірдім. Сөз арасында Қапыштай туралы отбасының кітап дайындағысы келетін ниеттері барын білдім. Сөйткен кітап жақында қолыма да тиді. «Жүректе мәңгі есімің» атты кітап өткен жылы Астанада шығыпты, 335 беттен тұрады.

Әдетте марқұмдар туралы шыққан естелік кітаптар оның ұрпақтарына арналып жатады ғой. Бірақ, Қапыштайдың кітабы маған ерекше әсер қалдырды. Өйткені, онда өз ортасын, заманды саралау, бүгінгі заман туралы ойлар басымырақ. Мені қызықтырғаны «Өмір-дерек» атты тарау болды. Қапыштайдың ең жоғары лауазымды қызметі – аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болғаны еді. Ол өмірге шенеунік көзімен емес, саралаушының көзімен қараған және солай бағалай білген жан. Оның ойға түйгендерінен бүгінде сабақ алатын тұстар баршылық. Мысал келтірелік:

Өткен социалистік заманға, сол кездегі аудан, облыс, ел басқарғандарға әртүрлі баға беріліп жатады. Ол дұрыс та болар. Бірақ, бір ақиқат бар: қай заманда да биліктегілер білімді, ақылды, парасатты басшылыққа алғанда ғана елге істері тиімді болады. Қапыштайдың естеліктерінен өзіммен бірге, Парламент Мәжілісінің депутаты болған Зейнолла Алшынбаевтың мен білмейтін қырларын таныдым. Зейнолла Алшынбаев СОКП Орталық Комитетінде Мәскеуде жұмыс жасаған,

М.Горбачевтің екі рет қабылдауында болған, оны Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы, тіпті Ресейдің Чита облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне жұмсағанда бармай, өзінің кіші отаны – Маңғыстау облысына келген. Тек келген жоқ, Мәскеудің қайта құру саясатының жаңа лебін, ахуалын ала келген.

Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Зейнолла біраз уақыт өз мамандығы болып табылатын мұнай саласы бойынша АҚШ-та қызмет жасаған. Тіпті, үлкен Буштың отбасының да қонағы болған. Қапыштай Маңғыстау обкомының бірінші хатшысы Тұтқабай Әшімбаевтың Ералиев ауданына партияның ауыспалы туын тапсырып тұрып, ауданға бір сөзбен берген бағасын еске алады: «район молодой по годам, но зрелый по делам». Осы сөз көп жылдар бойы жұрттың есінде сақталып қалған.

Сондай-ақ, кітапта биік парасаттылығымен, көрегендігі мен адамгершіліктері  басым облыстық және аудандық партия ұйымының басшылары Саламат Мұқашев, көп жылдар бойы Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісінің депутаты болған Қайролла Ережеповтердің кешірімділігі, пәтуалы сөз айтып, өз ортасын ойландыра, сендіре алатындығы туралы ойлар айтылыпты.

Дегенмен, ол заманда запыран шашатын, ашуға берілетін, шекпен қуған шермендіктен шыға алмайтын, өз тонын өзі өртейтіндер басым болды. Биыл – М.Горбачев бастаған қайта құруға отыз жыл. Ресей бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми публицистикалық әдебиетте осы бастаманың сәтсіздіктерінің себептерін талдап жатыр. Қазақ ұлты, басқа да тәуелсіздік алған халықтар үшін кеңес заманының бергені де, алғаны да көп. Таразыға салсақ, жоғалтқанымыз көбірек. Сондықтан, бұл қайта құрудың ұлт саясаты тұрғысынан сәтсіздікке ұшырауы заңды. Алып империя ыдырады, біз арманға қол жеткіздік.

Кеңес заманындағы партия қызметкерлерінің жағымсыз психологиясының көріністері әлі жалғасып келеді. Ұрандатып, жалаулатып, жалған белсенділік таныту, елге емес, бастығына қызмет жасау, өзіндік пікірі бар, жөнсіздікке көнбейтіндерді жақтырмау, лауазымды адамның ығына жапырыла жығылу, жемқорлық дерті тіпті асқынып кетті.Осыған орай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде ұсынған бес институттық реформаның бірі ретінде мемлекеттік қызметті жетілдіруді мақсат етіп қойды. «Мемлекеттік ақпаратта белгілі қам-қоршының айналасында команда қалыптасады. Мұндай патронат, – деді Елбасы, – жемқорлық үшін жағдай туғызады, кадрлық әлеуетті төмендетеді». Сондай-ақ, Президент мемлекет қызметкерлерінің мансаптық келешегінің жоқтығына назар аударды. Көптеген мемлекеттік жобалардың шенеуніктердің біліксіздігінен зардап шегіп жатқанын сынға алып, осыған байланысты мемлекеттік қызметшілер корпусын жетілдірудің біраз жүйелі жолдарын ұсынды.

Адамзат адамның кісілігін, тазалығын анықтайтын «рентгенді» әлі тапқан жоқ. Дегенмен, әлемдік тестілеу тәжірибесі кісілік пен интеллект деңгейін анықтауға біршама мүмкіндік береді. Абзалы, бүгінгі дарынды балалар мектептерінде, әсіресе, Назарбаев интеллектуалды мектептерінде талай болашақ ел басқаратын жастар тәрбиеленіп келеді. Данышпандар мен дарындылар қаладан гөрі, ауыл-провинциядан шығатынын да ескерген жөн.

Қапыштай кітабын оқығанда оның орыс тілі мен әдебиетінің маманы болса да, қазақтың тіл байлығын терең меңгергендігі көрініп тұрды. Әртүрлі мақал-мәтелдер, сөз орамдары еріксіз назар аудартады. Мысалы, «Байлаулы бұзау өгіз болмас», «Талайдың көзін сүрттім орамал боп, кім сүртер мен жыласам  көз жасымды» сияқты мақалдар көп. «Иван сүрген тақтайдай қылып сықитып қойды», «бөгелек тиген жылқыдай басын қоймастан шұлғып», «бір-біріне қаракөл қойдың егіз қозысындай ұқсас», «адымын еркін аша алмайтын тұсаулы аттай кібіртіктеп» сынды теңеулер де әңгімеге нәр беріп тұрады. Ол да көркем ойлаудың көрінісі.

Қапыштайдың бүгінгі қазақтың тұрмыс-салтына, әсіресе, тойларға байланысты «Әдет-әдет емес, жөн әдет», «Той ма, топыр ма?», «Көп болып ойластырайық», «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген публицистикалық мақалалары да ерекше көзге түседі. «Шындығында да, біз нарықтық экономикаға, бәсекелестікке бет алып қана қоймай, бәсекелестікті өлік атқару, той тойлау, киім кию, жалпы тұрмысымызда да, қоғамдық болмысымызда да жарысқа, сайысқа айналдырып барамыз, мәдениетіміз де төмен, ысырапшылдығымыз тағы бар» деп ойланады автор.

Қапекеңмен келіспеске амал жоқ. Расымен де, «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазаққа ақша, дүние аса құндылық болмаған. Бұл «қазақты шашпа болды» дегендік емес. Байлықты барлығынан жоғары қоймаған деген сөз. Қазақ қанағатшыл болған. Білікті ұл-қыздарымен мақтанған. Бүгінгі күн өз еңбегіңмен табыс табуға, іскерлікке икемделуді талап етеді.

Біз жаңа ұлт болғымыз келсе, ақшаны мақсатына сәйкес орынды жұмсауға, «байлыққа ұрлықпен жетуге болады» деген ойдан аулақ болуға тиіспіз. Елімізде жүз мыңдаған адам жұмыссыз жүр. Есесіне сырттан жұмыс күші ағылып келіп, табыс тауып, миллиардтаған доллар Өзбекстан, Қырғызстанға кетіп жатыр. Ал, қазақтар несие алып той жасайды.

Қапыштай Жәкенов 2012 жылы маусым айында дүниеден озды. Артында жұбайы, ұрпақтары – балалары, немерелері мен жиендері, ел ішінде ұмытылмас жақсы аты, бойына сіңірген ойларын түйіндеген кітабы қалды. Қапыштайдың кітабымен танысып, мен де оның ой-дүниесіне тереңдеу қанығып, оқушымен пікір бөліскенді жөн көрдім.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз