ӨРЕЛІ ІСТЕРГЕ – ТЫҢ СЕРПІН

«Отандық бизнес иелері үшін теңгенің еркін айналымы — алдағы өрелі істерге тың серпін беретін құрал деп қабылдаған жөн» деп атап өтті облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Әйтиева.

Оның айтуынша, Қазақстан — әлемдік аренада ойып орын алған, дүние жүзі елдерімен тығыз байланыс орнатқан мемлекеттердің бірі. Сондықтан, әлемдік нарықтағы қаржылық тұрақсыздықтың Қазақстанды айналып өтпейтіні белгілі.

– Бүгінгі ахуалдың орын алатынын Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын болжаған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясаты арқасында, Үкімет алдағы қиыншылықтарға дайын болатындай іс-әрекеттер жоспарын құрды. Бұл — Қазақстанның үлесіне тиіп отырған алғашқы қаржы дағдарысы емес. Бүтін бір халық куә болып отырғандай, қазақ елі бұған дейін де талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан кешірді емес пе? Сол себепті де, теңгенің долларға шаққандағы бағамына түсіністікпен қараған жөн, – дейді Нұрлы Тельманқызы. – Керісінше, мұндай қиындықтар еңбек адамын одан әрі қуаттандырып, жеңістерге жол бастайды.

Жаңа экономикалық, соның ішінде валюталық саясат отандық бизнестің бәсекеге қабілеттігін арттыруға жол ашпақ. Мұның себебін Нұрлы Тельманқызы былайша түсіндіреді:

– Шындығын айтқанда, қазір біз тауарлардың көбін шет елдерден сатып аламыз. Ал, сол елдерге отандық өнімді өткізуде белсендік танытып жатпаймыз. Бұл — үлкен қателік. Бір ғана мысал келтірер болсам, Ресейдегі рубль бағамы аз-мұз түсе қалғанда, біздің кәсіпкерлер қыруар шығынға батып шыға келді. Міне, осы мәселені шешу үшін мемлекетіміз осындай тәуекелге барып, батыл қадамдар жасауға мәжбүр болды. Кез келген білікті кәсіпорын басшысы өз өніміне сұранысты төмендетпес үшін жаңа бір маркетингтік айла-тәсілді ойлап табады. Бұл — нарықтың заңы. Олай болса, теңгенің ерікті айналымы да — мәжбүрліктен туындаған мәселе, – дейді кәсіпкер. Яғни, отандық тауарлардың сыртқы нарықтағы бәсін төмендетіп алмау бәрінен де маңызды. Егер шығынға батқан өндірістер қайта жанданатын болса, жұмыс орындары да көбейе түседі.

Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, біздің мемлекет жоғары потенциалға ие. Демек, шағын және орта бизнесті бәсекеге қабілетті бола алатындай деңгейге жеткізу — өз қолымызда екенін ұмытпайық. Бір ғана Атырауды алып көрейік. Өңірде соңғы жылдары отандық кәсіпорындар қатары көбейіп, бірінен соң бірі жаңа нысандар бой көтеруде. Бүгінгі таңда атыраулықтардың өз еті, сүті, жұмыртқасы, жеміс-жидегі мен көкөніс өнімдері бар. Мен бұл ретте енді бәрі оңай болады деп айтып отырғаным жоқ. Әрине, нарықтағы ахуал енді шиеленісе түсуі ықтимал. Бірақ, біз өз орнымызды өзгеге бермей, қандай күресте болмасын жеңіп шығуға ұмтылуымыз қажет. Бұл бағытта мемлекетіміз кәсіпкерлерге түрлі көмектер көрсетіп, бар жағдайды жасауда.

Нұрлы Әйтиева «студенттердің оқу ақысы өсе ме?» деген сұрақтардың жиі қойылатынын айтады. «Әрине, кәсіпкер ретінде мен түсінемін, теңге бағамы өскен соң, оқытуға кететін шығындар да көбеймесе, азаймайтыны анық. Бірақ, солай бола тұрса да, біз басқа емес, отандық кәсіпкер екенімізді естен шығармауға тиіспіз. Осындай қиын шақта адамдықтан аттамай, өзіміздің азаматтық ұстанымдарымызды ұмытпауымыз керек. Мемлекетімізге қолдан келгенше қолдау танытқанымыз абзал. Сондықтан да, мен студенттердің оқу ақысын өсіруге түбегейлі қарсымын» деген ол кәсіпкерлерді ортақ мақсатқа бірігіп, мемлекетке қолдау танытуға шақырды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз