«МҰНАЙ – менің мақтанышым!»

«Мен үшін мұнай тек қана «қара алтын» емес. Ес білгеннен бергі саналы ғұмырым мұнаймен тығыз байланыста өтіп келеді. Әкем де мұнай саласының ардагері. Ел экономикасының локомотиві болып табылатын осынау маңызды салада еңбек ететінімді мақтан тұтамын» дейді мұнайшы Бақтығали Шегереев.

Қазіргі Құлсары қаласының Алтыкөл ауылында дүниеге келген біздің кейіпкеріміз ес біліп, еңбекке араласқаннан бері «қара алтын» өндірісінің бел ортасында келеді. «Бала күнімде әкем Иманғали мұнай кереметтері туралы көп әңгімелейтін. Мұнай кез келген ел экономикасының жетекші күші бола алады. Одан түрлі өнім алуға әбден болады. Әр кен орнының өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан, мұнай қырағылықты, сақтықты қажет ететін сала. Мұнай бізге әлі талай жыл қызмет ететін болады. Шіркін, қазақтың «қара алтыны» қасиетті ғой» деп тамсанып отыратын әкем жерасты байлығы өз елінің пайдасына жұмсалуы тиіс дегенді жиі айтатын. Бала күнімде бұл сөздерге аса мән бермесем де әкемнің айтқандары құлағымда жатталып қалды. Қазір ойласам, әкем мәселені алыстан толғатып отыр екен ғой» дейді Бақтығали аға.
Бас кейіпкеріміздің анасы Үміт те жұбайы Иманғалидың айтқандарын қоштап отыратын. Отбасында тоғыз бала тәрбиелеп өсірген әке мен ана оларды алдымен еңбекқорлыққа тәрбиеледі. «Біздің отбасымызда еңбек сөзінің өзі күн тәртібінен түспейтін мәселе болды» деп еске алады Бақтығали Шегереевтің өзі. «Отбасында үйелмелі-сүйелмелі бала-шаға саны көп болғандықтан болуы керек, анамыз жауапты тапсырмаларды үлкендерге жүктейді де, кішкенелеріне ересектерге қолғанат болуды тапсыратын. Еңбекті тер төгіп жасаңдар. Таза еңбекпен, ащы термен келген несібе тәтті болады» деп анамыз жиі айтатын» дейді ол.
Отбасылық тәрбиенің әсері мол болған болуы керек, 1976 жылы мектеп бітіріп, қолына алғаш білімі туралы құжат алған балаң жігіт Мұнай-газ өндіру басқармасына слесарь болып жұмысқа тұрады. Алғашында жаңа ортадан тосырқаған жігіт қара жұмыстың ауырлығына шыдас берсем деген оймен ғана жүреді. «Кейін жұмысымды жақсы көре бастадым. Бойымда «мұнайшымын» деген мақтаныш сезімі пайда болды. Жұмысым ауырлаған сайын мұны шынығатын сәт деп қабылдайтынмын» дейді бас кейіпкеріміз. Араға бір жыл салып қуаты бойын кернеген жас жігіт әскер қатарына шақырту алады. Тиісті комиссиядан кедергісіз өткен ол әскери борышын Венгрияда өтейді.
«Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің» деген сөз бар ғой. Өзге елдің жерін басып жүріп Отаным туралы көп ойланатынмын. Әскер қатарына әр мемлекеттен алынған жігіттер болады. Өз елдері туралы әңгімелей бастағанда мен ылғи мұнайымызбен мақтанатынмын. «Мемлекетіміз өз мұнайының пайдасына қашан иегін тигізеді екен?» деп көп ойланатынмын. Шүкір, бүгінде біраз оң бетбұрыстар бар» дейді ол.
Біздің кейіпкеріміз мұнайдан көп қол үзбейді. Әскери борышын абыроймен өтеп келген жас жігіт елге оралған соң бұрын қызмет істеген Мұнай-газ өндіру басқармасына оператор болып қайта жұмысқа тұрады. Арнайы техниканың жоқтығы заманында көп нәрсеге қолбайлау болғандығын атап өткен ол бұл кезеңдері тәулігіне 300-400 тонна мұнай өндірілгендігін айтады.
«Арнайы техниканың болмауы көп жұмыс күшін қажет ететін. Бүгінде тәулігіне 1388 тонна мұнай беріп отырмыз. Қазір скважиналар көбейді. Бұрын мұнайды тіке қазып ала беретінбіз. Бүгінде технология жаңарды» дейді ол.
Бақтығали Шегереев қазақ мұнайының болашағының кемелдігіне сенімді. «Әлем көз тігіп отырған алып Қашағаннан қазақ алғаш мұнайын алғалы жатыр. Бұл – үлкен стратегиялық жоба. Сонау 1997 жылдан бастап қолға алынған жобаға күні бүгінге дейін 40 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы салынды. Енді міне, бар қиындықты артқа тастап, ондаған жылдар бойы жұмыстың игілігін көретін уақыт та келіп жетті. Бұйыртса, Қашаған кенішінен алғашқы кезеңде тәулігіне 90 мың, ал толық өндірістік қуатына көшкен тұста күніне 370 мың баррель мұнай өндірілетін болады. Бұл елімізде өндірілетін мұнай көлемі артады деген сөз ғана емес, бұл «қара алтын» өндіру саласындағы мемлекет тәжірибесі ұлғаяды, алып кен орнына білікті кадрлар тартылады деген сөз» дейді ол.
Оның айтуынша, Қашағандағы маңызды өндірістік нысандардың бірі – құрлыққа салынған «Болашақ» мұнай-газ айыру зауыты. «Мұнда теңізден алынған шикізат құрамындағы газ, күкірт және басқа да химиялық қосындыларынан ажыратылып, кешенді түрде дайындалады. Жобаның ауқымдылығына байланысты күні бүгінге дейін өндіріс аумағында 40-тан астам күрделі процесс жүзеге асырылды. Ендігі жерде біз экологиялық қауіпсіздіктерге баса мән беруіміз қажет» дейді ол.
Бүгінде елудің төртеуіне шыққан Бақтығали Шегереев тіс қаққан мұнайшы ғана емес, бір әулеттің асқар тауы. Жұбайы екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. «Біз мұнайды атадан жалғасқан кәсіп деп бағалаймыз. Бүгінде бір ұлым слесарь. Ұлыма барымша көрген-білгенімді айтып келемін. Маған кейде мұнайдан басқа кәсіп жоқтай көрінеді. Мен өз кәсібімді мақтан тұтамын» дейді ол.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз