ҚЫЗМЕТ ТЕ, КЕҢЕС ТЕ АҚЫСЫЗ

Атыраулық кәсіпкерлерді не толғандырады? Отандық өнім өндірушілерге мемлекет қандай жеңілдіктер ұсынады? Әлемдік нарықтағы соңғы өзгерістер  кәсіпкерлік салаға қалай әсер етуде? Міне, осы және өзге де мәселелер төңірегінде облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ақан Қайырғалиев толығырақ айтып берді.

– Атыраудағы бизнесті сервистік қолдау бөлімі қай уақыттан бері жұмыс жасайды?

– Аталмыш бөлім облыстық кәсіпкерлер палатасы құрылған 2013 жылдан бері жұмыс жасайды. Негізгі жұмыс бағыты — кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау түрлерін көрсету, әртүрлі оқу-тренингтер мен басқа да білім жетілдіру шараларын ұйымдастыру. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде «Кәсіпкерлер үшін сервистік қолдау» компоненті кәсіпкерлерге қызмет етуде.

Қызметтің қай түрі де ақысыз көрсетіледі, кеңестер де тегін беріледі. Биыл бухгалтерия, маркетинг, ІТ, мемлекеттік сатып алуға байланысты төрт қызмет түрін кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан көрсетті. Ал, қалған төрт қызмет бойынша мемлекеттік сатып алуға байқау жарияланды. Нәтижесінде, оны заң және менеджмент қызметтері бойынша «Консуль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, кедендік рәсімдер мен менеджмент жүйелерін енгізу бойынша «Атырау облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер Одағы» қоғамдық бірлестігі ұтып алды. Аталған қызмет түрлерін пайдалану жөнінде толық ақпаратты Азаттық көшесі, 17 мекен-жайы бойынша  білуге болады.

– Кәсіпкерлерге ұсынылатын нақты қызмет түрлері қандай?

– Атырауда жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде  бірқатар қызмет түрлері көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, бизнес субъектілері тегін негізде сервистік қызметтің сегіз түрін қолданып келеді. Олар — есеп және салық тіркелімдерін енгізу, санақ есебін құру, кедендік үрдістер, заңгерлік іс, маркетинг мәселесі, ақпараттық технология, мемлекеттік және ұлттық компанияларды сатып алу, менеджмент жүйесін енгізуге байланысты қызметтер. Қазір бухгалтерлік қызметтің кең таралуына орай, бұл қызмет түрін барлық аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында пайдалануға болады. Ал, қалған қызмет түрлері ауданға арнайы баратын мобильдік топ құрамындағы мамандар арқылы көрсетіледі. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының аясында көрсетілетін сервистік қолдау, бұл — кәсіпкерлердің өз кәсібін кеңейтуге арналған тамаша мүмкіндік. Сондықтан, сирек мүмкіндікті кәсіпкерлерге дер кезінде пайдалануға кеңес беремін.

– Кәсіпкерлерді сервистік қолдаудың артықшылығы неде?

– Жаңадан сапа менеджменті жүйесін енгізбей, халықаралық нарыққа негізделген бүгінгі бизнесті дамыту мүлде мүмкін емес. Өз кезегінде аталған жүйені енгізу құны 1000 доллардан басталады. Ал, отандық кәсіпкерлер үшін бұл қызмет тегін көрсетіледі. Сондықтан, жаңа жүйені енгізуге кететін шығындарды үнемдеуге мүмкіндік бар.

Екінші бір артықшылығы, заңгерлік бағытта тегін қызмет көрсетіліп, бизнес-жоспар жасақтаудың әдіс-тәсілдері үйретіледі. Бұрын кәсіпкерлер осы қызметтер үшін өз қалтасынан ақша төлеп келген болатын. Енді мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді орнымен қолданып, білім жетілдіретін уақыт келіп жетті деп ойлаймын. Осы бағытта әртүрлі тренингтер өткізіп, сервистік қызметтерді ұсынамыз. Олар сол арқылы білікті бухгалтер мен заңгерлердің қызметін тегін пайдалана алады. Сонымен қоса, бизнес-жоспар жасату мүмкіндігі де бар.

«Жұмыс жасап тұрған бизнесті жүргізуді сервистік қолдау» бағдарламасының көмегімен әр кәсіпкер, заңгерлер, маркетологтар, сапа стандарттарын енгізу бойынша мамандардың кеңестерін тегін алады. Атап өту керек, өткен жылы бизнесті сервистік қолдау шеңберінде атыраулық 585 кәсіпкер тегін 1711 қызметке ие болды.

– Кәсіпкерлік бағытында тағы қандай бағдарламалар жұмыс жасайды?

– Биылғы алғашқы жартыжылдықта  кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы бар немесе өз істерін жаңадан бастап келе жатқан 580 кәсіпкер «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы арқылы тренингтен өтіп, сертификаттарға ие болды. Бұл сертификаттар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әртүрлі қолдауға ие болуға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлердің дені өз құқықтары бұзылған жағдайда немесе монополистік ұйымдар тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілген кезде ғана шағымданып жатады. Шағымдар бойынша кәсіпкерлер палатасындағы арнайы заңгерлер мен жобаларды қолдау бөлімдерінің мамандары айналысады.

Атырауда өз кәсібін бастай алмай жүрген кәсіпкерлер қаншама? Әсіресе, туған ауылында жұмыс жасауға мүмкіндік бола тұра, қалаға келіп оңай қызмет түрін іздейтін  жастар қатары көбейді. Маңдай терін төгіп еңбек етуге ерінетін жастар атакәсібіміз – мал шаруашылығымен айналысуға құлық танытпайды. Міне, осы жағынан келгенде, олардың арасында еңбек дәрістерін өткізуді қолға алу керек.

Кез-келген кәсіпкер қалаған уақытта Сәтбаев көшесі, 78 мекен-жайында орналасқан облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгіне алады.

Сұхбаттасқан

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз