ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫ – ӨЗІМІЗДЕН!

Атырауда тұрғын үй комбинаты ашылды 

Елбасының бастамасымен елімізде қолға алынған жаңа индустрияландыру саясаты қазыналы өлкемізде де өзінің жарқын көрінісін тауып келеді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында аймағымызда осы бағытта тағы бір тамаша іс тындырылып, игілікті қадам жасалынды. Дәлірек айтқанда, кеше Атырауда жаңа тұрғын үй комбинаты пайдалануға берілді. Аталған нысанның іске қосылуына орай ұйымдастырылған тұсаукесер рәсімінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев жаңа жобаға сәттілік тіледі.

– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа арнаған Жолдауында республикамызда тұрғын үй салу мен құрылыс индустриясын дамытуды, сөйтіп, қазақстандықтардың баспанаға мұқтаждығын тездетіп шешуді, оның оңтайлы жолдарын қарастыруды міндеттеген болатын, – деді Ғұмар Ислямұлы. – Аймақтың ғана емес, тұтастай еліміздің құрылыс индустриясының дамуында өзіндік орны бар, отандық «Direkt Construction Serviсе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі бұл кәсіпорынның негізгі жабдықтары мен қондырғы-құрылғылары АҚШ-тан әкелінген. Бұл жөнінде осы салада мол тәжірибесі бар американдық «Spancrete» компаниясымен келісім-шарт жасалынған. Соның негізінде, серіктес компания жергілікті мамандарды өзінің базасында оқытып, біліктілік деңгейін көтеруді де мойнына алған. Бұдан былай, көп қабатты тұрғын үй құрылысына қажетті материалдар түгелдей дерлік осында дайындалып, шығарылады. Ал, керекті шикізаттар көршілес аймақтар мен қазақстандық зауыттардан жеткізіледі. Ең бастысы, баспаналар тез әрі сапалы тұрғызылып, бағасы да базар нарқынан бәсеңдеу болады деп күтілуде. Ендеше, бастама құтты болсын, іске сәт деймін, ұжымға табыс тілеймін!

Осылайша, рәсімге қатысушыларды аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасарынан кейін сөз кезегін АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Майкл Клечески еншілеп, игі тілегін жолдады. Қашанда бірлесіп, ынтымақтаса атқарған істің нәтижелі боларына сенімділігін білдірді. Оның айтқандарын осы нысанның меншік иесі саналатын «Direct Construction Service» ЖШС директоры Ержан Даир мен басқалары да қостады. Содан соң салтанатты рәсімнің құрметті қонақтары рәміздік лентаны қиып, темір-бетон плиталарын құюға арналған қондырғының тетігін басты. Сөйтіп, жаңа өндіріс орны іске қосылды.

Жобалық құны 10 млн. долларды құрайтын комбинаттың жылдық қуаттылығы – 500 мың шаршы метр немесе 35 мың текше метр өнім шығару. Бөлінген қаражат толығымен игеріліп, кәсіпорынның жабдықтармен қамтылуы 80 пайызға қамтамасыз етілген. Бұған дейін де тілге тиек еткеніміздей, өндірісте тұтынылатын негізгі шикізат түрлері (құм, қиыршықтас, цемент, металл құрастырмалары мен арматуралар т.б.) Ақтөбе, Ақтау, Теміртау (Қарағанды облысы), Қостанай қалаларындағы зауыттардан алынады. Болашақта бұл комбинатта түрлі көлем-пішінмен темір-бетон бұйымдары (көп қабатты үйдің іргетасын қалайтын қададан бастап кірмедәліз баспалдақтары, қабырғалар мен төбе жабындылары, тастамалар, т.б.) дайындалып, біртіндеп тұтастай пәтерлер мен үйлер құрастырылып шығарылады. Осы сатыда жаңағы айтылған американдық технологиялар қолданылады.

Жалпы алғанда, бұл Атыраудағы екінші үй құрылысы комбинаты болып есептелінгенімен, қайталанбас үлгісімен халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкестігі жағынан алғашқысы саналады. Әңгіме барысынан аңғарғанымыздай, дәл осындай қуаттылыққа ие және мүмкіндігі бар алып кәсіпорын әлем елдерінде саусақпен санарлықтай көрінеді. Сол себептен де шығар, комбинат таяу келешекте «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны, «Аджип ҚКО» компаниясы сияқты алпауыт кәсіпорындардың тапсырыстарын орындау жөнінде келісімдер жасауды, құрылыс индустриясында отандық бизнес пен қазақстандық мазмұнның үлес салмағын арттыруға атсалысуды ойластырған.

 

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз