ҚАЖЕТТІ ДЕ, МАҢЫЗДЫ ШАРА

Бүгінде көпшілік теңгенің еркін айналымға жіберілуін ақшаның құнсыздануымен шатастырып отыр. Теңге құнсызданған жоқ, ол тек еркін айналымға шығарылды. Былайша айтқанда, Қазақстан жаңа экономикалық саясатқа көшті деуге болады.

Десек те, теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі – өте қажетті, мәнді шара. Көптеген дамыған елдердің экономикалық тарихына назар аударсақ, барлығы да осы жолдан өткенін көруге болады. Сондықтан, теңгенің тұрақталмағанынан шошудың қажеті жоқ. Олай дейтінім, енді валютаның бағамын Ұлттық банк емес, нарықтың өзі реттейді. Яғни, нарықтың жағдайында сұраныс пен ұсынысқа негізделеді.Мәселен, теңгеге сұраныс көп болса, оның бағамы өседі. Сұраныс болмай, ұсыныс көбірек болса, онда теңгенің бағамы түсе береді. Осы орайда  жаңа экономикалық саясатқа көшу отандық кәсіпкерлерге қолдау болары сөзсіз.

Рас, ел ішінде күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасының көтерілетініне алаңдаушылық басым. Мемлекет басшысы жиын барысында азық-түлік бағасын көтермеуді тапсырып, бағаның бақылауда тұрғанын айтты. Расында, олар сырттан әкелінбейді, өз елімізде де өнім өндіріліп, жатыр емес пе?!  Сондықтан, өзге елдің қаңсығын таңсық етудің қажеті жоқ. Өз елімізде өндірілетін өнімді пайдаланатын уақыт жетті.

Өзім секілді көптеген жас ата-аналар балаларының болашағы үшін бүгіннен бастап қаржы салуда. Осы орайда, жұртшылықты алаңдатып отырған – депозиттегі жинақтардың жайы. Бұл –  мәселенің де алдын алған Елбасы Ұлттық банкке жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне төлем тетігін енгізуді тапсырды. Бұл – айырбас бағамының өзгеруіне байланысты халық салымдарының шығындарын төмендету мақсатында биылғы жылдың 18 тамызына дейінгі теңгемен ашылған жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне есепшоттағы бір миллион теңгеге дейін қаржыға төлем тетігі енгізіледі деген сөз. Яғни, шотта сақталған теңгені АҚШ валютасына, немесе Ресей рубліне айырбастауға қажеттілік жоқ.  Сондықтан да, отандастарыма алаңдауға еш негіз жоқ деп айтқым келеді.

Қайырғали АЗИЛОВ,

№ 30 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз