«ЕМБІМҰНАЙГАЗДЫҢ» ҚОНЫС ТОЙЫ

КЕШЕ БАЙЫРҒЫ КӘСІПОРЫННЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ

Кеше Атырауда ғасырдан астам тарихы бар Қазақтың «қара алтынын» өндірушілер үшін, соның ішінде отандық мұнай өндірісінің қара шаңырағы - Ембі мұнайшыларының өмірінде салтанатты сәт болды. Өңірдегі мұнай-газ өндіру басқармалары мен салалық ұйымдардың басын біріктіретін, кәсіпорынның кеңсесі заманауи үлгімен, соңғы технология жетістіктерін қолдана отырып тұрғызылған, өркениет талаптарына сай салынған жаңа, сәулетті де сәнді, жарық та жайлы ғимаратқа көшірілді.

Атырау қаласындағы Азаттық даңғылы мен Уәлиханов көшелерінің тоғысқан тұсынан қоныс тепкен жаңа ғимараттың тұсаукесер тойына сала ардагерлері, әр жылдары осы кәсіпорынды, елді  басқарған, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан аға буын өкілдері қонақ  ретінде шақырылды. Рәсімге Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, Корей Халық Демократиялық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Пэк Чу Хен, басқа да  ресми тұлғалар қатысты.

Салтанатты шарадағы алғашқы сөзді аймақ басшысы Бақтықожа  Салахатдинұлы алып, жиналғандарды құттықтады.

-Бірден айта кету керек, ел мұнайының тарихында, оның қалыптасу, даму сатысында Ембі мұнайшыларының алар орны айрықша. Бір кездері «Ембімұнай» өндірістік бірлестігі ретінде құрылып, кейіннен құрылымдық өзгерістерге байланысты атауын өзгерткен бүгінгі «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы осы жылдар ішінде өзіне жүктелген мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келеді. Осы кәсіпорыннан қазіргі «Ақтөбемұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз» компаниялары өз еншісін алып, дербес кәсіпорын ретінде шаңырақ көтерді. Оның үстіне, бұл мен үшін де ыстық ұя, қымбатты орта. Өйткені, дәл осыдан қырық үш жыл бұрын Башқұртстанның астанасы – Уфа қаласындағы мұнай институтын бітіріп келгесін сол кездегі «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің жолдамасымен Прорва мұнай кәсіпшілігінде  бұрғышының көмекшісі болып еңбек жолымды бастағанмын.

Қазіргі таңда бес мың жарым адамды жұмыспен қамтып отырған отандық компанияның өндірістік тапсырмалар мен жоспарларды асыра орындап, көш басынан көрініп келе жатқаны өз алдына, әлеуметтік саладағы табыстары да қомақты. Осылайша, тек өткен жылдың өзінде қабылданған әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына бағытталған қаражат көлемі 4,3 млрд.теңгені құраған. Бұдан бөлек, Атырау қаласы мен облыс бойынша ұйымдастырылатын  демеушілік және қайырымдылық шараларына 619,7 млн.теңге қаржы бөлінген. Осылардың бәрін ескере келе, аталмыш компанияның кеңсесі өзіміз көріп, куәсі болып тұрғандай осындай жайлы да сайлы орынға жайғасуға әбден лайықты және өте орынды деп есептеймін. Құрметті мұнайшылар, ардагер аға-апалар, бүгінгі қатарда жүрген ұжым мүшелері, жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, еңбектеріңізге табыс, өмірлеріңізге сәттілік тілеймін!

Облыс әкімінің осындай тілегін одан әрі рәсімге құрметті мейман ретінде қатысушы «ҚазМұнайГаз» ҰК басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев пен Корей елінің Қазақстандағы Елшісі Пэк Чу Хен жалғастырды. Құттықтау сөз кезегін еншілеген мәртебелі меймандар да алдымен ембілік мұнайшылардың ел экономикасына, оның игілігін молайтып, ырысын тасытуға қосып отырған қомақты үлестеріне ерекше тоқталды. Және дәл бүгінгідей тарихи оқиғаның, тағылымды мезеттің куәсі болғандарына қуанышты екендіктерін жасырмады. Бұл лекке құрылыс нысанын салушы бас мердігер мекеме – кореялық «Донгил Констракшн» компаниясының бас директоры Канг Джон Тэ, «Ембі-мұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Махамбет Досмұхамбетов, «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов қосылды.

Көптен күткен сәт те келіп жетті. Кәсіпорын басшылығына жаңа кеңсенің рәміздік кілтін салтанатты жағдайда табыстады. Қуаныш пен шаттыққа толы той төріне кезінде отандық компанияның қалыптасып, аяғынан тік тұрып кетуіне атсалысқан ардагер ағалар көтерілді. Олардың атынан атыраулық соғыс және еңбек ардагері, Атырау қаласының құрметті азаматы Айдын Айбаров ақсақалдық батасын беріп, жаңа орынның ғұмыры ұзақ болып, елдің игілігіне қызмет ете беруіне тілеулестігін білдірді. Қонақтардың қатысуымен зәулім ғимараттың алдына керілген көгілдір лента да кесіліп, қазақы дәстүрмен шашу шашылды. Кіреберістегі холда мерекеге жиналғандар пайдалануға берілген нысанмен таныстырылды. Ғимараттың құрылыс-монтаж жұмыстары 2013жылдың ақпан айында басталған. Аяқталу мерзімі 2014 жылдың желтоқсан айына белгіленгенін ескерсек, жоспарланған жұмыстың межелі мерзімінен бұрын әрі сапалы орындалып, іске қосылып отырғандығы аңғарылады.

Және бір мәлім болғаны, нысанның жобалау-сметалық құжаттамаларын дайындаған қазақстандық «Промстройпроект» ЖШС (Астана қаласы) болса, құрылысын жүргізген Оңтүстік Кореяның «Донгил Констракшн ЛТД» компаниясының филиалы екен. Нысанның жалпы көлемі 10219 шаршы метрді құрайды, төрт блоктан, ортасы сегіз, екі жаны алты қабаттан тұрады. Кеңсе үйіндегі қызмет орны 350 адамға есептелген. Бір мезгілде 70 адам тамақтанып, түстене алатын асхана, 100 кісіге шақталған мәжіліс пен 30 орындық семинар, сондай-ақ, 200 адамдық конференц залдары бар. Төменгі қабатта компанияның кен алаңдарындағы жерасты жөндеу жұмыстары мен өзге өндірістік процестердің барысын , автокөліктер мен арнаулы техникалардың қозғалысын, кеңсе ішіндегі іс-шаралардың, қызметкерлердің жүріс-тұрысын, тұтастай алғанда кәсіпорынның күнделікті тыныс-тіршілігін бір орталықтан бақылап отыратын, соңғы үлгідегі техникалық құралдармен жарақтандырылған арнаулы бөлме орналасқан. 

Осында, тұсаукесер рәсімінің қарсаңында шығарылған «Ембі: Кеше. Бүгін. Болашақ.» атты шежірелік кітап та жұртшылыққа таныстырылып, тұсауы кесілді. Оған қоса, мұнда кәсіпорын тарихын бейнелейтін және маңызды құжаттар сақталатын мұражай мен мұрағат та болады.

Салтанатқа қатысушылар осылардың бәрімен танысып, тамаша әсер алды, көтеріңкі көңіл-күйде қалды. Соңынан өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, мереке сәнін келтірді.

 

* * *

Бұдан кейін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев өңірімізде үдемелі индустриалды-инновациялық даму картасы шеңберіндегі жобаларды табысты жүзеге асырып келе жатқан отандық компаниялардың бірегейі «Жігермұнайсервис» ЖШС-нде болып, жаңашыл кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз