Қоғам

Әке тәлімі мен ана махаббаты

Отбасы ұлттық тәрбиенің негізі десек, әже мен атаның, ана мен әкенің ролін күшейту өте маңызды. Қазақылығы сақталған Қызылқоға өңірінде осы құндылықты сақтап, өзінен кейінгі жас буынның санасына сіңіріп, ұрпағына аманаттап келе жатқан еңбексүйгіш отбасы тұрады.

Кезінде шофер болып еңбек етіп, кейін мал бағуды жанына жақын тұтқан Тұрсынғали қарттың ұлы Батихан Сәлімов Ойыл бойында орналасқан Қаттыкөл топырағында дүниеге келген.

«Әке көрген оқ жонар…» демекші, әкенің тәлімін алған ұл да мал шаруашылығына жастайынан жақын болды. Осыдан тура отыз бес жыл бұрын ел қатарлы онжылдық мектепті тәмамдап, әкесінің жанына серік болып, көрсеткен үлгі-өнегесін бойына сіңіріп, ата кәсіпті жатсынбайды. Көп кешікпей Түркіменстан елінде әскери қызметін атқарып, Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Үйір-үйір жылқы мен отар-отар қойдың басын қайырып жүргеніне отыз жылдан асты.

90fa444c 336f 4f0e a792 16f8440afbb2

Тұрсынғали қарт пен Хиуа әжейден тараған он ағайындының бүгінде тоғызы өз алдарына үй болып, Құрманғазы, Қызылқоға аудандары мен Батыс Қазақстан облысында тұрып жатыр.

Көп балалы отбасыдан шыққан соң да көпшіл мінезінен таймаған Батихан аға өзгелерді жатсынбай, қадір тұтып, мерейін асыруға тырысады. Бүгінде өзінен кейінгі інісі қарашаңырақты ұстап қалған. Ал, тағдырдың жазуымен бақилық болған ағасының артында қалған ұрпақтары бүгінде шаңырақ көтеріп, әке есімін кірлетпеу үшін тер төгіп келеді.

Қазір Тасшағыл ауылдық округіне қарасты «Алпыс төрт» учаскесінде тұратын шаруагер – «Жаңабек» жеке шаруа қожалығының төрағасы. «Әрбір мықты ердің артында ақылды әйел тұрады» дегендей, отағасының әр ісінің нәтижелі болуына құдай қосқан қосағы Ақбаян Нысанованың да қосқан үлесі зор. Әлі күнге дейін ерте тұрып сиыр сауып, құрт-қаймағын дәмді етіп дайындап, ауылдағы қарашаңырақтың сәнін келтіріп отырған да өзі. Ақбаян Әскерқызы да отбасындағы он баланың бірі. Өздерінен өрбіген алты перзентінен алты немере сүйіп отырған бақытты ата-әженің қонақжайлығын да ауыл адамдары ерекше айтады. Белдеуінен ат кетпеген, қазаны оттан түспеген отбасының берекесі де осындай кеңпейілдігінде жатса керек. Ал қаладағы немерелердің ауылға асығуы ата-әжесінің оларға деген мейірімділігінің анық айғағы.

Ата-ана қадіріне жеткен ұл-қыздарының жетістікке жетуі ұяда көрген ұлағат пен тәрбиенің жемісі екенін мақтанышпен айтады. Қиын-қыстау кезеңде жоғары білім алып, мансап қууға мүмкіндігі болмаған шаңырақ иелері перзенттерін білімге, техника мен спортқа, өнерге баулыды. Әкенің тәлімі мен ананың махаббатын сезініп өскен төрт ұл екі қарындасына ерекше қамқор. Туыстық қарым-қатынасты нығайтып, ізгі ниет пен кең жүректі өзгеге сыйлай білу де әкенің берген ғибраты.

Отбасының тұңғышы Ғибрат құрылыс саласында жемісті еңбек етіп келеді. Спорттан да құралақан емес. Студент шақта волейболдан екінші құрамада өнер көрсеткен. Үйдің тұңғышы ретінде бауырларына әрдайым үлгі. Екінші ұл Бақберген – садақ атудан спорт шеберлігіне үміткер. Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі қазір мемлекеттік қызметте істейді. Тіпті қамқор әкесінің қолдауымен «Work and Travel» бағдарламасы арқылы АҚШ-қа екі рет барып тәжірибе жинақтап, ағылшын тілін меңгеріп келген. Түркиядағы білімін де айрықша атап өтуге болады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы басқару академиясының магистранты атанды. Ал, Жаңабек пен Оңдасын екеуі әкесінің қолғанаты, шаруашылықтың негізгі тұтқалары да солар. Әсіресе Жаңабек бұл салаға әбден төселіп алған. Адал кәсіп қылуға ұмтылған белсенді жас асқар тауын әркез ардақ тұтады. Бала күнінен бәйгеге шапқан ол мықты шабандоз екендігін де талай мәрте байқатқан. Кенже ұл Оңдасынды еркелетіп қана қоймай, қарашаңырақтың иесі деп жауапкершілік артып шаруашылыққа бейімдеп жүр. Сол Оңдасын бүгінде ережесіз жекпе-жектен облыстың II дәрежелі чемпионы атанып, әулеттің мерейін үстем еткені көптің есінде.

Отбасының қос қарлығашы Айкөркем мен Айым ата-анасы мен бауырларының қымбат қазынасы. Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқитын Айкөркем – садақ атудан спорт шебері. Осылайша олар ұлттық спортты дәріптеуге де үлес қосып жүр. Үйдің кенжесі Айым – Атыраудағы Зейнолла Қабдолов атындағы №40 мектептің ІІ сынып оқушысы. Сабақтан тыс уақытта жүзу секциясына қатысады. Бауырлары болашақта чемпион болатынына зор сенім білдіреді.

almas 2

Әрине, адам данышпан болып тумайды. Көргенін, естігенін өміріне азық етіп, бойындағы қабілетті шыңдайды. Сөйтіп, елге пайдасы тиетін тұлғаға айналады. Осы әулеттің балаларының қазақылыққа, ұлттық құндылыққа деген жанашырлығына әке мен ананың ролі айрықша екенін атап өткен жөн. Батихан мен Ақбаян болам деген баланың бетін қақпай, белін буып, келешектерінен зор үміт күтті. Биыл отау тіккендеріне отыз жылдан асқан олар енді қолдағы кенже ұлды аяқтандырып, қызығын көруден дәмелі.

almas 1

– Әрине, «үйлену оңай, үй болу қиын». Жастарға қандай жағдайда да сабырлық қажет. Екі жақтың бір-бірін түсінгені жақсы. Ерлі-зайыптылар екі жаққа тартып отырса, жақсы өмір сүре алмайды ғой. Көзқарас ортақ болғанда ғана мұратқа жетеді. Біз о бастан осы талапты алға қойдық. Кезінде өзіміз жоғары оқу орнын оқи алмаған соң, балаларымызды оқытуды мақсат тұттық. Сол үшін жатпай-тұрмай еңбек еттік. Кезінде орталықтан дүкен ашып, кәсіппен де айналыстым. Бертін келе шаруашылыққа қайта келдім ғой. Аллаға шүкір, ұлдарымның шаңырағына шуақ сыйлап отырған келіндеріме ризамыз. Бүгінде тұңғышымыз Ғибраттан – Еркем, Ибраһим, Томирис, Бақбергеннен – Бақжанат, Байбарыс, Жаңабектен – Жаңахан есімді немерелердің қызығына бөленіп отырған жайымыз бар, — дейді Батихан аға.

Әкенің өмірде өз баласына қолдау білдіруі аса қажет, тіпті басты міндет десе де болғандай. Тек мейірім мен қамқорлық емес, әкенің тарапынан тәртіп, белгілі бір мөлшерде қаталдық та болуы керек. Әке ретінде әрбір баласының ойын жүзеге асырып, таңдау жасауына мүмкіндік жасай алуы қажет. Батихан отағасы да балаларынан материалдық та, рухани тұрғыдан да көмегін аянып қалған емес.

– Баланың икем-қабілетіне қарай таңдаған бағытын, тұлғасын анықтау қажет. Оларды іс-әрекеті мен қимыл-қозғалысына қарай бағыттаған дұрыс. Сондықтан тұңғышымды қасыма серік етіп, отқа да, суға да салып тәрбиеледім. Өйткені, үлкен бала кез келген қиындық пен ауыртпалықты бірінші көтереді ғой. Тіпті оны жақын жолдасым ретінде жаныма жақын тарттым. Екінші ұлымды жетінші сыныптан бастап қаланың жатақханасына жатқызып, мектеп-гимназияға бердім. Қалған балаларға барлық жағынан еркіндік берілді. Әлбетте тәртіпті осалсытып алуға болмайды. Алты балам да өз таңдауын жасап, емін-еркін өсті, — дейді Батихан Тұрсынғалиұлы.

Бұл отбасында әулеттен тараған ұрпақтың бір-бірімен жатбауыр болмауы үшін той-томалақтан өзге қыстыгүні соғымға, күзде күздікке шақырып, ағайынның басын жиі қосып, байланысты үзбеу бұлжымас қағидаға айналған. Қазіргідей алмағайып уақытта бұл заманның ұрпағына мұны түсіндіріп жатудың өзі үлкен күшті талап етуі де мүмкін. Ал отағасы осы құндылықтардан ажырамас үшін отбасындағы салт-дәстүрдің берік сақталуы аса қажет екенін атап өтті.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button