Сауытбек АБДРАХМАНОВ:ӨМІРГЕ АЙНАЛҒАН ӨЛЕҢ

Бір бізде емес, бүкіл әлемде адамзат атаулы кітаптың бетін кері бұра бастаған мына заманда «Бір ел – бір кітап» акциясының ұйымдастырылуы өте орынды. Абайдың «Қара сөздерінен», Әуезовтің «Қараш-Қарашынан» басталған осы таңдаудың биылғы жылы Фариза Оңғарсынованың «Дауа» кітабына түсуі де өте орынды. Ол оқиғаға орай атыраулықтардың осындай ірі іс-шаралар ұйымдастыруы да өте орынды.
Әбіш Кекілбаев ағамыз ана бір жыл «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Фариза» атты эссесінде Исатай, Махамбет көтерілісінің тап осы Фәкең туған Манашы деген жерде басталғанын жазғаны бар еді. Мұның өзінде де символдық мән бар сияқты көрінеді.
Біз қай заманда да халқымыздың әйел-анаға, сүйген жарға, қыз балаға құрметі бөлекше болды десек, қазақ қызды жасытпай, жарқылдатып өсірді десек, олардан батыр да, ақын да, көсем де, шешен де шықты десек, соның бәріне даусыз дәлелді Фариза жырларынан табамыз. Оңғарсынова өлеңдері қазақ қызының бір айрықша ардақтайтын асыл қасиеттерін – жан тазалығын, ар тазалығын, шыншылдығын, сыршылдығын, батылдығын, ақылдылығын, аяулы сезімі мен қаяулы көңілін кір шалдырмай ұстауға ұмтылатын асқақ аңсарын айрықша көркем күйде ақ қағазға төгілте түсіріп бергенімен қымбат.

Өлең өнерінің өмір-шеңдігінің де, өрелілігінің де басты өлшемі – өмірге айнала алуы. Фариза өлеңі – өмірге айналған өлең. Біз Фариза Оңғарсынова поэзиясын сөз еткенде, ең алдымен, ол жырлардың қазақтың рухына әсер еткендігін, ұлттық рухты өрлеткендігін айтуға тиіспіз. Ақын жырларының төгіліп келетін тілі, мінсіз пішіні, мінсіз ұйқасы, мінсіз ырғағы деген жайлардың бәрі де шығармашылық тұрғыдан қаншалықты мәнді, маңызды болғанымен, Фариза өлеңдерінің басты құндылығы қазақ әйелінің әлемін айқара ашып, қазақ қызының жан-жүрегін жарқыратып көрсетіп бергендігінде.
Ә дегеннен әдеби ортадан жырақтау жүріп, жыр жарысына жетпісінші жылдардың бас жағында ғана шындап қосылған Фариза өлеңдері қазақ поэзиясына өзіндік үнін ала келді дей салу аздық етеді. Фариза – қазақ рухына әсер еткен ақын. Сексен алтының желтоқсанында Алматының қақ ортасындағы қарлы алаңға шыққан қарындастарымыздың арасында Фариза жырынан жанына жылу алғандар аз болмағаны анық. Онсыз да қыз баланы бөлекше қастерлейтін халқымыз Фариза өлеңдері арқылы әйел затының қадір-қасиетін бұрынғыдан да биік бағалай түсті деудің ешқандай артықтығы жоқ. Фариза өзіне дейін «Қыз-келіншектер поэзиясы» деп аталып, кеңдікпен, кейде, тіпті, кешіріммен қаралып келген ұғымға да басқаша сипат берді. Поэзияда жаңа өлшем орнатты. «Қыз-келіншектер поэзиясы» делінетін өлеңдерге ғана емес, жалпы, ұлттық поэзияға жаңа планкілер жасап берді. Сырықпен биіктікке секіруден соңғы он бес жылдың ішіндегі барлық әлемдік рекордтарды жалғыз өзі жасаумен және жалғыз өзі жаңғыртумен келе жатқан Елена Исинбаева сияқты Фариза Оңғарсынова да поэзиядағы биіктікті өзі орнатып, өз биігімен өзі алысып келе жатыр.
Мысалы, сондай өлеңдерінің бірі – «Әйелдің монологы» соншалықты дәл табылған поэтикалық ырғағымен де, шыңғырған шындығымен де, сыздатар сыршылдығымен де, адамның ең бір жан түкпірінде жататын интимдік сезімдерді жалаңаштай жаздап барып, қайтадан жарқыратып алып кететін ғажайып шеберлігімен де қайран қалдырады. Сұрапыл сезім суретінің мұндай үздік үлгілерін әлем әдебиетінің қазынасына қысылмай қосуға болады. Ашығын айтар болсақ, Фаризаның махаббат лирикасындағы жекелеген өлеңдер Ахматова мен Цветаеваның сөз қадірін білер жұрт мінәжаттай жаттайтын жауһар жырларынан бірде-бір кем емес. Сондықтан да Фариза Оңғарсынова поэззиясы өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ әдебиетінің бөлекше құбылысы болды, сондықтан да Мұқағали «жігітінен қазақтың дос таба алмай» қиналғанда жүрегін жегідей жеген жан сырын Фаризаға айтты, сондықтан да Фариза жырларының рухы нәзік өрліктің, сыршыл ерліктің бейнелі баламасына айналды. Қазақ өзінің Фаризасын, аяулы ақын қызын сол үшін де қадірлейді, қастерлейді.
Біз ақын жырларының жұмсақ лиризмін, жұмбақ табиғатын әлі де ашып көрсете алмай жүрміз. Автордың күнделікті өмірдегі қалпына қарап, оның жырларынан бірыңғай асқақтық, кілең бір өрлік іздей беру де қате ұғым. Шынтуайтында, әйелдің әлсіз әлемінен шыққан Фариза жырларының табиғаты нәзік, тіпті, қорғансыз болып келеді. Ақын жырларының күші де сол әлсіздігінде. Әлсіздігі болмаса Фариза:
Келесің дәйім шілденің
От күні болып, ынтығып.
Құшағыңда
құрып сүлдерім
Шыға алмай қалам
бұлқынып.

Кетеді сонда жон аттап
Тәкаппар менің өрлігім,
Жанарда жүрген қонақтап
Қоңырқай күзде сорлы мұң, – деп жазбаған болар еді.
Фариза Оңғарсынова шығармашылығының қомақты бір қыры – публицистика. Осы биыл жарыққа шыққан «Сыр-сұхбат» деген жаңа кітабы – ақынның жаңа табысы. Бұл кітапта Фәкеңнің адамды ардақтайтын, азаматты бағалайтын кең жүрегі кемел көрінген. Әншейінде ешкімді көзге ілмейтіндей әсер қалдыратын Фәкең өзім деген жанға өзегін үзіп беруге дайын, кім-кімнің де азды-көпті еңбегін ақтарылып айтуға бейім.
Фәкеңнің редакторлығы да арнайы сөз ететін, зерделеп зерттейтін тақырып. Соңғы жылдарда шығарып жүрген «Тұмар» журналының 2009 жылғы бір санын Фәкең түгелдей Әбіш ағамыздың 70 жылдығына арнады. Сонда ол: «Әбіш Кекілбайұлы – 20-шы ғасырдағы ерекше құбылыс. Оның кісілігі, салмақты мінезі, ешқашан ізденуден шаршамаған, әлі күнге дейін кітаптан бас алмайтын танымға құштарлығы, өзіне де, өзгеге де талап қойғыш табандылығы, өте нәзік жан дүниесі, ананы ардақтаудың үлгісін көрсеткен асыл қасиеті, балажандығы, құдай қосқан қосағына деген адал жүрегі – осының бәрі Әбіш Кекілбайұлын адамдықтың символы деңгейіне көтерді. Олай болса, Әбіш Кекілбайұлын тану, әсіресе, жастардың оны тануға ұмтылысын ояту және соған мүмкіндік жасау – аса маңызды. Әбіш Кекілбайұлы 70 жасқа толғалы отыр. Осы мерейлі той қарсаңында біз «Тұмар» журналының кезекті санын ұлы ойшылдың өмір жолына арнадық», -деп жазды. Өзіңмен күнде болмағанмен өзіне асқан ақыл да керек, дархан жүрек те керек. Сол ақыл да, сол жүрек те қазақтың Фаризасында бар.
Сол ақыл, сол жүрек – бар қазаққа ортақ қазына.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз