«ӨНІМДІЛІК-2020»: БАЙЫПТЫ БАҒДАРЛАМА БАҒЫТТАРЫ

«Атырау Innovations»  компаниясы елімізде орта және ірі кәсіпкерлікті өркендетуге бағытталған «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасын бизнес иелері арасында насихаттап, аймақта жүзеге асуына жәрдемдесуге әзір. Облыстық әкімдікте өткен «дөңгелек үстел» барысында  аталған бағдарламаның тиімділігі кеңірек талқыланып, түсіндірілді.

 

Мамандардың айтуынша, облыста «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша 44 жоба жүзеге асса, оның 34-і іске қосылған. Бұдан басқа, «Бизнестің жол картасы-2020» көмегімен бірнеше зауыт жұмысын жемісті жалғастырып жатыр. «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасы да еліміздің өзге аймақтарында табысты іске асырылған. Жақында оның операторы болып табылатын «Қазақстан индустрия дамыту институтының» өкілі Әдият Жұматаев жергілікті кәсіпкерлерге бағдарламаның қыр-сырын түсіндірді.

– Біздің мақсат – еңбек өнімділігі арқылы кәсіпорындардың қызметін арттыруға, жаңғыртуға көмектесу, ауыл шаруашылығы, химия, металлургия, фармацевтика, энергетика секілді экономиканың басым бағыттарына жәрдемдесу. Ол үшін кәсіпорын қаржылай тұрақты болуы тиіс. Мемлекеттік көмек екі бағытта жүргізіледі, оның бірі өндірісті жаңғыртуға, екінші бағыт  сервистік қолдауға беріледі,-деген ол жаңғырту жұмыстарын жүргізгелі отырған компания консалтингтік компанияны таңдап, келісім-шартқа отырып, инвестициялық жобаның кешенді жоспарын және сараптамасын жасата алатынын айтты.

Бағдарламаның талаптары бойынша жобаның сәйкес келуі  жұмыс күні бойы қаралса, кешенді жоспар үш айда, сараптама бір айда жасақталады екен. Жұмыс тобы  төрт апта бойына жобаның тиімділігін қарайды да, бес күннің ішінде нақты жауабын айтады. «Кешенді жоспар мен оның сараптамасын жасақтаудың 50 пайызы (7,5  млн.теңгеден аспауы тиіс-авт.) өтеледі. Онда қатысушы кешенді жоспарда еңбек өнімділігін арттыруды көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, консалтингтік компанияның қызмет көрсеткендігін растайтын құжатты әкелуі қажет. Осынау шарттарды орындаған кәсіпкер жоғарыда аталған көмекті ала алады»,-дейді Ә.Жұматаев.

Ал, ұзақ  мерзімді  лизингтік қаржыландыру «Қазақстанның Даму банкі» арқылы іске асырылады. Лизинг көлемі 150 млн. теңге, жеңіл өнеркәсіпке 75 млн. теңгеден бастап беріледі. Үш жылдан он жылға дейінгі уақытқа қаражат 5 пайыз мөлшерлемесімен ұсынылады. Мәселен, осы бағыт арқылы мұнай саласындағы компаниялардың  бірі тозығы жеткен ескі құрал-жабдықтарын Жапония, АҚШ, Бразилия елдерінің заманауи қондырғыларымен алмастырып, жаңартқан. Сөйтіп, құрал толықтай автоматтандырылған. Бөлшектерді механикалық өңдеу 5 есеге қысқартылған.

Айта кету керек, жалпы бағдарламаға 201,4 млрд. теңгеге 71 жоба енсе, оның сегізі биыл жүзеге асырылып отыр. Олар, әсіресе, Алматы, Астана, Қарағанды секілді қалаларда табысты іске асқан. Өкінішке қарай, Атырау облысында тек бір ғана жоба мұндай көмек түрлерін алған. Мамандар оның себебін бағдарламаның насихатталмауымен түсіндіреді. Бұл ретте  «Атырау Innovations» ЖШС-нің инвестициялар жөніндегі менеджері Әзидолла Салихов алдағы уақытта компания «Өнімділік-2020» бағдарламасы туралы кәсіпорындар арасында түсіндіру-ақпараттық жұмыстарын жүргізуге қол ұшын беретінін  жеткізді.

А.МҰРАТҚЫЗЫ.

 

Қосымшаның редакторы:

Айбөпе Сабырова,

байланыс тел.: 45-85-14, 

эл. пошта: aibupe_sm@mail.ru.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз