БАЛА ТӘРБИЕСІ – БАСТЫ БАҒЫТ

Өңірімізде балаларды мектепке дейін дайындау орындарының жетіспеушілігі «Бизнестің жол картасы – 2020 бағдарламасы» нәтижесінде азайып келеді.  Аталмыш бағытта соңғы жылдары аймақта бірнеше мекемелер ашылды. Олардың барлығы – мемлекет тарапынан қолдауға ие болғандар немесе «Даму» қорының кепілдемесін алғандар.

Бастауыш сынып оқытушысы, білікті педагог, психолог, «Znamus» балалар клубының директоры Зейнеп Астраханцева да аталған қолдау арқылы несие алған кәсіпкерлердің бірі. Үш баланың анасы, өзінің еңбек тәжірибесінің көп бөлігін бала тәрбиесіне арнаған. Білім саласында тәжірибе жинақтаған Зейнеп жеке кәсіпкерлігін ашуға бел буады. Оның «Znamus» балалар клубы өз жұмысын 2012 жылы бастаған. Кәсіпкерлігін кеңейту мақсатында ол «Даму» қорына келеді. Кәсіпкерлерді қолдау орталығында толықтай мағлұмат алып, осы жылдың көктемінде «Жинақбанкінің» Атырау қаласындағы филиалына қаржыландыруға өтінім береді. Банк кәсіпкердің бастамасын мақұлдап, оқыту орнын сатып алуға және толықтай жөндеуге 27 600 000 теңге көлемінде несие береді. Бұл соманы Банк 14 пайыз мөлшерлемемен ұсынса, жартысын мемлекет субсидиялайды. Сонымен қатар, Зейнеп «Даму» қорының 50 пайыздық 13 800 000 теңге кепілдемесін алды. 

– Мен өзімді бұл уақытқа дейін үш жыл іштей дайындадым. Бұл өте оңай болып шықты. Қазір мен неге үш жыл күттім деп ойланам, одан ертерек те бастауға болатын еді. Барлық кәсіпкерлікпен айналысатын адамдарға, қазірден бастап мемлекет көмегіне жүгініңіздер деп айтқым келеді. Мен мемлекет тарапынан берілген 7 пайыздық субсидиялауды және «Даму» қорының кепілдемесін алғаныма өте ризамын, – дейді ол.

Биыл маусым айында Зейнеп тағы да «Жинақбанкінің» Атырау қаласындағы филиалына қаржыландыруға өтінім береді. Қаржыландыру сомасы 3 500 000 теңгені құрап, қаражат оқыту орталығын жөндеуге жұмсалды. Бұл жолы да кәсіпкер мемлекет тарапынан 7 пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды және 862 000 теңге көлемінде «Даму» қорының кепілдемесін алды.

Бүгінгі таңда, бұрынғы шағын ғана «Znamus» балалар клубы 30 білікті маманды жұмыспен қамтыған Атырау қаласында үш филиалға дейін кеңейді. Клуб төмендегідей демалыс және жұмыс күндері балаларды мектепке дейінгі дайындау, 4 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға ағылшын тілін оқыту, 3 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге шығармашылық үйірмесі, театралдық студия, логопед және психолог қызметтерін көрсетеді. Қазір «Znamus» балалар клубында 320-ға жуық бала тәрбиеленуде.                                                                                                                               А.ШАМАР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз