ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА – ДАМУ КЕПІЛІ

Еліміздің қолданыстағы заңдылықтарына орай монополист мекемелердің өздеріне инвестициялық бағдарлама қабылдап, оны жүйелі жүзеге асыруы коммуналдық қызмет сапасын анағұрлым жақсартуға жол ашты. Бұл бағдарламаға қажетті қаражатқа тарифтік саясат арқылы тұтынушылар да үлес қосады. Сондықтан, жұмсалған қаржыны жұртшылықтың қадағалап отыруына да мүмкіндік туғызылған. Оның үстіне, коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындарға үнемі ұйымдастырылатын пресс-тур барысында жергілікті атқарушы және өкілетті органдар, құзырлы мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, журналистер атқарылған  іс барысымен танысып тұрады.

Сонымен, «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамында өткен жылдардың инвестициялық бағдарламасы бойынша не тындырылды? Қандай жұмыстар жасалды? Бұл жөнінде кәсіпорын басшысы Нұрадин ШАМШАТОВТАН сұраған едік.

 

– Нұрадин Шамшатұлы, тағы бір инвестициялық бағдарламаны мәреге жеткіздіңіздер. Алға қойған мақсат қандай еді?

– Жалпы, осындай инвестициялық бағдарламалардың қабылдануы күллі республикада, соның шінде Атырау облысында табиғи монополия субъектілерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына, көрсеткіштерінің көтерілуіне, олардың одан әрі дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Осындай қолдау нәтижесінде кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы да нығайды, қызмет көрсету сапасы да артты.

Бұрынғы жылдары, жасыратыны жоқ, қалалықтар жылу беру мекемесінің қызметіне үлкен реніш танытатын. Қолданысқа берілгеніне ондаған жыл өткен тұрбалар тесіліп, үйлерді емес, көшелерді «жылытқан» кезіміз де болды. Оларды дер кезінде ауыстыруға қаражат та, қажетті техника да жетіспеді. Жарық құбырлардан аққан су далаға кетіп жататын еді ғой. Көп жыл бұрын төселген темір тұрбалардың ішкі беті үгітіліп, әбден тат басқан-ды. 

Әсіресе, қаланың еуропалық бөлігі біраз қиындық көрді. Мұндағы соңғы жылдары пайдалануға берілген әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі болмады. Турасын айту керек, орталық көпір арқылы тартылған тұрба өзінің жылу өткізу қабілетін сонау 2005 жылы-ақ сарқыған-ды. Температуралық та, гидравликалық та талап сақталмайды. Сайып келгенде, «Нұрсая» ықшамауданында салын-ған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жеке жылу қазандықтарын орнатуға тура келді. Міне, осы проблема инвестициялық бағдарлама нәтижесінде ғана шешілді.

Кәсіпорын Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі «Табиғи монополиялар және реттелетін нарық туралы» Заңының 15-3 бабына сәйкес 2012-2014 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама қабылдаған-ды. Ол бірнеше мақсатты көздеді.

Алдымен, магистралды желілердің өткізу қабілетін арттыру арқылы гидравликалық режимді жақсарту, жаңа нысандарды қосу мүмкіндігін кеңейту, келешек сұранысқа сай қор жасақтау қажет болды. Қазір Жайықтың қос беті де құрылыс алаңдарына айналған. Бірнеше тұрғын үй тапсырылмақшы, әлеуметтік объектілер салынуда. Сайып келгенде, «Нұрсая» ықшамауданындағы нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарланған. Міне, соның бәріне дайын болуымыз шарт.

Одан әрі, энергетикалық қуаттарды үнемдеу керек. Таяудағы жылдарғы меже – нормативтен тыс шығындарды мүлдем болдырмау. Ол үшін құбыр қаптамасына озық технологияны кеңінен енгізіп жатырмыз. Қазір көбікті пенополиуретан материалы пайдаланылуда. Бұл – әлемдік тәжірибеде өзін ақтаған әдіс. Оның бұрынғы минералды мақтамен салыстырғанда физикалық-механикалық қасиеті де озық, қала кейпін де кетірмейді, қолданыста да ұзақ болады.

Сонымен қатар, моральдық және физикалық тұрғыдан тозығы жеткен жабдықтар, автокөліктер мен магистралды желілерді ауыстыру арқылы облыс орталығындағы тұтынушыларды жылу энергиясымен сенімді қамтамасыз еткен жөн. Бұған дейін біраз іс тындырылғанымен, әлі де атқаратын шаруа жеткілікті. Ескі жабдықтардың бірін алмастырып жатқанда, екіншілері тозады. Демек, бұл процесс тоқтаусыз жүреді.

Сондай-ақ, жылу жүйесіндегі диспетчерлік қызметті жетілдіру, орталық бекеттердің жұмыс режиміне бақылауды күшейту маңызды. Бүгінде басқарудың жетілдірілген тәсілдері бар. Ендеше, соны неге өндіріске енгізбеске?

Міне, 2012-2014 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама негізінен осындай міндеттерді көздеген-ді. Сол межеден шыққан секілдіміз. Тек өткен жылы ғана құны 214 млн. 200 мың теңгелік алты ауқымды шараны жүзеге асырдық. Бұл – аз табыс емес.

– Атқарылған жұмыстардың кейбіріне нақты тоқталып кетуге бола ма?

– Әрине. Мәселен, осы уақытта М3-М2а магистралды желісін байланыстыратын құбырларды ауыстыру керек еді. Қос тұрбалы олардың жалпы ұзындығы 3239,5 метр болатын. Соның 2012-2013 жылдары 2139,5 метрі алмастырылды. Қалғанын өткен жылы аяқтадық. Сөйтіп, 1100 метр желіні бұрынғы диаметрі 325 милиметрден 530-ға өсірдік. Құбырлардың тіректері жаңартылды.

Мұндағы басты мақсат – осы учаскенің өткізгіштік қабілетін арттыру және жылу желісіне түсетін салмақтың тең бөлінуін қамтамасыз ету. Нәтижесінде «Вокзал маңы» ықшамауданын қамту жақсаруы керек еді. Міне, осы міндеттер орындалды.

Инвестициялық бағдарлама аясында атқарылған тағы бір маңызды іс – орталық бекеттердегі 60 шақты ыстық су мен жылу тасымалдағыш сорғыларды жаңарту. Сонымен қатар, 16 есептеу құралы ауыстырылды. Диспетчерлік қадағалауды күшейту нәтижесінде құбырдың ақаулы жерін жедел анықтауға мүмкіндік туды. Автопарк жаңартылды, бірнеше арнаулы техника алынды. Әсіресе, өткен жылы қорымызға қосылған ГАЗ-3308 маркалы жылжымалы шеберхана жөндеу жұмыстарының әрі жедел, әрі сапалы жүргізілуіне көп септігін тигізуде.

Жоғарыда айтқанымдай, соңғы жылдары жылу құбырларының қаптамасына озық технология ретінде пенополиуретан қолданылып жүр. Оны біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып 1999 жылы енгіздік. Бұл әдіс өзін ақтады. Ал, өткен жылы осы мақсатқа инвестициялық бағдарлама аясында 22 тонна реагент алынды. Бұл ұзындығы 3418 және диаметрі 530 мм жылу құбырын қаптауға мүмкіндік берді. Демек, жылу энергиясының еш шығынсыз тұтынушыға жетуі жолында барлық шарасы жасалуда.

– Жылу есептегіш құралдарын орнатуда әлі де проблемалар жеткілікті секілді ғой…

– Елбасы энергетикалық қуаттардың шексіз еместігін, сондықтан оларды ұқыпты тұтыну қажеттігін айтты. Бүгінде жаһандық қауіп-қатердің бірі де – осы. Мәселен, ауыз суды орынсыз текке ағызуға болмайды ғой. Қазір дүние жүзіндегі шекаралас мемлекеттер арасында бір жұтым суға бола реніш туындап жатады.

Энергетикалық қуат да солай. Рас, оны өзімізден шығарамыз. Бірақ, соған қаншама күш жұмсалады? Бір гигакалория жылу энергиясының өзіндік құны қанша? Оны тек өнім дайындаушылар ғана біледі. Тұтынушы үшін үйінде ыстық су жүріп, жылу келіп тұрса бол-ғаны. Ал, осы коммуналдық қызметтің де төлемі бар емес пе? Соған келгенде қиналып жатамыз. Инвестициялық бағдарлама заңдылығына сай тарифті күрт көтермей, сатылап өсіру көзделген. Бұл да – халық үшін жасалып жатқан жайлы жағдай. Міне, жұртшылықтың соны ұғынғаны жөн еді. Сондықтан, көп қабатты үйлерде жылу есептегіш құралдарының болғаны дұрыс. Сайып келгенде, коммуналдық қызметті қаншалықты аз тұтынсаң, төлемін де соншалықты кем төлейсің. Сонда екі жаққа да тиімді емес пе? Тұрғындар нақты көрсетілген қызметке ғана ақы төлейді. Бізге де олардың реніші керек емес.

– Енді алдағы жоспар жөнінде бірер сөз…

– Сонымен, 2012-2014 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама мәреге жетті. Соның нәтижесінде ауқымды шаралар атқарылды. Бірақ, мұнымен барлық іс біткен жоқ. Жаңғырту жұмыстары жалғаса береді. Жұртшылықтың бізді дұрыс түсінгенін қалаймыз, мұның бәрі тұтынушылардың өздері үшін қажет. Сондықтан, бірлескен жұмыс қана нақты нәтиже береді. Ендігі мақсат – 2015-2017 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны да ойдағыдай орындау.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз