АУЫЛ КӘСІПКЕРІН КЕПІЛ ҚИНАЙДЫ

Ауылдағы кәсіпкерлер кепілдемеге қоятын мүлік жоқтығынан бизнес-жобаларын іске асыра алмай отыр. Бұл туралы облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының партиялық кураторы жанындағы «Шағын және орта бизнесті дамыту» бағытын сараптау комиссиясының отырысында мәселе көтерілді.

 

Жиында, сондай-ақ, облыстағы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. «Мемлекеттік бағдарламаның екінші деңгейдегі банк көмегімен жүзеге асырылуының нәтижесінде ауылдық кәсіпкерлердің көпшілігі кепілдемелік мүліктің жоқтығы салдарынан несие ала алмай отыр. Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қатысушыларының басым көпшілігі – бұл қалалық кәсіпкерлер» деп атап өтті Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева.

Мемлекеттік орган өкілінің айтуынша, үстіміздегі жылы бағдарлама шарттары жақсартылған. Атап айтқанда, кредиттер бойынша ішінара кепілдендіру жөнінен ісін бастаушы кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері 70-тен 85%-ға дейін көбейтілген. Сонымен бірге, ісін енді ғана бастаушы ауылдық кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау алуда ешқандай салалық шектеу жоқ. Соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен 657 млн. теңге бөлініп, 125 жоба жүзеге асырылған.

«Даму» қорының Атырау филиалының басшысы Әлия Өтепқалиева өз кезегінде екінші деңгейдегі банктердің барлығы бірдей қор кепілдігін ала бермейтінін, сондықтан да, кәсіпкерлік басқармасының ҚР Ұлттық экономика министрлігіне кепілдендіру шарттарын, оларды кеңейту жағын қайта қарауын сұрап хат жолдағанын айтады.

– Үстіміздегі жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Атырау облысына 1 млрд. 54 млн. теңге бөлінгенін атап өту керек. Соның ішінде субсидиялауға 998 млн. теңге, ішінара кепілдендіруге 46 млн. теңге және 10 млн. теңге грант беруге бөлінді, – дейді ол.

Жалпы, 2013 жылдан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Атырау облысында жалпы сомасы 34 млн. теңгеге 325 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 2800-ден астам жаңа жұмыс орны құрылған. Сараптау комиссиясының отырысында алдағы коммуналдық қызмет бағасының көтерілу мәселелері талқыланды. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі облыстық департамент басшысының орынбасары Әлсейіт Сабыров айтып өткендей, бүгінде барлық базалық монополистер келесі жылдан бастап тарифтерді көтеруге өтінімдер берген.

Партиялық куратор, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев қазір кәсіпкерлердің жағдайы онсыз да оңай емес екенін айтады. Әрине, коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауы оларды қуанта қоймайды. Сондықтан да, кәсіпкерлер палатасы коммуналдық қызмет бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу маңызды деп санағандықтан, қазір монополистердің инвестициялық бағдарламаларына объективті баға бере алатындай сарапшыларды іздестіруде.

Әсел ТҰЯҚБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз