ЕЛ ЕСІНДЕГІ ЕСІМ

Владимир Викторович Гафнер – өмірінің басым бөлігін мұнай өңдеу саласына арнаған мұнайшы, білікті басшы. Ол 1986-1999 жылдары «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ директоры, президенті қызметтерін абыроймен атқарып, «Құрмет» орденінің, «Құрмет» белгісінің және «Астана» ескерткіш медалінің иегері атанды.

 

Еліміздің мұнай және газ қызметкерлері күні қарсаңында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС ұжымы үлкен игі істі қолға алып, Владимир Гафнер он жылдай мекен еткен облыс орталығындағы Ә.Шәріпов көшесінің №34«А» үйіне мемориалдық тақта орнатты. Салтанатты шараның ашылуына зауыттың басшылық құрамы, ардагерлері, қызметкерлері және т.б. қатысып, мұнай өңдеу саласында айтулы ісі мен ізі, өшпес есімі қалған Владимир Гафнерді еске алды. Ал, керілген лентаны зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Құсайын Орынбасаров, көлік цехының бастығы Артур Шатилов қиып, ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты.

– 1970 жылы Тюмень индустриалды институтын бітіріп, Гурьев мұнай өңдеу зауытына оператор болып жұмысқа қабылданған Владимир Викторович осы ұжымда 29 жыл бойы қызмет атқарды. Соның ішінде, он жыл бас инженер, он үш жыл бірінші басшы болды. Мемлекетіміздің ең ірі мекемесінің бірін басқара отырып, ел экономикасының көтерілуіне көп үлесін қосты. Одан тәлім алған мамандар қазір ТМД елдерінің түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда. Владимир Гафнер – барлық зауыттықтар үшін үлгі. Зауыт ұжымы ардагерлерін ешқашан ұмытпайды. Оларды ұлығылау мақсатында кітап басуды қолға алғалы отырмыз. Владимир Гафнердің есімі бұл жинаққа міндетті түрде енетін болады, – деді «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС директоры Қайрат Оразбаев.

В.В.Гафнер басшылықта болған жылдар қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Шаруашылық есептеудің жаңаша әдістері енгізіліп, елде инфляция орын алды, өндіріс деңгейі төмендеп, жаппай тұтынатын қажетті тауарлардың көзі азая бастады. Осындай қиын шақта бірінші басшы тығырықтан шығар жолды таба білді. Сонымен қатар, В.Гафнер шағын кәсіпкерлік нысандарын құру мәселелерін де басты назарға алып, нәтижесінде зауыттың оннан астам мердігер кәсіпорындары жұмыс жасаған. Директордың алдында сауда серіктестіктерін іздеу, жеткізушілерді табу, дайын өнімді сату, шикізат алу мәселелері тұрды.

Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу шарасы барысында сөз алған зауыт ардагерлері, В.Гафнермен жұмыстас, қызметтес болған достары Геннадий Яшков, Юрий Шкодин және тағы басқалары абзал азаматты ыстық ықыласпен еске алып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.

 Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз