Өңірдегі мұнай қорының 61 жылға жететінін болжап отыр

effragfx0aakaet 1280x800 1 Экономика

Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтарында 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 21 мыңнан астам сол жердің тұрғыны еңбек етеді. Шетелдік инвесторларға тиімді болуы үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылып, инфрақұрылым тартылған. Ол үшін қазына қаражатынан 2022 жылы 400 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Әлі де инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін 200 млрд. теңгеден астам қаражат керек екен.

Соның салдарынан, өңірде импортты алмастыру, өнім экспорттауға келгенде тартынып қалып отырған көрінеді. Яғни, инвестор жаңа өндіріс немесе зауыт салайын десе, не жолы жүргізілмеген, не жарығы, суы тартылмаған. Ал мұндай «аты бар да, заты жоқ» жерге ақша жұмсауға ешбір кәсіпкер аяғын аттап баспайтыны белгілі.

Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылым нысандары құрылысына мемлекеттен 171,6 млрд. теңге бөлінген. Ол қаражатқа кірме темір және автомобиль жолдары салынып, инженерлік желілер жүргізілген. Сондай-ақ, 310 мВт газ турбиналы электр стансасы, су дайындау және сарқынды суларды тазарту қондырғысы салынып, пайдалануға берілген.

«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» демекші, индустриялық аумақтардағы дүйім жұрт үміт күткен жобалардың басым бөлігі бүгінде жабулы күйінде қалып отыр. Ал олар ілгерілеп, алға қарай қадам басуы үшін әлі де қазынадан қомақты қаражат керек. Осы орайда, «шулатып жүрген арнайы экономикалық аймақтарға мемлекеттен ақша бөле берудің қажеттілігі қанша?» деген орынды сауал туындағаны да жасырын емес. Кейбіреулер келешегіне күдікпен қарайтын арнайы экономикалық аймақтарда проблема көп. Бірақ қайткен күнде де «шығынсыз кіріс болмайтынын» да ұмытпағанымыз жөн.

Мемлекет басшысы өңірдің экономикасын әртараптандыруды ұдайы айтып келеді. Үкімет пен әкімдік инвесторлармен бірлесе отырып, олардың тезірек іске қосылуына мүдделі болуы тиіс. Десек те, мұнай қоймаларын көбейту жайы әлі жабулы қазан күйінде тұр. Ал сарапшылар мұнайлы өлкеден өндірілетін «қара алтын» көлемі былтырғы көрсеткіштен төмендемесе, Атырау облысындағы мұнай қоры 61 жылға жететінін болжап отыр.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз