Атыраулық келіншектер «Абысын-ажын» байқауынан жүлделі оралды

ajelder Қоғам

Атыраулық келіншектер Маңғыстау облысында өткен «Абысын-ажын» байқауынан жүлделі оралды. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған конкурста Қазақстанның 8 облысынан келген бір әулеттің келіндері сынға түсті. Олар өздерін таныстыру, қолөнер бұйымын жасау, көрініс қою, өнер көрсету, салт- дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беру секілді бес кезеңнен өтіпті.

Абысын мен келін арасындағы татулықты насихаттай отырып, ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрді жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан байқауға облыстан аттанған Мәккі әулетінің келіндері жүлделі екінші орынмен оралды. Бас жүлдені алматылық келіншектер жеңіп алса, бірінші орын маңғыстаулық Бітімовтер әулетінің келіндеріне бұйырған.

– Бұл шара абысындардың татулығын одан әрі нығайтады. Бірлік пен ынтымақтың аркасында облыс бойынша жеңімпаз атанып, республикалық жарыстан жүлделі оралып отырмыз. Байқау жойылып бара жатқан салт- дәстүрді қайта жаңғырту үшін ұйымдастырылып отыр. Жүлделі болған соң көңіл-күйіміз көтеріңкі, облыс намысын абыроймен қорғап келгенімізге қуаныштымыз,- деді әулеттің келіні Нұрсұлу Әбішева.

Жыл сайын республика аумағында «Абысын- ажын» байқауын өткізуді дәстүрге айналдырып келе жатқан «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына екі жылдан асты. Бірлестіктің жұмысын мыңдаған аналар, этнограф ғалымдар, қолөнершілер мен өнерпаздар қолдап, жан-жақты қарқын алып келеді. Осы арқылы ел аумағында әйел- аналарды біріктіріп, қазақтың салт-дәстүрін, ана тілін, ділін, ұлттық киімін, ақ орамал- кимешегін, басқа да ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, ұрпаққа қастерлеп аманаттауды мақсат етеді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз