Жаныңда жүр жақсы адам

БЕРЖАН БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕР

       Бержан Арыстанғалиев Кеңес Қарулы күштері қатарындағы азаматтық борышын өтеудің алғашқы кезеңін Әзірбайжан астанасы – Бакуде, кейін Волгоград өңірінде жалғастырды. Ол қызмет ететін десантшылар бөлімшесі 1966 жылдың жазында оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Ресейдің Тамбов облысының Кисанов ауданына келген-ді. Скачиха селосы маңында шатырлы далалық әскери казармалар тігілді. Бірде әскери бөлімшенің қарауыл күзетінде тұрған Бержан түн ортасынан ауар тұста кенет село жақтағы үйлердің бірінен өрт шығып, жалынымен төңірекке жарық беріп жатқанын байқап қалды.

Жалынмен жағаласқан жауынгер

      «Қарауылда тұрмын ғой. Не істеу керек? Командирге жауабын беремін. Дереу көмекке бармаса болмайды». Осындай ой жетегі мазалаған ол селоға қарай жүгіре жөнелді. Оқиға орнына жетіп келсе, ағаштан салынған көне үйдің төбесі қызыл жалынға айнала бастапты. Төңіректегі көршілер де абдырап қалған. Біразы құдықтан шелектеп су шашып, қарекет қылуда. Бірақ, онысынан түк шығар емес. «Үйде адам бар еді, жанып кетеді-ау?», «Зина әжейді өрттен қалай құтқарамыз?» деген аянышты дауыстар да естіледі.

669e1465 eed2 48cd 8655 6913d8f484f9 1

Ойлануға да уақыт жоқ. Егделеу адамның қолындағы шелек толы суды төбесінен төмен қарай төңкере салған Бержан жалын әлі орап үлгермеген терезені сырдырды да ішке еніп кетті. Түтінге тұншығып, еденде жатқан қарт әжені байқап қалған жауынгер  оны иығына салып, терезеге қарай жылжыды. Терезе сыртынан әлгілерді милиционер жігіт тосып алды. От құрсауынан аман шыққан әженің шашы күйіп, бет-ауызын қара күйе басқан екен. Бержанды да өрт «құрғақ» жібермепті, оның әскери гимнастеркасының жартысын жалын шарпыған.

     Есін жиған кейуана болса өз басына төнген қауіп-қатерді елемей, «тілсіз жаумен» бетпе-бет келіп, ажал тырнағынан құтқарған, әрі өзіне екінші өмір сыйлаған сарбазды құшақтап, балаша еңкілдеп жылай берді. Селодағы төтенше жағдайдан кейін қарауыл орнын рұхсатсыз тастап кеткен Бержанға бөлімше командирі біраз шүйліккенімен, кейін жауынгердің бұл әрекетін түсінген ол да райынан қайтты. Осы оқиғадан соң КСРО Қорғаныс министрінің арнайы бұйрығымен өрт кезінде адамды өлімнен құтқарып, ерлік көрсеткен Кеңес әскері жауынгерлері қатарына махамбеттік Бержан Арыстанғалиевтың да есімі жазылды…

berzhan

Шымырлыққа шыңдаған

     Оның өжеттігі мен қайсарлығы, дене шымырлығы мен ептілігі бала күнінен қалыптасты. Шымкенттің кәсіптік-техникалық училищесінде кино операторлық мамандыққа оқып жүргенде облыстық сайыстарға қатысып, самбо күрестен өңір чемпионы атанды. «Қайрат» ерікті спорт қоғамы атынан облыс құрамасы сапында қазақша күрестен ресубликалық біріншілікте екінші орынға ие болды. Отан алдындағы борышын өтеп келіп, инженер-механик мамандығын алған ол еңбек жолын «ПМК-904» құрылыс мекемесінде тас қалаушылықтан бастады. Кейін Махамбет аудандық әскери комиссариатында болашақ отан қорғаушыларды есепке алу, әскер қатарына дайындауға бес жылдай үлесін қосты.

     Бекеңнің ұйымдастырушылық, іскерлік қарым-қабілеті аудандық дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы қызметінде де айқын аңғарылды. Ауыл спортын дамыту, бұқаралығын арттыру, жастарды шынықтырып, шымырлыққа үйрету, салауатты өмір салтына бағыттау мақсатында қазақша күрестен, жеңіл атлетикадан, ГТО нормасын тапсырудан облыстық сайыстарды, семинар-кеңестерді ауылда ұйымдастырды. Осы жылдары махамбеттіктер волейболдан екі дүркін облыс чемпионы атанып, спорттың жеңіл атлетика, футбол, баскетбол және қазақша күрес түрлерінен жүлдегер болды. Ауыл спортын дамытудағы жетістіктері үшін комитет төрағасы КСРО және ҚазССР Министрлер Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Комхозда» қалған қолтаңба

    Ауыл спортының тасын өрге домалатқан Бержанға 1978 жылы аудан басшылығы тағы сенім артты. Бұл жолы оған материалдық-техникалық базасы атымен жоқ, артта қалған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесінің қызметін жолға салу міндеті қойылды. Бас-аяғы бірер жылда ол өзінің жеке бастамасымен «Комхоздың» жаңа базасының құрылысын салды. Салаға қажетті мамандарды даярлауға, құбыры шіріген су жүйелері ауыстыруға көңіл бөлді. Бу қазандарын, аянышты күн кешіп отырған тұрғындардың ескірген апатты пәтерлерін жөндеу жұмыстары қолға алынды.

     Бекеңнің Алматыға барып, құзырлы министрлікке жетуі, көрнекті мемлекет қайраткері, ТҮКШ Министрінің бірінші орынбасары Атымтай Кисановтың қабылдауында  болуы, салада қордаланған мәселелерді лауазым иесіне қоюы үлкен мақалаға жүк боларлықтай. Алматы сапарының нәтижесінде Талдықорғаннан Махамбетке су жаңа алты арнаулы көлік, көшені жарықтандыру үшін 200 дана жарық шамы, су бөлетін колонкалар, төрт вагон құбыр тұрбалары, жасыл желекті алқапты суаруға, кәріз жүйесін жүргізуге қажетті жабдықтардың жеткізілуі аудан, тіпті облыс басшылығы үшін күтпеген жағдай еді. Оның жоғарыдағы билік органдары алдына мәселені дұрыс қоя білуі, табандылығы мен талапшылдығы аудандағы коммуналдық қызмет көрсету деңгейін көтерді. Жұмыс сапасы жақсарып, тұрғындардың арыз-шағымдары күрт азайды, ауылдар лас-қоқыстан тазартылды. Осы жылдар ішінде сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Равиль Шырдабаевтың бастамасымен Махамбеттің төңірегінен 60 гектарлық жасыл белдеу жүргізілді. Жанға сая боларлық тал-теректер бой көтеріп, ауылды жайқалтты. Бүгінгі ауылдың жасыл-желекке орануы – Бекең басқарған «комхозшылар» қалдырған қолтаңбаның бірі ғана.

                                                           Ол –тұңғыш кәсіпкер

      Жаңа 1988 жыл басталғанда Бержан ағаның басы жаңа өмірлік идеямен «ауырды». Ол – өңірде тұңғыш рет жеке құрылыс-жөндеу кооперативін құру болатын-ды.  Тағы да оны кедергілер тосты. Билік басындағылар бұл бастаманы жатырқай қабылдады. Тек төрт айдан соң КСРО Министрлер Кеңесінің ұсыныс хаты негізінде аудандық кеңес атқару комитеті «Ребус» кооперативінің Жарғысы мен атқаратын жұмыс тізбесін бекітті. Сөйтіп, арадағы түсінбеушілікті, сенімсіздікті, құзырлы органдардың «самарқаулық салқынын» табандылықпен, бастаманың дұрыстығына көз жеткізумен «жылытуға» тура келді. Сөйтіп, Б.Арыстанғалиев елімізде алғашқы болып кәсіпкерлікке бет бұрды. Ол халыққа қызмет көрсету бизнесін тұңғыш рет ауылда ұйымдастыруды қолға алды.

    – Кеңес одағы уақытында жеке бизнесті ұйымдастыру деген адам санасына енбеген нәрсе еді ғой. Ақша көзі болмады, өз техникамыз бен кеңсе ғимараты атымен жоқ-ты. Бірақ, біздегі жұмысшы-қызметкерлердің  сенімдеріне селкеу түспеді, жігерлері жасымады. Қызмет көрсету калькуляциясын, сметалық құжаттарды дайындадым. Ұжымдағы алты адамның күшімен алғашқы жылы жеке тұрғын үй құрылысын салуға 15 мың дана саман  тас басылып, дайындалды. Тұрғындардың материалға сұранысының артуымен жұмыс көлемі де өсті.  

       Мынадай бір қызық оқиға болды.1989 жылдың мамыр айында «Ребус» кооперативі үшін  кеңсе үйі мен ауласы кең материалдық құндылықтарды сақтайтын үлкен қойманы жеке тұлғадан сатып алуға келіскенбіз. Бірақ, мекеменің есеп-шотынан әлгі кісіге банк арқылы ақша аударуға болмайды. Ал, кооперативтің есеп-шотынан тек қызметкерлердің жалақысы ғана аударылады. Бұл  мәселені аудан түгілі, облыс та шеше алмады. Уақыт өтіп жатыр. Сонда не істеу керек?  Гурьевтің поштасына келіп, КСРО Министрлер Кеңесіне барлық жағдайды баяндап, мәселені шұғыл шешіп беруді сұрап, жеделхат жазып жібердім. Бір апта өткен соң Мәскеуден «Ерекшелік ретінде тиісті қаржыны жеке тұлғаның есеп-шотына аударуға рұхсат берілсін» деген жауап алдым, – дейді Бекең өткенді еске алғанда. 

      «Ребус» кооперативі құрылысшыларының күшімен  алғашқы төрт жылда бір пәтерлік –10, екі пәтерлік 16 үй салынып, пайдалануға берілді. Жұмыс орны 50 адамға жетті. Аудандағы әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық және бюджеттік мекемелердің көптеген нысандары күрделі жөнделіп, сәулеттік келбеті жаңарды. Ресейдің Сібірі мен Украинаны кезіп жүріп, дайындалған ағаш, мәрмәр тас материалдарын темір жолмен елге жеткізудің де талай қиындықтарын Бекең басынан өткізді. Кооператив шеберлері құрылысқа қажетті есік-терезе, үй қоршауын дайындап, зираттарға ескерткіш тақталар жасады. Махамбет, Теңдік, Дамбы, Аққыстау ауылдарындағы құрылысы аяқталған нысандар сапасына тапсырыс берушілердің көңілдері толып, ұжымға ризашылықтарын білдіріп отырды…                         

bbb

       Көзі ашық, көкірегі ояу, озық ойлы, тың бастамалар иесі Бержан Арыстанғалиев сонау тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңінде нарықтық қатынас талабын тез ұғынып, тағы бір сала–сауда-саттыққа бет бұрды. Ауылдан шағын базар ашып, ауыл шаруашылығы өнімдерін халыққа ұсынды. Жыл сайын кәсібін кеңейтіп, азық-түлік тауарларын сататын жаңа дүкен-дүңгіршектер, шайхана ашылды. Бүгінде табан ақы, маңдай терімен келген Арыстанғалиевтардың отбасылық бизнесі кең қанат жайған. Ауылдағы ойын-сауық және сауда орталықтары, құрылыс-шаруашылық дүкені халыққа қызмет көрсетіп, жергілікті бюджетті миллиондаған теңгенің салықтық түсімімен толтырып отырған жайы бар.

      «Қазақ қашан да жетімін жылатпаған.  Аз қамтылып, жүдеп-жадап, қамкөңіл күй кешкен жандарға қайырымдылық жасап, қолтығынан демесем ырысым ортайып қалмас деген ниетпен №2 облыстық арнаулы мектеп-интернатта тәрбиленші жәудіркөз балаларға, ауылдағы көпбалалы отбасыларға киім-кешек, азық-түлік тауарларымен және құрылыс материалдарымен ұдайы көмектесіп отырамын». Бұл – ағамыздың көпке ашылып, жария ете бермейтін тағы бір сыры.  

     Бекеңнің жеке кәсіпкерлік саласындағы отыз жылға жуық  қажырлы еңбегі мен қол жеткен осыншама табыстары 2014 жылы «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалімен, басқа да марапаттармен бағаланды. Өмірлік серігіне айналған жан жары Зинет жеңгеймен екеуі бір ұлы, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Гүлмира ұзақ жыл прокуратура органында қызмет жасап, қазір ата-анасының отбасылық бизнесінде жүрсе, Ақмаралы – мұнайшы-инженер,Табылдысы Алматының КИМЭП университетін және АҚШ-тың Вашингтон университетінің магистратурасын бітірген, келіншегі Гаухармен екеуі Елордада қызметте.

    P.S. Осындайда күнделікті күйбең тірлікте жанымызда жүрген Бекең сияқты абзал азаматтардың елге сіңірген еңбектері тиісті бағасын алып, еленіп жүр ме? Олар лайықты марапатын алып, билік тарапынан cый-құрметке ие ме екен деген сұрақ та мазалайды? Ай, қайдам? Туған жерін түлетуге саналы ғұмырының жарты ғасырын сарп етіп, адал, абыройлы қызмет қылған кейіпкеріміз де ұлықтауға лайықты жан. Ендеше,  жергілікті атқарушы және өкілді органдар болашақта  ардагер кәсіпкерге «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағын беруді ойластырса, нұр үстіне нұр болар еді.

     Бақытжан ЖҰМАТ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз